8.11.2018, 18:52
Қараулар: 429
Мектеп туризмін дамытудамыз

Мектеп туризмін дамытудамыз

Елбасымыздың биылғы жылғы Жолдауының  бірінші бағытында — халық табысының өсуі үшін қолға алу қажет мәселенің бірі —  бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетімізді пайдалану үшін сырттан келетін және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігіне баса назар аударған болатын. Сонымен қатар, Жолдаудың алтыншы бағытындағы – «Әрбір Қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне ат салысуы» атты тақырыбында Елбасы «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керектігін басты назарға қойып, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға зор серпін беретіндігін айтып өтті.

Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында  Белогор негізгі орта білім беретін мектебінің туризм жетекшісі Б. Ғұсмановтың ұйымдастыруымен  «Күзгі бағдар — 2018» және «Тау туризмі техникасынан» аудандық біріншілігі өткізілді.

Жарыс кезеңдері өткізілетін аймақтар алдын ала жоспар негізінде даярланып, қауіпсіздік шарасына жете мән  берілді. Аудандық біріншілікке Ақсуат, Жаңатұрмыс, Полтава мектептерінің оқушылары келді. Ал, Белогор мектебінен 5-9 сынып  оқушылары түгелге жуық қатысты. Жарыс түске дейін бағдарлау бойынша, түстен кейін тау туризмі бойынша өткізілді. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуді мектебіміздің 9-сынып оқушыларының ата-аналары өз жауапкершілігіне алғандығын айта кеткен дұрыс.

Туризм шарасы барысында оқушылар «Күзгі бағдар» бойынша белгіленген аймақты  тез табу, маршруттық картамен жұмыстанып, уақытты тиімді пайдалануға машықтанды. «Тау туризмі» бойынша оқушылар бір жерден екінші жерге жетуде бір-біріне көмек беріп, кедергілерді жеңіп шықты.  Сонымен қатар жағдаяттық тапсырмалар беріліп, психологиялық және физикалық тұрғыда жұмыстанды. Түскі үзілісте барлық оқушылар спорт алаңында доп ойнап, асыр салды.

Нәтижесінде аудан біріншілігі сәтті өтті. Осы туристік жарысты ұйымдастыруға ат салысып, оқушы дамуына,  уақыттарын  қызықты өткізуіне себепші болған аудандық білім беру бөліміне, туризм орталығына, Белогор негізгі орта білім беретін мектебінің жауапты мамандарына алғыс білдіреміз.

Туризмнің қыр-сырын меңгеріп, өсіп келе жатқан жас буын, болашақта туристік орталықтарды дамытып,  үлкен жетістіктерге жетеді деп ойлаймыз.

Мадина Нияз,

Белогор НОББМ тәрбие ісі жөніндегі орынбасары