14.09.2018, 18:35
Қараулар: 129
Адал еңбектің жемісі тәтті

Адал еңбектің жемісі тәтті

Ауданымыздың 90 жылдық мерекесіне орай осы ауданның экономикасына және оның дамуына еңбек етіп, өз үлестерін қосқан адамдар туралы үнемі газет бетінде жазып жүрміз. Сондай үлгілі аға-аталардың бірі Ашқат Ешмұханов. Кішкене бойлы, жасы 80 алқым-даған қарияның іші толған шежіре. Ауданымыздың әр саласында еңбек етіп, ақ адал ас ішіп, тірнектеп жүріп үй салып, бала өсіріп, жұрт қатарлы өмір сүруге тырысқаны өз алдына өнеге. Сонау аумалы-төкпелі заманда барлық жұртпен бірге көрген қиындықтарын айтпағанның өзінде, тағдырдың берген сыйы да, қиындығы да бір басына жетерлік.
Сыйы дейтініміз — асыл жары, үрім — бұтағы, балалары болса, басқа салған қиындығы-жұбайы Жібектің 9 жыл бойы төсекке таңылып барып өмірден өткені. Балаларды жеткізем деген мақсаты оны алға сүйреп, ынталандырып, ал еңбегі жерлестері мен ұрпағының алдында абыройға бөленуге мүмкіндік берді.
Ашхат атаның әңгімесі өте әсерлі. Себебі, қолы тисе кітап, газет оқығанды әдет қылған. Сөйлесе мәнерлеп, қазақтың жалпақ тілімен, көбіне кітап сөзімен айтады екен. Денсаулығы сыр бергелі кітап оқуды қойыпты, бірақ қарияның жылдар бойы оқыған — тоқығаны оның көзі ашық, жан-жақты екендігін айтқан әңгіме кезінде «білдіріп қояды». «Қобланды батыр» және «Алпамыс» жыр — эпостарын кәдімгі мүдірместен жатқа айтады. Саясаттан да хабары мол.
Ата-бабасы сонау Атырау жерінен кәмпеске кезінде көшіп келіп, осы Жаңакүш аулына қоныс тепкен екен.Ол кездің қиындығы сол-өздері аш-жалаңаш жүрген ауыл тұрғында-рына Кеңестік соқыр саясат бір жағынан соққы болып тиеді. Елдің қауіпсіздігі деген желеумен ауыл адамдарын кей — кейде «үндеместер» келіп алып кете береді екен. Әкесі Ешмұханды да «дизиртир» деген желеумен түрмеге бірнеше рет қамап тастайды.
Ашқат қария 15 жыл бойы малшы болып еңбек еткен. Жаңакүштің Саға деген жерінде үш отар қой алып, совхоздың ақ қойын еш шығынсыз бағып, етке тапсырып отырыпты. Малды да малдың жағдайын білетіндей адам бағар, жыл сайын жақсы көрсеткіштерге қолы жетіп, басшылықтың алғысын алып жүрген. Бертін келе тұрған ауылы Жаңакүш мал бордақылау комплексі болып қайтадан құрылады. Ферма — ферма ірі қара, қора-қора қой шығарғанда дала төсін жауып кететіндей көп болған. Жаңакүштіктер бордақылаған ірі қара малы тікелей Мәскеудің сұранысына ие болған. Ауыл халқы да сол совхоз кезінде, жағдайлары түзеліп, біртіндеп кем-кетіктерін жөндеп, тіпті үй сала бастаған. Жаңакүш осылай үлкен ауыл болып көбейген. Жаңакүштің аудан экономикасына қосқан үлесі анағұрлым екені рас. Ауыл шаруашылық шикізатын өндіру партияның тапсырысымен жасалып, әсіресе ет, жүн, сүт ауданға, одан әрі облысқа жөнелтіліп тұрған. Осының бәрінде де Ашқат қариядай еңбеқор адамдардың үлесі бар десек артық айтқандық емес. Оған малды жақсы білесің ғой деп өзге малшының да малын әкеліп тастайды екен. Себебі, малды еш шығынсыз бағып, ақ-адал еңбектенеді. Осы еңбегін бағалап, басшылық ай сайын сыйақы беріп тұрыпты. Ол шиттей он баланы өсіріп-өндіруге жетіп тұрыпты. «Аққа Құдай жақ» дегендей бірде малшысы дұрыс қарамаған бір табын ірі қараны қосымша бағуға береді. Соның ішінде бір баспақ көтерем болған соң үйіне әкеп бөлек бағып, аяғынан тұрғызып алады. Бір күні облыстан тексеру келіп, сіз қоғам малына қол сұқтыңыз деген желеумен жауап алады. Түсіндіргеннен соң, әрі өз көзімен жағдайды білгеннен кейін, оның еңбекқорлығына, ақтығына көзі жетіп, отбасында он төрт адам екенсіңдер, қалай күнелтіп отырсыздар, совхоздың тағы екі басын алып, үйге бағыңыз, әрі балаларға сүт-айран болсын,-деп тексеруші облысқа кері кетеді. Бір жылдары Ашқат ата шикізат тапсыру пунктінде қабылдаушы болып, содан соң ұста, көрік басатын «кузнец» болыпты. «Совхозда қандай жұмыс бар, шақырса бара беретінмін, кейде екі-үш жұмысты қатар алып жүретінмін»,-дейді еске алып. Бертін келе құрылысшы болып еңбек етеді. Ара-арасында мекемеде комендант ал күндіз қырманда меңгеруші болады. Өткен жылдарды есіне алған ол: «Қырманға ағылып келіп, астық аударған машиналар, таудай — таудай үйілген ақ бидай өңірдің сәнін кіргізіп, қайнаған еңбекпен еңбекқор адамдардың ұйымшылдығының бір көрінісін суреттейтін»,-дейді. Иық тіресе жұмыс істеген замандастары Шорай Әлжанов, Амангелді Сарғожиев, Әйтекен Ибрашевтер сол тұста қызу еңбектің бел ортасында бірге жүріпті. Ашқат атаның ұрпағы да осы Жаңакүштен нәр алып, қазіргі таңда жан-жақта, әрбіреуі өз напақасын тауып, еңбек етіп,үйлі-баранды, ұл-қыз өсіруде.
Ұлдарының бірі инженер, бірі құрылыста, енді бірі мекемеде қызмет етсе, кіші ұлы Мұхамбет бәрінен де ұзап, алысқа қанат сермепті. Сырлы әуенімен ән салып, республикаға танылған «Яссауи» тобының әншісі, қазір консерватория бітіріп, енді Алматыдағы ұлттық оркестрде директордыі орынбасары жұмыс істеуде.
Ашқат ата қызы Гүлсараның қамқорлығымен мамыражай қарт-тықтың шуақты күндерін өткеруде. Үйіне жиі келетін ұлдары-келіндері, қыз-күйеубалалары және немере, шөберелеріне құшағын айқара ашып, риза болып отырады. Тарихы тоқсан жылға толатын Шыңғырлау өлкесінің барлық өткені көз алдында, әрі оның құрылуына өзінің де аз да болса еңбегі барлығына қуанады. Әрбір жарқын істеріне сүйсініп отырады.

Айсұлу Арыстанова

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар