26.10.2018, 18:29
Қараулар: 384
Латын қарпі – заман талабы

Латын қарпі – заман талабы

Аудандық мәдениет үйінде оздырылған үлкен шара тіл мәселесіне, соның ішінде латын әліпбиіне көшу мәселесіне арналды.

Бүгінде көпшіліктің қолдауына түсіп, пікірлер мен ұсыныстардың негізіне айналған жиынға халық көп жиналды.

Жиынды аудан әкімі А. Есалиев кіріспе сөзбен ашып, маңызды мәселені дұрыс түсініп, әрі қарай сол бойынша жұмыстану қажеттігіне тоқталды. 2017 жылғы 26 қазан күні Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен қазақ жазуын латын графикасына көшіру туралы шешім қабылданды. 2018 жылдың 19 ақпанында Жарлыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын.

Ақпараттық, насихаттық жиынға ауылдық округ әкімдері, аудан мектеп директорлары, қазақ тілі мен әдебиеті, бастауыш сынып мұғалімдері, мәдениет қызметкерлері, колледж мұғалімдері қатынасты.

Жиында сөз алған Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің басшысы Г. Әлжанова маңызы зор мәселенің мән-жайына терең тоқталып, алдағы атқарылатын жұмыстар жөнінде хабардар етті. Латын графикасына өту арқылы болашақта елімізде қандай жетістіктер мен мүмкіндіктерге жол ашылатынын түсіндіре отырып, жерлестерімізді алдағы айда өтетін латынша диктант жазуға арналған республикалық шараға белсенді қатынасуға шақырды. Оралдан келген филология ғылымының доқторы Ғ.Хасановтың сөзін көпшілік тұшына тыңдады. Ғабит Қайыржанұлы латын әрпі ерекшеліктерін басқа тілдердегі графикамен салыстыра отырып әдемі баяндап берді. Латын графикасына өту заман талабы екенін халқымыздың өсу, өркендеу үрдісімен байланыстыра айтуы да әсерлі болды. Жиналғандар лектордың байыпты ойлары мен байсалды сөз саптауынан ерекше әсер алды.

Латын графикасына өту-кемелді келе-шекке жасалатын нақты қадамдардың бірі екеніне көпшіліктің көзі жетті деуге болады.

А. Танабайұлы