19.07.2018, 19:18
Қараулар: 4
«Туған жер – тұнған шежіре»

«Туған жер – тұнған шежіре»

Аудандық кітапханада өткен шараға еңбек ардагерлері, қызметкерлер, оқушылар қатысты.

Шара барысында аудан тарихы түгел қамтылып, құрылған жылынан бастап бүгінгі күнге дейінгі даму жылдары бейнебаян арқылы көрсетілді. «Жазира құт — мекенім, жарқырап гүлдене бер»,-деп жер-гілікті ақын Қойшыбай Бижанов жырлағандай «Туған жер – тұнған тарих» атты әдеби-сазды альянс «Назира» бишілер тобының әдемі биімен ашылды. Орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері Г.Жұмағазиева мен Н.Садықова шараны жүргізіп, әр кезеңдегі аудан тынысынан көпшілікті хабардар етіп отырды.  Баһадүр батыр Бөкенбай, Тіленші, Жоламан батырлардан соң Көшелек жырау, Ұлы Отан соғысы батырлары, бейбіт еңбектің ерлері бірінен соң бірі тізбектеле көрініс беріп, көрерменді тылсым тарих сырына тарта берді. Аудан тарихының айтулы кезеңдеріне тоқталу барысында әсем ән мен әсерлі жыр шумақтары оқылып ойымыз кеңейіп, біліміміздің құндылығы артқандай болдық.

Жас ақын  Самат Байболаттың «Жігіттер» деген жігерлі жыры көпшілікті бір сілкінтіп тастады.

Белгілі өнерпаздар Сансызбай Сұлтанғалиев, Елдар Бижанов, Әмірхан Жұбаниязовтар туған жер туралы әндерді әуелете шырқаса,  балғын әнші Зинира Аманкелдінің әсем дауысына да көпшілік қуана қол соқты. Тыл ардагері талдысайлық Григорий Хрипченконың соғыс кезіндегі балалар өміріне арнаған өлеңін кітапханашы Галина Гончарова тамаша орындады.

Әдеби — сазды кеште әсерлі сәттер көп болды.

Өмірін Аққұммен тығыз байланыстырған қос полковник Тақан Еспанов пен Ақас Аманғалиев жөнінде де жақсы мәлімет берілді. Зейнеткер Сәния Бекболатова естеліктерімен бөлісіп дәрігер-депутат болған Сәния Дәулетжанованы есімін ұлықтау жөнінде ұсыныс айтты.

Ұйымдастырушылар аудан өмірінің сан салалы тірлігін толықтай қамтуға ұмтылған.  Соны орындап шықты да.

Кеш қорытындысында сөз сөйлеген Кеңес Таңатов ағамыз кітапхана ұжымына алғыс айтып, осындай мағыналы, мәнді шараларды көп өткізіп тұруларына тілек білдірді.

Адақ ШОТПАНОВ