14.12.2018, 10:55
Қараулар: 459
Шыңғырлауымды мақтан тұтамын

Шыңғырлауымды мақтан тұтамын

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласының ел болашағын айқындауда алатын орны ерекше. Аталмыш мақала аясында елімізде талай игі істер атқарылып, еліміз еңселі, жеріміз көркем екендігі дәлелденуде. Рухани жаңғыру бойынша өткенімізді жаңғыртып, ата-бабалардың  жүріп өткен жолдарымен олар айтып кеткен даналығын өскелең ұрпаққа жеткізу де осы аталмыш мақалада айтылғандай жер-жерде орындалуда. Ең бастысы рухани жаңғыру ұлттық сана — сезімнің көкжиегін кеңейту, өткеннің ғибратын алу болмақ. Ғасырдан — ғасырға жеткен ата-баба мұрасын болашаққа жеткізу. Осының бір дәлеліндей біздің ауданымызда ауыз толтырып айтарлықтай шаралар  оздырылып жатыр. Оның бәрін күнделікті өмірде көзбен көріп, қуанышты сәттерді бірге бөлісіп, ауданымыздың гүлденуіне біздер де атсалысудамыз. Ауданымыздағы әрбір жақсы жаңалық, жаңадан ашылған нысандар, жеткен жетістіктері біз үшін үлкен абырой. Осы жұмыстарға  ұйытқы болып, халықты біріктіріп отырған аудан басшысына, осы ауданды көркейтуге үлес қосқан әрбір қызметкер, жұмысшы болсын, тіпті тал мен гүл өсірушінің де еңбегі үшін алғысымыз шексіз.

Еліміздің әр азаматы өз үлестерін қосқанда ғана осындай  Мәңгілік елге айналатынымыз рас, сондықтан да әрдайым өркениет көшінің басында жүріп, аянбай қызмет ету парыз.

Ауданымыз жылдан-жылға көркейіп, өркендеп өсіп келеді. Өткен жылы ұстаздар қауымына арналып ескертіш орнатылса, биыл  Л.Қылышев және  А.Құнанбаев көшелері қиылысында  орналасқан, заман талабына сай абаттандырылған жаңа алаңда «Жеті керемет» монументі  бой түзеді. Жақында ғана жарияланған Елбасының «Ұлы даланның жеті қыры» мақаласындағы «Дала фольклорының антологиясы» және «Ұлы даланың ұлы есімдері»  айдарында айтылғандай  аудан орталығында  Асан Қайғы ескерткіші орын тепті. Бұның өзі  жастармызға үлгі-өнеге, тарихымызға деген құрмет. Себебі, халқының болашағын ойлап қамығып, малға жайлы, елге  құт  мекен барын ғайыптан болжап білген, Асан Қайғы бабамыз  желмаяға мініп, «Жерұйықты» іздегенде біздің Шыңғырлау жері туралы «Ай, Шыңғырлау, жылқының өзі өскен жоқ. Шыңғырлау, сен өсірдің» — деп үш айналып, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып: «Шыңғырлау өкпелер, аттың ерін ал, ат суарып, аунап қунап кетейік», — деп, баға беріп  кеткен құт мекен  екенін балалармыз білуі тиіс, ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы керек.

Бұл ескерткіш — Тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, өткенімізді қастерлеп, бүгінімізді ертеңге жалғайтын, қазақ елінің ертеңі мен болашағы үшін жауап беретін  жас  ұрпақты Отан сүйгіштікке, өз елінің тарихын білуге тәрбиелеп қана қоймай, олардың бойында  жалпы адамзаттық  құндылықтарды  қалыптастыруда маңызы  зор. Өскелең ұрпаққа тарихи сана мен ұлттық болмысын сіңіре отырып, әлемдік өркениет көшіне ілестіру аға буын өкілдерінің міндеті және парызы. Өйткені, Ел болашағы, ұлт болашағы жас   ұрпақтың қолында екені даусыз.  Мен  шырайлы  Шыңғырлау үшін мақтанамын!

Кітәбия Абдуғазиева,

зейнеткер ұстаз

 Шыңғырлау ауылының тұрғыны