28.08.2018, 18:54
Қараулар: 2
Жаңа міндеттерді межеледі

Жаңа міндеттерді межеледі

Үстіміздегі жылғы аудандық білім беру бөлімінің тамыз кеңесі «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбы аясында өтті. Тамыз кеңесіне ауылдық округ әкімдері, аудандық мекеме, кәсіпорын басшылары, аудандық білім мекемелерінің қызметкерлері, ардагер ұстаздар, ата-аналар мен еңбек жолдарын бастағалы отырған жас мамандар қатысты.

Білім саласы қызметкерлерінің басты жиынында осы саланың басшысы Абзал Сапаров әріптестерін шын көңілден құттықтады.
Салтанатты шараға жиналғандар алдында аудан әкімі А.Есалиев сөз алып басталмақ жаңа оқу жылымен құттықтап, білім саласы қызмектерлері алдында тұрған межеленген мақсаттар мен басшылыққа алатын міндеттер туралы айтып, сала қызметкерлерін құттықтап, барша қатысушыларға тек табыс, ізденіс, шәкірттерінің ыстық ықыласын тіледі. Облыстық білім басқармасының өкілі Ж. Бекжанованың сөзі де осы құттықтауларды толықтыра түсті.
Жиында «Жаңартылған білім беру жағдайында әдістемелік сүйемелдеуді ұйымдастыру туралы» тақырыбымен білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі М.Сакиева, «Оқу мен оқытудағы сандық технологияларды қолдану мүмкіндіктері» туралы әдіскер Д.Оқанов, «Көптілділік – білім берудің жаңа сатысы» атауымен әдіскер Ә.Мұсаева, «Мектеп оқушысының кітап оқу іс-әрекеті» жөнінде әдіс-кер Ә. Жаналиева өз ойларын ортаға салды.
Тамыз кеңесі барысында жас ұрпақты тәрбиелеу жолында өзіндік ізденісімен көзге түскен «Болашақ» балабақшасының меңгерушісі Б.Қияқбаеваға «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тапсырылды. Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрінің, облыстық білім беру басқармасы мен аудан әкімінің және аудандық білім беру бөлімінің Құрмет грамоталарымен Алғыс хаттары бір топ ұстаздарға құрметпен табыс етілді. Көп жылдар жемісті еңбек етіп, өз шәкірттерінің жүрегінде орын алған білікті де білімді ардагер ұстаздар да еңбек демалысына шығуларына байланысты аудандық кәсіподақ ұйымы атынан марапаттауларға ие болды.
Жоғары оқу орнын аяқтап, жас буынның жүрегіне ізгілік пен жақсылықтың дәнін еккелі отырған жас мамандарға арнап ардагер ұстаз К.Абдуғазиева өз тілегін жеткізді. Көпшілік осы басқосуда тағы бір сүйінішті жәйттің куәсі болды — Алмаз ЖОББМ мен аудандық туризм және экология орталығына жаңа автокөліктердің кілті табыс етілді.
Басты бағыттар мен алда тұрған жос-парларды екшелеген ұстаздардың бас-
ты жиыны аудандық саз мектебі оқушыларының орындауындағы «Ұстазым менің, ұстазым» әнімен тәмамдалды.
Гүлшат Ибрагимқызы