12.07.2018, 18:13
Қараулар: 5
Макар ағай

Макар ағай

CREATOR: gd-jpeg v1.0 (using IJG JPEG v80), quality = 82

Ұрсайға қай уақытта барсам да алдымнан күлімдеп кездесе қалатын күмістей сақалы бойына жарасқан ақсақалды көргенде қуанатыным рас. Көненің көзіндей, жақсылардың өзіндей болып жүрген жанды кездестіре алмасам, көрісе кету үшін шаңырағына атбасын бұратынымыз да шындық.
Атының қазақша болмауының өзінен ағамыздың басқа елмен байланысы бары сезіліп-ақ тұрады. Бір қарағанда орысқа да, татарға да ұқсағанымен ағамыздың қаны қазақ.
Ресей жағында, Башқұртстан жерінде өмір сүрген кезін еске алған ағамыз елге келгенде жас бозбала болатын.
Бала кезімізде мұнтаздай боп киініп жүретін, төртпақ денелі, шапшаң қозғалып, аз сөйлеп, көп тыңдайтын ағамызды көріп, жігіт деген осы екен деп өстік.
Кейін Ұрсай халқына сыйлы Нәзира апамызға қосылғанда ауылдың біз қатарлас бала-шағасы Мәкеңді түгел жездеге айналдырды.
Сол кезде басталған жезде-балдыз сыйластығы әлі де жалғасып келе жатқанына қуаныштымыз.
Макар ағамыз көп жыл «Қызыл-көл» совхозында механизатор болды.
Жұмысын жақсы атқарды. Тракторы тап-таза болып жалтырап тұратын. Тазалықты сақтау, адал еңбек ету, жанұя жарастығын бағалау секілді құндылықтар Нұровтар отбасының төрінен орын алғанын ауыл-аймақ жақсы біледі. Оны уақыттың өзі де дәлелдеді. Ұрсайдың әрісі мен берісін түгелдей айтып отыратын Нәйнә апамызбен мақұлдап күліп отыратын Мәкеңді құдай қосқан ғой. Екеуі ірімшікке май қондырғандай үйлесуші еді. Әттең, апамыз ерте келмеске кетті. Ұл-қыздарына өнегелі тәрбие беріп өсірген Нұровтар әулеті көпке үлгі. Үлкені Мұрат-Оралда, Жарқын ауылда, Гүлмира-Шыңғырлауда, Берік Ақтөбеде, Төрт түлік малын өргізіп, бау-бақшасында қызанағы мен қиярын, сәбізі мен жуасын баптап өсіретін, айналасы таза, ауласында тәртіп салтанат құратын Нұровтардың үй-жайы да ауылымыздың сәні. Аузынан әзілі кетпейтін Мәкең кездескенде тапқыр сөзін айтпай қалмайды. Әйтеуір бірдеңе табады.
Соның өзі өмірге ғашық жанның ерекшелігі іспеттес. Бала-келіні баптап отырған бай-қуатты ақсақал 80 жастың сеңгіріне шықты. Еңкеймей, мұқалмай, сергек келді сексенге.
Жасыңа жас қосылсын, жайсаң жан, абыз ақсақал.

Адақ ТАНАБАЙҰЛЫ