19.09.2018, 18:49
Қараулар: 106
Музей қоры толыға түсуде

Музей қоры толыға түсуде

Ел-қазына ғой. «Көп түкірсе-көл» болатыны секілді, аудан тұрғындарының, әсі-ресе, аға буын- ата-әжелеріміздің атсалысуы арқасында аудандық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі көркейіп, қоры жаңа жәдігерлермен толығуда.
Аудан тұрғыны, бүгінде 82 жастағы әзіз анамыз Орынша Рысқалиева мүзей қорына өз отбасының құнды дүниелерінен саналатын жылы шапан, тон және етікші құралдарын тарту етті.
Кейуананың айтуынша шапан мен тон қосағы Ермекәлі Рысқалиевтың киген киімдері екен. Шапан ертеректегі қаракөк түсті шұғадан, ішіне мақта салып тігілген екен. Астары шыт матамен әдіптеліпті. Жалпы, шапан, шекпеннің көптеген түрі мәуіті, шұға, шибарқыт, барқыт сынды қалың маталардан тігілген екен. Ал, тон кәдуілгі қой терісінен тігілген, мол пішілген қазақы тон. Кешегі Кеңес үкіметінің өнімі.
Ал, аяқ киімнің үлгісін келтіретін ағаш табандар Орынша әженің қайынатасы Рысқали Сарыұлының қолданған заттары екен. Ол кісі заманында дүкенші, қойма меңгерушісі қызметтерін атқарыпты. Қолының бос уақытында етік тігумен айналысады екен. Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер қария 63 жасында дүниеден озған. Отбасында қалған естеліктер осындай.
«Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» дейді қазақ. Етікшілік аса шеберлік пен тиянақтылықты және тым еңбекқорлықты қажет ететін кәсіп екенін ескерсек, Шыңғырлау өңірінде қолының місекері (икемі) бар жандар аз болмағандығын байқаймыз.
Осылайша,  күн санап толыға түсуде. Рухани жаңғыруымызға септес бұл игі істен қалыс қалмаймын деген жерлестерімізді қуана қарсы аламыз.

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ