14.12.2018, 10:06
Қараулар: 4
Жас жігіттің тартуы

Жас жігіттің тартуы

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында елімізде түрлі деңгейде жұмыстар атқарылғаны жалпақ жұртқа белгілі. Соның ішінде, қолы ашық жерлестеріміз жомарттық танытып, туған елінің дамуына, көркеюіне материалдық, рухани тұрғыдан зор үлес қосқаны бір төбе дер едім. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөзге сүйенсек, елдің ертеңін ойлаған азаматтар мен азаматшалардың ауызға алып, айта жүрер игі істері кенде емес. Осы кезге дейін жомарт жандардың араласуымен өлкемізде тарихи-рухани маңызы зор ескерткіштер орнатылып, ауыл атаулары жазылған маңдайшалар жаңартылып, елдің игілігіне көпір тұрғызылды, балдырғандарға арналған спорттық алаңдар, хоккей қораптары салынып, пайдалануға берілді. Осындай игі бастамалар әрі қарай жалғасын тауып, ұлағатты істер ұрпаққа ұласып жатқаны жан сүйсіндіреді. Олай дейтініміз, ауданымызға қарасты Ақтау ауылының тұрғыны жиырма жасар Аманер есімді жас жігіттің Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында өзінің туған ауылына жасаған тартуы талай жерлестерінің таңдайын қақтырып, көпшілікті қуанышқа бөлегені ақиқат. Жас та болса, талай іске бас болып жүрген Мұхамбеталиев Аманер Бауыржанұлы 550-ге жуық тұрғыны бар шағын ауыл орталығына өзінің жеке қаражаты есебінен «Менің жүрегім АҚТАУ» жазуын орнатқан болатын.

«Еліміздің түкпір-түкпірінде осындай мәтінде жазуы бар тақтайшалар орнатылып, сәнге айналғанын көріп жүрміз ғой. Енді, міне, біздің ауылда да осындай әсем дүниенің орнатылғандығына бек қуаныштымыз. Бұл да өз перзенттеріміздің туған жерге деген сүйіспеншілігі мен махаббатының дәлелі болса керек. Жалынды жастардың жағымды істері қоғам тарапынан қашан да қолдауға ие болады» деген пікірде ауыл тұрғындары.

Расында, жақсылықтың үлкен-кішісі жоқ. Ұлтыңа ұлтарақтай пайдаң тисе де ұлықтауға тұрарлық. Ал біз Аманердей ақылды азаматтардың қатары көбейіп, жақсы істер жалғасын таба береді деген ойдамыз.

Анар Сағи

Шңғырлау ауданы