3.08.2018, 18:08
Қараулар: 101
Құнды жәдігер табылды

Құнды жәдігер табылды

Баһадүр Бөкенбай өмір сүрген Алмаз өңірінің тарихы тереңде. Есенаман, Аққұм, Сегізсай жерлері құпиясы мол, зерттеуге лайық. Осы жылдың 4-16 маусым аралығында Орал қаласынан арнайы келген экспедиция мүшелері Есенаман тауында қазба жұмыстарын жүргізген болатын.

Тарих ғылымдарының кандидаты М.Қалменов жетекшілік еткен М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің І-ІІІ курс студенттері Есенаман тауы маңында қазба жұмыстарын жүргізу барысында жерлеу ыдысын (жертвенный столик) тауып алды. Ыдыс тастан қашалып жасалынған. Ұзыны — 35 см, ені — 25 см, қалыңдығы — 6 см шамасында.

Бұл ыдыс-Хаумаверга мәдениетінің үлгілерінің бірі. Сармат дәуірінде қайтыс болған адамдарды жерлеу рәсімі кезінде пайдаланған. Ыдысқа қоспа шөптерді сумен араластырып, әр жерлеуге қатынасушы адам дәм тататын болған. «Құнды жәдігерді тапқан Оралдан келген экспедиция мүшелеріне ризамыз. Аудан әкімінің бастамасы бойынша зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырамыз. Қасиетті жерімізден тарих сырын шертетін заттардың әлі де табылатынына сеніміміз мол»,-деді аудандық музей директоры Тілеген Қалиев (суретте).

Адақ ШОТПАНОВ