2.11.2018, 18:17
Қараулар: 3
Жаңа кітап таныстырылды

Жаңа кітап таныстырылды

  Ауданымыздың қақ ортасында орналасқан  тарихи-өлкетану музейіне көпшілік тек қана экспонаттар көріп, тамашалау  үшін ғана емес, мазмұны кең, түрлі деңгейдегі шараларға  да келіп,  жиі қатысып отырады.

Жақында  осы музейдің  төрінде  Орал қаласынан келген ерлі-зайыпты, ғылым докторлары, тарихшы және жазушы   Сайлау және Дәметкен Сүлейменовтердің шығармашылығына арналған көркем кеш ұйым-дастырылды.

Кездесу кешіне аудан мектептерінің   тарих  және география пәнінің  ұстаздары, қоғамдық бірлестік мүшелері,  аудан активі және  тұрғындар қатысты.   Бұған дейін тарихшы-жазушылар  аудан әкімі Альберт Есалиевтың қабылдауында болып, аудан тынысымен танысып, өздері туралы, еңбектері жөнінде айтып берді. Содан соң аудандық  тарихи-өлкетану музейіне келіп, осы  мекеменің бас маманы Қаршыға Елемесовтың жетекшілігімен  музейді аралап, мағлұматтарға қанықты.  Біздің музейдің есепсіз «байлығына» қызығып, ерекшеліктеріне сүйсінді.

«Салиқалы сұқбат сағаты» атты бұл кездесуді  аудан әкімінің орынбасары  Ғалымжан Бейсен ашып,  кездесудің басты  кейіпкерлерін таныстырып,  жақсы  тілектерін арнады.

Сұқбат сағатын  аудандық білім  беру бөлімінің әдіскері  Самат Байболат жүргізіп отырды.

Сайлау Сүлейменов   өздерінің еңбектері, қазақ хал-қының тарихы, оның ерекшеліктері, талай ашылмай,  ескерілмей,  танылмай жатқан ата-бабаларымыз және  еліміздің қайраткерлері жайлы сыр толғап,  тарих беттерін парақтады. Тарихшының  жақында ғана  жарық көрген «Жаһанша Досмұханбетов һәм Қазақ  автономиясы» атты  монографиялық  еңбегі  таныстырылды. Автор  кітап туралы егжей-тегжейлі баяндап, жиналғандар алдында   сұрақтарға да жауап берді.

Шырайлы кездесу соңында   ауылдық округ әкімі Ғұсман Жұмағазиев  бұдан біраз жыл бұрын өзі дәріс алған, тәлімгер болған  ұстаздарына ақжарма тілегін  білдіріп, сыйлық ұсынды.

 Айсұлу Амангелдіқызы