16.08.2018, 19:03
Қараулар: 12
Кеудесі толған дария, қадірмеді қария

Кеудесі толған дария, қадірмеді қария

Темір Жантасов соғыс жылдарының баласы. 1942 жылдың сәуірінде өмір есігін ашқан кезде әкесі қан майданға аттанып кеткен екен. Содан 1943 жылдың қысында «қара қағаз» келіпті.

Бұл кезде Жантасовтар әулеті Башқұрт жерінде Баймак ауданының Рудник Тубинск аталатын ауылында тұратын. Әкесі хабарсыз кеткен соң бар ауыртпалық анасының мойнына түседі. Рудникте әртүрлі жұмыстар жасай жүріп, үйдегі жалғыз сиыры мен 5-6 ұсақ малды қарау кішкентай Темір екеуінің еншісіне қалады. Таудың етегіндегі ойпаң жерлерден анасы екеуі шөп шауып, оны түйе арбамен үйге тасу оңай шаруа емес. Жас бала қиындықтарды көре жүріп тез ержетіп, есейеді. Қиындық жүгі жас баланы құрыштай етіп шыңдайды. Сөйтіп жүргенде 90 үйлі қазақтардың ақылшылары, ауыл ақсақалдары Әділ, Ығылман, Дүйсенбілер елге қайту туралы ойланып, дайындық жасауға кіріседі. Көпшілік бұл істі қуана қолдайды. 1956 жылдың күзінде (қыркүйек) елге қайтуға жиналған алғашқы көш жолға шығады. Арбаларға үлкендер мен жас балалар отырып, дүние мүлік тиеледі. Қалғандары малдарын айдап, жаяу ілеседі. Түрлі қиындықтарды бастан кешірген топ бір айдай жүріп Шыңғырлау ауданының Константиновка (көпшілік «Кәстан» деп те атайды) ауылына табан тірейді. Башқұртстаннан келген қазақтар Алмаз, Лубен совхозының жерлеріне қоныстана бастайды. Жетім бала, жесір әйел болып күн кешкен отбасыға немере ағасы Кенжеболаттың, нағашысы Айтқалидың көп көмектескенін Темақаң ризалықпен еске алып отырады.
Лубен мектебінде оқыған ол кейін СПТУ-дан тракторшы мамандығын алады. Жаңбыр Сүйіндіков деген досы екеуі ДТ-54 тракторында бірге еңбек етеді. Ал, еңбек жолын атақты малшы, Мемлекеттік сыйлықтың иесі Айболат Татиковтың көмекшісі болып бастаған болатын. Бұл жерде Қабар Қанаев, Қабдолла Жамиғовтармен жұмыстас болады. Қоғамдық жұмыстар жас Темірді қатты қызықтырады. Әскери комиссариат арқылы шоферлік курсты бітірген ол «Алмаз» совхозының парт-комы Өмірзақ Ақтаубаевтың көлік жүргізушісі болып жүреді. Өмірзақ Көшкінбайұлының ақылымен ол спорт әдіскері қызметіне ауысады, кейін совхоз комсомол ұйымының жетекшісі болып сайланады.
Азамат болып қалыптасуына совхоз директоры Әбдірахман Әбдиев, партком Өмірзақ Ақтаубаевтардың игі әсер етке-
нін ағамыз аса бір құрметпен әңгі-мелейді.
Ағамыз жас кезінде күреспен, штанга көтерумен айналысқан. Түрлі аудандық, облыстық жарыстарда жүлдегер болған. Біздің айтпағымыз Темір ағаның ақындығы жайында. Бұл өнерге ол қырықтан асқан шағында бет бұрады. Өмірлік тәжірибе жинақтап, өзінше ой түйген шағында жыр әлеміне келуінің себебі де жоқ емес. Орал қаласында іссапарда жүргенде жаңақалалық бір ақынмен кездеседі. Соғыстан оралмаған әкесіне арнап өлең жазып беруін өтінеді.Танысы әп сәтте өлең құрап жазып ағамызды риза етеді. Дегенмен өзінің де әкесіне деген сағынышы жүрегін тербеп жүрген ағамыз өлең жаза бастайды. Осыдан соң ойға оралған шумақтарды ақ қағазға түсіру Темақаңның жақсы әдетіне айналады. Халықтық дәстүрді ұнататын ағамыз термелер шығарып, орындауға да дағдыланады. Бұл тұста Бақтыбай Нұрпейісовтен домбыра тартып үйренгені де пайдасын тигізеді. Әуелі халық әні «Елім-айды» тартып үйренген ол кейін шығарған өлеңдерін әуенге бейімдеп айтуға әуестеніп алады. Бүгінгі күні солай орындап келеді де. Өз өлеңдерін еркін, шұбыртпалы ұйқаспен жазатын ағамыз көбіне, туған жер, ел тарихы, ұрпақтар мен халық тағдыры, отбасы мен бауырларға арнап шығарып жүр.
Азырақ мен де сөйлейін,
Шаттанып көңіл толған соң,
Тәуелсіздік күнімді,-деп бүгінгі елі үшін шаттанса,
Ғылымға жақын жүргейсің,
Болғайсыңдар жастарым,
Екінің бірі білімді,-деген жолдарымен жастарды білімді болуға шақырады.
Көптеген термелерін, өлеңдерін оқып отырып Темір ағаның ойының терең-дігіне, халыққа болсын деген тілегіне риза боласың.
Еңбек етіп тынымсыз,
Асудан асу асайық, Мәңгілік ел болуға,-дей келе:
Жасасын қазақ еліміз,
Гүлденсін мәңгі жеріміз.
Еңбегі жанып халқымның,
Төгілсін маңдай теріміз,-деп түйіндейді ағамыз.
Бұл күнде аудан орталығында тұратын Темір ағамыз 1964 жылы Райса Қитарова апамызбен отау тігіп, ұрпақ өсіріп отырған жан. Балаларының бәрі жоғары білімді. Әр салада табысты еңбек етіп жүр. Нұрланы мен Амандығы көңілдеріне қуат берсе, Анаргүл, Марал, Самалдары жүректеріне шуақ сыйлауда. Немере-жиендері де отбасын шаттыққа бөлеуде. Кетенің шежіресін таратып отыратын ақсақалымыз Шернияз атасын мақтан етеді. Сол Шернияз өзінің термелерінің бірінде:
Сөйлеген сайын кетеді,
Қызыл тілім өрмелеп.
Құлағың сал да тыңдай қал,
Қалағаның сөз болса,
Сөйлемей қалар деп пе едің,
Біздің тұқым елгезек,-деген екен. Домбыраңды шертіп, термелеріңді халқыңа төге бер, Темір аға!
Адақ Шотпанов