10.07.2018, 19:17
Қараулар: 14
Қазағымның үні сенсің домбыра

Қазағымның үні сенсің домбыра

Демалыс күндері орталық саябақта Астана қаласының 20 жылдығы мен ұлттық мақтанышымыз домбыраны ұлықтау, насихаттау мақсатында «Домбыра Pati» шарасы оздырылды.
Мерекелік жобаны аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі жүзеге асырды. Ұйымдастырушылар қолына домбыра ұстап ән салып, күй тартатын өнерлі жандарды жинап шараның шырайын арттырды. Мемлекеттік қызметкерлер де, мекеме, ұйым мүшесі де, қарапайым зейнеткерлер де осы жерде бас қосты.
Домбыра-қасиетті аспап, ұлттық құндылығымыз, бабалар мұрасы. Шанағынан сан түрлі әуен төгілген қоңыр домбыра ғасырлар бойы халықпен бірге жасап келеді. Қуанышы мен қайғысын, ерлігі мен елдігін, арман-тілегі мен ізгі мұратын қос ішекпен тербей білген дана халқымыз барда домбырамыз әлі талай жылдар бойы бізбен жасай берері хақ.
Өнерпаздардың өнерге деген, домбыраға деген құрметі тек оны тартуды ғана емес, насихаттау да екенін көпшілік анық сезінгендей болды.
Аспанда ән әуелеп, төңіректе күй төгіліп жиналғандар ерекше сезімге бөленді.
Шара мәдениет үйінің әншілері Берік Темірғалиев пен Эльдар Бижановтың орындауындағы Т. Шәмеловтің «Шырайлы Шыңғырлауым» әнімен ашылды. Оралхан Темірғалидың орындаған «Терісқақпай» күйі, Гүлстан Өмірәлиеваның «Келіншек» күйі, аудандық мәдениет үйінің директоры Гүлжамал Жұмағазиеваның орындауындағы Қадыр Мырза-Әлінің «Қазақтарды шетелдіктерге таныстыру» әні, және «Серпін» газетінің қызметкері Б.Баймағамбетованың орындауындағы «Не жаман» термесімен жалғасып, аудандық саз мектебі өнерпаздарының «Балбырауын», «Көңілашар», «Адай» күйлерімен қорытындыланды.
Ән–домбыра, күй –домбыра құдыреті асқақтап, ұлтымыздың рухын көтерер шараны жерлестер осылайша өткізді. Қаны қазақтың делебесін қоздырып, көңілін сергітті.
Сонымен «Нағыз қазақ домбыра» екеніне көзіміз жетіп, көңіліміз толды.
Жасап, жалғаса бер, Домбыра – Pati».

Адақ ШОТПАНОВ