25.09.2018, 18:29
Қараулар: 122
Ел мұраты– рухани жаңғыру

Ел мұраты– рухани жаңғыру

Мемлекетіміздің басты байлығы – адам капиталы десек, оның негізгі ұлттық тірегі — руханият. Осы руханиятты ту еткен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы бағдарлар бүгінде жалпыхалықтық сипат алуымен құнды. Жүсіпбек Аймауытовтың осыдан бір ғасыр бұрын айтқан: «Қазақ күнелту жағының мәдениетінен мешеу қалса да, ақыл, қиял, сезім жағына, білім тілімен айтқанда, рух мәдениетіне кенде емес».

Мәңгілік Елдің мұраты – ұлттың интеллектуалдық әлеуетін көркейтуге қызмет етумен өлшенбек. Осы орайда ұлттық тарих пен руханиятты, халықтың даналық, ізгілік қағидаттары мен дәстүрді жаңғырту қоғамның басты мақсаттарының бірі. Ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үрдісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі. Біз дамыған алдыңғы қатарлы ел болу үшін тілімізді, дінімізді, рухани дәстүрімізді, мәдениетімізді дамытуымыз керек. Рухани жаңғырудың ең басты шарты ұлттық кодты сақтау болып табылады. Елбасы: ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды-деген болатын.Ұлттық кодты сақтау дегеніміз – санамызды көтеріп, ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан ұрпаққа мұра ету. Ұлттық болмысымыздың өзі ол ежелден келе жатқан салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, ұлттық құндылықтарымыз. Негізінде, ұлттық сана дегеніміздің өзі – мемле¬кеттік сана. Ұлттық-мемлекеттік сана бар жерде тіл, дәстүрлер, ұлы эпостар, тарих, ізгілік қағидаттары қорғалады, жоғары деңгейге көтеріледі. Сөйтіп, өркениетті елдердің санатында көрінуге тың серпін берері сөзсіз. Жоғары ұлттық сана ақылды, арлы, ғылым-білімге ынтық, сұлу мінезді майталман маман болуға құлшындырады. Елшілдікті, мемлекетшілдікті, ізгілікті құнттап, адал қызмет жасауды мұрат етеді. Бұл туралы дана Абай: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген болатын. Ендеше, ақылды да арлы ұрпағымыз елімізді одан әрі көркейтіп, 30 дамыған елдің қатарына болу үшін өз үлестерін қоса алады деген сенімдемін.
Г.Қуанаева,
Шыңғырлау ОКЖ директоры