7.08.2018, 14:54
Қараулар: 102
Жұмыспен қамтыған жәрмеңке

Жұмыспен қамтыған жәрмеңке

Халықты жұмыспен қамту, елде жұмыссыздықты шектеу бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі.  Екі қолға бір күрек таппай жүргендерге көмек болатын «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық және аудандық халықты жұмыспен қамту орталықтарының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Тұрғындардың жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеге аудан аумағында орналасқан жұмыс беруші 30 мекеме мен кәсіпорындар қатысып, 100 астам бос жұмыс орындары ұсынылды.  Оған жұмыс іздеген 30 жуық азаматтар қатысып, жұмыс беруші мекемелердің өкілдерімен еркін сұхбат құрып, сұрақтарына жауап алып, түйіндемелерін тапсырды. Осы күні  2 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта Ермұхамбет Альмұрзиев Шыңғырлау ауылдық округінде автокөлік жүргізушісі, Ермек Жұмашев аудандық мәдениет үйінде көркемдік суретші болып қызмет атқарады.

Сонымен қатар, жәрмеңкеге АҚ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» кеңесшісі қатысып тұрғын үй алуға кеңес берсе, аудандық жұмыспен қамту орталығы жастар тәжірибесі және бизнес ашу бойынша кеңес берді.

Әлия НҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ