24.09.2018, 18:09
Қараулар: 386
Аудан күні – айшықты мейрам

Аудан күні – айшықты мейрам

Өз тарихында ғасырлар тоғысынан өткен, өрлеу мен жетістіктерді әркез басты бағыты ұстанған ауданымыздың көп ұлтты халқы, достық пен бірлік, туысқандық және қоғамдық біртұтастықпен берекелі үйімізге арналған Шыңғырлау еліне биыл 90 жыл толып отыр.

Мейрам музейден басталды

Аудан күнінің 90 жылдық мерекеге орайластырылуы алыста-жақында жүрген жерлестердің бастары қосылуына игі әсер етті. Жаңадан ашылған музей директоры Тілеген Қалиев келушілерді қуана қарсылап ғимаратқа кіргізді. Аудан әкімі Альберт Есалиев бастаған жерлес-қонақтар музей залдарын аралай жүріп қызу әңгімелесіп, қуана жүздескеніне куә болдық. Музейдегі негізгі шара «Туған жерім-Шыңғырлау» атты деректі фильмнің түсаукесерімен басталды. Түсірілуі көңілден шыққан бейнефильмде ауданымыздың тарихы мен экономикалық даму үрдісі, батырлары мен билері, аңыздар мен бүгінгі күн әдемі суреттерімен біте қайнасып, тұтас бір салиқалы көрініс кешенін құрған. Сәнді Сарқырама, тарихы терең Торатбас, ақ шағылды Аққұм… бәрі-бәрі тізбектеле өтіп, әсемдік галереясын құрғандай елес береді.

Фильмді көріп болған соң жиналғандарға «Шыңғырлау» атты аудан өміріне арналған кітаптың таныстырылымы ұсынылды. Аудан тарихының жанашыры Қуаныш Есенов кітаптың әр бөлімдеріне тоқталып, әр тараудың мазмұны мен мәнін шебер саралап берді.

Аудан өмірімен танысқан, кешегі күні мен бүгінгі тынысына қанған көпшілік алдында аудан басшысы сөз сөйледі: «Біз фильм мен кітапты жасақтау арқылы өткен өмірімізге құрметпен қарап, келешекке сенімді қадам басуды мақсат еттік. Ауданымыздың жарқын болашағы үшін қос туындының әсері құнды болатынына сенімдіміз»,-деді Альберт Темірболатұлы. Музей қонақтары атынан Орал қаласынан келген Амангелді Баянов сөз сөйлеп, ризашылық сезімін білдірді.

Облыс орталығынан келген қонақтар (А.Ақмұрзин, С. Даулетжанов, С. Имашев, Т. Имашев, М. Кубеков, Е. Төлегенов, М. Оразғалиев, Е. Шатинов) музейге теледидар тарту етті.

Мерекенің екінші жартысы ипподром аумағында жалғасын тауып, аудан әкімі  Альберт Темірболатұлы жерлестерімізді айтулы күнмен құттықтап, осындай мереке қарсаңында өз еңбектерінің озаты болып, жылдар бойы ауданымыздың өрлеуі мен өсуіне үлестерін қосып жүрген, әр түрлі бағытта жетістікке жеткен жерлестерімізді арнайы номинациялармен марапаттады. Сонымен қатар, көршілес  Ресей елі мен облысымыздың көршілес  Хобда, Тасқала, Қаратөбе аудандарының  делегациялары келіп қуанышқа ортақтасып, мерекемен құттықтады. Мерекелік шара одан әрмен концерттік бағдарламаға ұласты. Концерт шымылдығы  аудан өнерпаздары мен саз мектебінен құралған оркестрдің орындауында Құрманғазының  «Балбырауын» күйімен ашылып,  өнерпаздар әсем әннен шашу шашты. Аудан мерекесіне келген қонақтар аламан бәйге-ат жарыс, қазақша күрес, қыз қуу, жерден теңге ілу, аударыспақ сияқты ұлттық  спорттық  ойын  түрлерін тамашалады. Жағалай ауыл іргесіне тігілген ақ шаңқан киіз үйде әр округтерден шақырылған қонақтар, ауылдың сыйлы үлкендері мен еңбек ардагерлері қонақ етілді.

Мерекенің көркін қыздырған дала қызықтары

Әйгілі Асан Қайғы бабамыз: «Шөбің шүйгін, суың бал, Шыңғырлау,Жылқының өзі өспеген екен, өсірген Шыңғырлау сен екенсің»,-деп бағалаған екен.

Жылқы десе, ішкен асын жерге қоятын жерлестеріміз бәйгені асыға күтті. Биылғы бәйгенің өз ерекшелігі де болды. Тай жарыс, топ бәйге, аламан бәйге болып бөлінген тұлпарлар сайысы аудан күнінің айшықты сәні деуге болады.

Ертең-батыр, бүгін-бала,

Атқа мінген түрін қара.

Бас қамшыңды айналайын,

Дөңгеленсін дүбір-дала!

Бәйге алдымен тай жарысмен басталды. Бәйгенің ұзақтығы 6 шақырым. Ақтөбеден, Ресейден, облысымыздың басқа да аудандарынан келген сәйгүліктер жарыс жолына шықты. Екі айналымда зуылдап өткен жүйріктер арасынан ақтөбелік Нұрлыбек Балымбеттің  «Дастархан» есімді тайы бірінші келсе, «Жалау» есімді тайы екінші орынға шықты. Үшінші жүлде жалпақталдық Нұрболат Әдиетовтің «Дагестанскийына» бұйырды.

Бәйге әрі қарай жалғасып «Топ бәйгесіне» кезек келді. Жарыс қыза түсті. Тықыршып белгі күткен сәйгүліктер жарысқа дайын. 12 шақырым. 4 айналым. Басында біріге шыққан аттар 2 айналымнан соң бөліне бастады. Соңғы айналымда 13 аттың 3 алдыңғы лектен озық көрінді. Алма-кезек алға ұмтылған арғымақтардың арасынан бірінші болып сырымдық Мұқтар Шөлеровтың «Падишасы» келді. Екінші, үшінші орындар бөрлілік Нұрболат Жиреншиевтің «Қарагері» мен қаратөбелік Кәдірберген Исақұловтың «Барбарасына» бұйырды. Халық күткен 24 шақырымдық аламан бәйгеге 12 жылқы жіберілді.

Тай жарысына бас демеушілік жасаған «Бауырым» шаруа қожалығының басшысы Әділбек Алмағамбетов І орынға ірі қара малын тіксе, топ бәйгеге ақтаулық «Жәнібек» ШҚ басшысы Тыныштық Иманғалиев жылқы атаған болатын. Ал, аламан бәйгенің жүлдесін «Жарас» ШҚ басшысы Мирболат Тасмағанбетов белгіледі. 1 миллион теңге бірінші орынға, үш жүз мың екінші, жүз елу мың үшінші орындар үшін белгіленді.

Алман бәйге соңғы кезде жақсы дамып келе жатқан ат спортының өркендеуін дәлелдегендей болады. 12 сәйгүлік 8 айналымның соңына дейін жарыс көрігін қыздырды. Бас жүлдені шыңғырлаулық Талғат Бисенбаевтың «Қызыл жұлдыз» атты сәйгүлігі иеленді. Жарыстың басынан-ақ алдыңғы топта болған Елдар мінген тұлпар мәре сызығын жеке қиды. Екінші орынды ақтөбелік Серік Қосжановтың «Нұрқасқасы», үшінші орынды атыраулық Нұралы Жексеновтің «Ағатайы» иеленді.

Мерекедегі ат бәйгесі көпшіліктің көңіліннен шықты. Аудандық ауыл шаруашылық құрылымы қызметкерлері жарысты шебер ұйымдастыра білді.

Аталмыш мерейтойда спорттың ерекше бір түрлері қошақан және қой көтеру болды. Спорттың бұл түрлеріне жігіттің ептілігі, күш – қайраты аса қажет. Жарыста ортаға 35 келілік қой әкелініп, жүлдеге тігілді. Кішігірім тайыншадай болатын қойды кімде-кім мойнына салып алып, ең көп отырып, тұрса, жүлде соныкі. Қайраты мен қажыры сай жігіттер жарысты қыздырды. Ортаға шығып қой мен қошақанды иықтарына салып көтерген жігіттердің қатары көбейген сайын да жарыс қыза түсті. Қызықты да тартысты болған жарыста қой көтеруден Алмаздық С.Жантуринов 158 рет, ал қошақан көтеруде 14 жасар С.Жасқайратов (Ақшат) 80 рет көтеріп, өз табандылығымен көзге түсіп «жүлдегер» деп танылып, қой мен қошақанды қанжығаларына байлады.

Мерейлі мерекенің сәнін келтірген ұлттық ойындарымыздың бір түрі қазақ күресі болды. Қазақтың ешбір ұлы тойы мен мерейлі мерекесі онсыз өтпеген. Бұл жарысқа Ақтөбе, Бөрлі, Шыңғырлау ауданының балуандары қатысып, бақ сынасты. Қажымұқан аталарының жолын қуған  балуандардың белдесуінде жауырыны жерге тимей, «Түйе балуан» атағын және жүлдеге тігілген түйе малын ақтөбелік Д.Темірханов, II орын және 50 мыңдық  сертификатты Ш.Шоқпытов (Ақтөбе),  III орынды және 30 мындық сертификатты  О.Сулейменов (Алмаз) иеленді.

Көкпар десе, қаны қызған қазақ емеспіз бе? Ер жігіттің ат құлағында ойнайтын шеберлігі, ептілігі мен күш-қайраты сыналатын ойынға тақымды, білекті әрі жүректі жігіттер қатысты. Қайсар рухты ойыншылар көкпар десе делебесі қозатын көрерменге тартысты ойын сыйлады. Ойын нәтижесінде I орынды Зеленов ауданы, II орынды ұлттық спорт командасы (Орал), III орынды Шыңғырлау ауданы еншіледі. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Рас, қазақ қыраннан қырағылықты, тұлпардан тектілікті бойына сіңірген халық. Ендеше, ендігі парыз келешек ұрпаққа оны аманат ету.

Саябақтағы әсем әуен

Мерейтой аудан халқы көптеп жиналатын көрікті де әсем жерлердің біріне айналған демалыс саябағында өз жалғасын тапты. Мерейлі тойымызға кіндік қаны тамған, туған жерге деген перзенттік парызын арқалап «Туған жерге тағзым» етуге Шыңғырлау ауданынан түлеп ұшқан өнер иелері келді. Алдымен Халықтық «Торыатбасы әуендері» фольклорлық ансамблінің орындауындағы Абайдың «Торы жорғасы» ойналып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер Университетінің домбыра кафедрасының ұстазы, профессор Орынбай Дүйсенов әсем күймен жалғады. Сонымен қатар Сахнада 40 жыл тарихы бар,1979 жылы Кеңес Одағының астанасы Мәскеуде,Съездер Сарайында өнер көрсеткен, І-ші Бүкілодақтық байқаудың лауреаты, Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінің «Арай» вокалды – аспаптар ансамблінің алғашқы құрамы, ақын-композитор Қайрат Темірғали, Мырзағұл Алмағамбетов, Бибігүл Берекетова, Дархан Кұлбабаев, Абдуллиев Берікке де халық ыстық ықыласын көрсетті. Мерейтойымызға арнайы Астана қаласынан «Өрлеу» тобымен қазіргі таңда жастардың сүйіп тыңдайтын тобының бірі «DD RECORDS» орталығы, хитке айналған «Самая вышка» әнінің орындаушылары Райм мен Артур келіп өз өнерлерін көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленді.

Шыңғырлаулықтар мен аудан қонақтары үшін өткен мерекелік кештің  отшашуы түнгі аспанды түрлі түсті сәулеге толтырды.

  Дағдылы игі дәстүріміз ұдайы лайықты жалғасын табуға жазсын. Әр күніміз толымды табысымен, жағымды жаңалығымен даралана берсін.

 

Әлия НҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ