29.11.2018, 18:07
Қараулар: 4
Президент күніне арналған марафон

Президент күніне арналған марафон

Қараша айының 29 — жұлдызында Шыңғырлауда еліміздің Тұңғыш Президенті күніне және  «Shyngyrlau Runners Club»  жүгіру  клубының ашылуына арналған, бес шақырымдық қашықтыққа көпшілік жартылай жүгіру марафоны ұйымдастырылды. Оған 100 — ге жуық шыңғырлаулықтар  ұйымшылдықпен  қатысып,  жерлестеріміздің спортқа деген қызығушылықтарының  жоғары екендігін тағы бір дәлелдеп берді. Аудандық мәдениет, тілдерді дамту денешынықтыру және спорт бөлімі, Шыңғырлау спорт клубының ұйымдастырған  жүгіру марафонына арналған салтанатты жиында  аудан әкімінің орынбасары Ержан Тұрмағамбетов құттықтау сөз сөйлеп,  спорт сүйер қауымға сәттілік тіледі.

Аязды күні  бір сағатқа созылған  марафонның көк лентасы қиылып, оны алғашқы болып үзген «жүзден жүйрік спортшы» — Ақтау ауылдық округінің жас өрені  Бекежан Нұрлыханға 50 000 теңге бас жүлде ұсынылса, екінші орынды  Ақбұлақ ауылдық округінен Мейірбан Мендалиев (30 000 теңге), ал үшінші орынды  Қылышев мектебінің оқушысы  Илья Киселев (20 000 теңге)  шымырлығы мен  төзімділігі арқасында жеңіп алды.

Марафонда үздік танылған спорт сүйер жастармен қоса осы жарыста ерекше ынта танытқан марафоншылар да  ескерусіз қалған жоқ. «Спортқа деген жігері үшін» Елдос Сатқанов, «Жасы үлкен спортшы» аталымымен Сағат Шагиров те  марапатқа ие болды. Ал әйелдер арасында көзге түскен Әсемгүл Рысқалиева спорттық медальмен марапатталды.

 Аталмыш шара шыңғырлаулықтардың спортқа деген құрметінің, салауатты өмір салтының беріктігін тағы бір паш еткендей болды. Осындай марафон бұдан әрі жалғасын табады.

Айсұлу Муса.