16.08.2018, 19:22
Қараулар: 437
Садақ тартып, асық атты

Садақ тартып, асық атты

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ-дарламалық мақаласында ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп ұстау, дамыту мәселесіне көп көңіл бөлінген. Ата-бабамыздың қадірлі қаруы, көшпенділердің жаудан қорғанатын құралы садақ болғаны анық.

Махамбет ақын да:
Беркіндеп садақ асынбай,
Біртіндеп жауды қашырмай,
Қорамсаққа қол салмай,
Қозы жаурын оқ алмай,-демеп пе еді. Бүгінгі кезде садақ ату спортын дамытуды Шыңғырлау спорт клубының қолға алуы аса құптарлық іс.
Жуырда Ащысай ауылдық округінде садақ тартып, асық атудан аудандық жарыс өтті. Жарысқа 6 ауылдық округтер командалары қатысты. Ашылу салтанатында округ әкім-шілігі атынан А. Тілемберлиев, аудандық мәслихат депутаты Х.Шалабаев, Шыңғырлау спорт клубының директоры М.Бектияров сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды.
Жарыстың өту тәртібімен округтің спорт жөніндегі әдіскері Қ. Жәңгіров таныстырды. Әуелгі кезекте асық ату жарысы басталды. Жеребе арқылы жарыс жолына шыққан командалар бар өнерлерін салып, шараның шырайын аша білді. Ортаға тігілген асықты дәл көздеп ату оңай емес. Ережені сақтай отырып, асықты шеңбердің сыртына шығару қиынның қиыны. Шеберліктерін шыңдап жеңісті жолда С.Баймұқашев (Қарағаш), Ә. Жұбаниязов, М. Жұмашев (Шыңғырлау) тамаша нәтиже көрсетті.
Қыздар команда-лары «Бес асық» аталатын ойын түрін ойнап, Ш. Жолдыбаева І орын иеленді, ІІ-ІІІ орындарды А.Салихова мен Рзиева жеңіп алды.
Садағына сары жебесін қондырған мерген жігіттер жарыс жолына келгенде көпшілік қызыға қарап, қуана қол соғып отырды. Әр мергенге 4 жебе алып, нысана көздеуге мүмкіндік берілді. Садақ ату сайысында 13 ұпайдан жинаған ащысайлық Қ.Жәңгіров пен ақтаулық Н.Бекежан үшінші орын алса, шыңғырлаулық М.Бектияров 21 ұпай жинап екінші орынға шықты. Ал, жеңіске жеткен ащысайлық Д.Омарғалиев 22 ұпай жинады.
Жалпы командалық есепте Шыңғырлау командасы бірінші орын алды. Ащысай, Алмаз округтерінің спортшылары тиісінше екінші және үшінші жүлделі орындарды иеленді. Шара соңында барлық жеңімпаздар кубокпен, медаль-дармен марапатталды.
А. Шотпанов