25.06.2018, 18:40
Қараулар: 2
Жанарды жаулаған «Жанерке»

Жанарды жаулаған «Жанерке»

Биыл қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары – ару Астанаға 20 жыл! Осыған орай, жуырда аудандық саябақта «Жанерке» бишілер тобының «Жан жүрегім — Астана» атты шығармашылық концерті өтті. Жанаргүл Баубекова жетекшілік ететін бұл би тобы үлкен және кіші би топтарынан тұрады.
Концерт шымылдығы «Шашу» биімен ашылып, Гаухар Мұсаеваның «Самға» әнімен жалғасты. «Жанерке» би тобының кішкентай бүлдіршіндері «Гүлдер», «Классика», «Ха-фа-на-на» сияқты билерімен көрерменді таң қалдырды.
Жанеркенің қарамағында тек қыздар ғана емес, ұл балалар да өнер көрсетеді. Сонымен қатар, бұл би тобы тек дәстүрлі ғана емес, замануи би түрлерін билеп жүрген топ. «Бэн-бэн-бэн» кей-поп жанрындағы би, «Ритм та» хип-хоп жанрындағы би, «Шуга фри», «Реал фамили», «Гуд бой», «Вок» сияқты замануи билер жастардың ғана емес, үлкендердің де көңілінен шықты. «Құрбылар» биі, «Үнді» биі де жанарды жаулады. Әсем биді әдемі әнмен сүйемелдеген әншілер де көрермен назарынан тыс қалмады. Әсем бидің арасында Данияр Арыстанов, Сұлужан Задыгер, Арсен Жанияров және аудандық мәдениет үйінің әншілері өнер көрсетті. Кеш соңында Бейнегүл Сәрсенова бимен көркемделген «Қазағымсың» әнін орындады.

Айбарша Лекерова