7.08.2018, 15:27
Қараулар: 85
Құрылыс нысандарын аралады

Құрылыс нысандарын аралады

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев ауданымызға келген іссапар барысында аудан орталығындағы және ауылдық округтердегі бірқатар нысандарды аралап, құрылысы жүріп жатқан ғимараттар мен су құбырларының жұмыстарымен танысты.

Ол алдымен Ақшат ауылдық округінде бой көтеріп жатқан амбулаторияның құрылысымен және ауылды ауыз сумен қамтамасыз етіп жатқан «Батыс Газ Строй» құрылыс компаниясының бүгінгі жұмыс ырғағына назар салды. Құрылысы былтыр басталған нысанға  республикалық бюджеттен 80% , ал қалған 20% қаржы облыстық бюджеттен бөлінген. Нысанды тамыз айында тапсыру жоспарда бар,- дейді  аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Талғат Самиев.

Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Жаңакүш ауылындағы  «ГазСтрой» ЖШС құрылыс компаниясы жүргізіп жатқан су қоймасына да ат басын бұрды. Республикалық қазынадан 80 млн теңге бөлінген нысан жұмыстарын алдағы жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бағдат Оразалдыұлы сонымен қатар аудан орталығында күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектепті аралап, құрылыс басшыларына  мектеп ғимаратын сапалы, дер кезінде аяқтау керектігін айтты.

Нысандарды аралау А.Құнанбаев және Л.Қылышев көшесінің қиылысындағы алаңды абаттандыру жұмыстарымен аяқталды.  Атап өтетін бір жәйт, вокзал төңірегіндегі үлкен алаңды  заманауи келбетке ендіру аудан тұрғындарын болашақта үлкен қуанышқа кенелтеді деп сенеміз.

2018  жылдың маусым айында басталған құрылыс ұзақтығы 4 ай. Жобаның құны 116 110,0 мың теңге.

Облыс әкімінің орынбасарының ауданымызға іссапары  барысында құрылыс жұмыстарымен танысу кезінде аудан әкімі Альберт Есалиев  пен өзге де сала басшылары бірге жүрді.

Осылайша нысандарды аралаған Бағдат Оразалдыұлы құрылыс жұмыстарының жүйе-лілігін қадағалайтынын және оған жауапты басшыларға атқарылып жатқан жұмыстарды жіті назарда ұстау керектігі жөнінде тапсырма берді.

 

 

Әлия НҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ