14.11.2018, 18:39
Қараулар: 399
Латын қарпіне ден қойдық

Латын қарпіне ден қойдық

 Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тарихи құжат деп білсек, ал осы құжатты  айтылғандай латын әліпбиіне көшу туралы нақты тапсырмалар беріліп, нық міндеттелгенін  де білеміз.  Осы орайда бір күнде еліміздің түкпір-түкпірінде  өткізілген  жалпыхалықтық диктант жазу акциясы  Шыңғырлау ауданында   айтарлықтай құлшыныспен  оздырылды.  Нақтырақ айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 ақпанындағы № 637 Жарлығына және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурызындағы № 27 өкімімен бекітілген « Қазақ тілі әдебиетін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең- кезеңмен көшіру жөніндегі  іс -шаралар жоспарына» сәйкес  республика бойынша өтіп жатқан шараға шыңғырлаулықтар да  белсене қатысты. Нәтижесінде,  3 мыңға жуық  шыңғырлаулықтың  латын әліпбиін қаншалықты  білетіндігі  зерделенді. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік қызмет көрсетушілер, оқушылар, студенттер,  кәсіпкерлер және  жеке тұлғалар да  болды.  Ал, диктант қорытындысына  4 арнайы маман-ұстаз  баға қойып, біліктілікті тексерді.

-Бұл  жалпыхалықтық диктант  жазудың мақсаты– латыннегізді қазақ тілі әліпбиінің, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері»  жобасының практикалық тұрғыда меңгерілуін жан-жақты қамту, нақтылай түсу, өзін-өзі бағалау , бейімделу. Сонымен қатар, елімізде тіл  саясатын  жүзеге асыру, латын негізді қазақ тілі әліпбиін меңгеруге қызығушылықты арттыру  болып табылмақ. Аталмыш шараға алдын ала дайындықтар жүргізілді. Әр мекеме, ұжымдар өздері жасақтаған тізім бойынша адамдарын қатыстырып,  толығымен жағдай жасалды, диктант бір күнде,бір мезетте жазылатындықтан әзірліктер ойдағыдай болды. Диктант мәтіні (80-90 сөз) аудиожазбалармен таратылып, ұзақтығы 30 минут болды.  Шарада, әсіресе,  мемлекеттік қызметкерлер тарапынан үлкен ұйымшылдық байқалып,  өз біліктіліктерін  көрсете білді.  Олардан  қалыспаған өзге де ұжымдар бұл шараның өз дәрежесінде өтуіне белсене ат салысты,- дейді  осы жұмысты ұйымдастырып отырған аудандық  мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Өмірбек Бекениязов.

Иә, енді міне, латын қарпімен де жаза бастадық,  іске сәт дейік, ағайын!

Айсұлу Муса.