14.09.2018, 18:26
Қараулар: 147
Қос орденді қария

Қос орденді қария

Әр отбасындағы естелік, көнеден қалған тарихи жәдігерлер мен бабалар мұрасы осы рухани жаңғырудың қозғаушы күші. Болашақ үшін орасан маңызы бар бұл көштің ауқымды міндеті аудандық тарихи-өлкетану музейіне де бірден-бір қатысты.

Тағы бір ерлігі естен өшпеуге тиісті жерлесіміздің ерлік жолы туралы азғантай болса да нақты құжаттармен негізделген маңызды естеліктер қолымызға тиді. Бұл құжаттар Ащысай ауылында туып-өскен, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Айжарықов Рысқали Бөпежанұлы туралы екен.
Ауыр соғыстың ардагері туралы таратып айтар болсақ, Рысқали Бөпежанұлы 1917 жылы 10 мамырда Ащысай ауылында дүниеге келген. Руы- Табынның Жиенбеті.
Пролетариат үкіметі билік басына келіп, «ақтар» мен «қызылдар» итжығыс түсіп жатырған алмасуан уақытты бастан өткерген жас азамат өсе келе темірдің тілін біліп, механик мамандығын меңгерген. Осылайша жас, шебер жігітті жұмыс бабымен Жымпиты ауданына механик етіп жолдайды. Осы жақта орнығып, қайнаған еңбекке араласады, отау құрып, Мақпал есімді әжемізбен бас қосыпты. Қайраулы қылыш, оқтаулы мылтық болған 42-нің күзінде, «жараған аттай» 25 жасында Рысқали Айжарықов осы Жымпиты ауданынан майданға аттанады. Техниканы ұршықтай үйірген жас жігіттің әскерде түскен жері де Батыс және ІІ Белорус майданының Суворов және Богдан Хмельницкий орденді, Қызыл Тулы 45-ші Гусятин гвардиялық танк бригадасы болады. Бұл жерде СУ зенитті-пулеметті ротаның механик-жүргізушісі болған Рысқали Бөпежанұлы ұрыс даласында талай ерліктер көрсеткен. Соғыстың өн бойында 3 мәрте ауыр жарақат алған. Ұрпақтарының ізденуі арқасында Украина майданы әскери мұрағаттарынан алынған құжаттарда былай дейді:
« 1 Укр.фронт. Секретно экз.№2. Приказ №022/н по 45-й Гвардейской танковой Гусятинской Краснознаменный орденов Суворова и Богдана Хмельницого бригады, 1 ноября 1944 года. Дей-ствующая армия. /по награждению/ (1 Укр. Майданы. Құпия. 2экз.№ 2 Суворов және Богдан Хмельницкий орденді, Қызыл Тулы 45-ші Гусятин гвардиялық танк бригадасы № 022/Н бұйрығы. 1 қараша, 1944 жыл. Іс-қимылдағы әскер /марапаттау бойынша/)
«…От имени президиума Верховного Совета Союза ССР, за образцовое выполнение боевых заданий командования на фронте борьбы с немецкими захватчиками и проявленное при этом доблесть и мужество награждаю: «Медалью «За боевые заслуги» Гв.старшего сержанта Айжарикова Раскали, механика-водителя СУ Зенитно-пулеметной роты 45 Гв.танковой бригады.» делінген.
Осындай марапаттау парақшасының тағы бірінде: «Приказ №012/н по 45 Гвардейской танковой Гусятинской Краснознаменный орденов: Суворова и Богдана Хмельницого бригады. 1 мая 1945 года. Действующая армия /по награждению личного состава/:
…От имени президиума Верховного Совета Союза ССР, за образцовое выполнение боевых заданий командования на фронте борьбы с немецкими захватчиками и проявленное при этом доблесть и мужество награждаю: орденом «Красная Звезда» Гвардии ст.сержант Айжариков Роскали, механика-водителя СУ Зенитно-пулеметной роты 45 Гв.танковой бригады.»деп жазылған екен.
Марапатталудың мәнісін түсіндіре өткен қосымша бетте 1945 жылдың 15 сәуірінде ұрыс іс-қимылдары кезінде гвардия аға сержанты Рысқали Айжарықовтың зенитті көлігіне жау оғын тигізбей, жүйткіте жүріп, әуеден аса қауіп төндірген жаудың «Мессершмидт-109» және «Фоке-Вульф» деп аталатын екі жойғыш ұшақтарын атып түсіргендігі туралы баяндалады. Осынау ерлігі, ұрыс кезіндегі әбжілдігі, шеберлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.
Ержүрек жауынгер фашистік басқыншы-ларды өз апанында тұншықтырып, Берлинге дейін барған. Барлық майдан далаларынан жеңіліс тапқан қанқұйлы жаудың желкесі сол өз ұясында қиылып еді. Елге жеңіспен оралған гвардия аға сержанты Рысқали Бөпежанұлы Айжарықов кеудесіне ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденін және тағып қайтты.
Қос орденді азамат елге аман оралып, отбасына қауышты. Мақпал анамызбен бірге 11 бала тәрбиелеп, өсірді. Соғыстан кейін Шыңғырлау ауданына оралған Рысқали Айжарықов бүгінгі Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Ақбұлақ (Тасмола) ауылында өмір сүрді. Қаһарлы жылдардан кейінгі елдің еңсесін көтеру жолындағы қайнаған еңбектің қақ ортасында жүрген Рысқали атамыз гараж меңгерушісі, қауіпсіздік техникасы инженері болып қызметтер атқарған.
Ерлік те, еңбеккерлік те бір бойынан табылған тау тұлға әке туралы естелік құжат-тар, суреттерді аудандық тарихи-өлкетану музейіне қызы, Ақбұлақ ауылының тұрғыны Құрманғалиева Гүлжан Рысқалиқызы арнайы әкеп тапсырған болатын. Перзент парызы әке есімін өшірмеу десек, бұл аманатқа адалдық танытқан жанға, әрине, алғыс мол.
Рысқали ата мен Мақпал әжеден тараған ұрпақтар бүгінде әр ауыл болып, өсіп, өркендеп кетті. 11 баладан 55 немере-шөбере көрген қазына қарттардың есімдері ел жадынан еш өшпеуі керек. Әр отбасының үлкені- үлгі, қарты- қазына, ал, өткені- тарих. «Рухани жаңғыру» атты маңызды іс-шара осындай бағалы тағлымды тарих бетіне тізу, жаңғырту, ұрпаққа үлгі етуді көздейді.

Қаршыға Елемесов
Суретті түсірген: Б.Баймағамбетова