19.06.2018, 18:42
Қараулар: 62
«Ақжайықтың Ақкербезі»

«Ақжайықтың Ақкербезі»

Ауданның мәдениет өмірінің сәні болатын әдемі шара мәдениет үйінде өтті. Әйгілі «Гүлдер» ансамблінің әншісі болған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қалампыр Рахимованы ұлықтау мақсатында облыстық термешілер сайысына ауданымыздан, облыс орталығынан өнерпаздар келді.

Концерт залына кірген сәттен-ақ ән-әуен бойыңды тербеп, домбыра үні көңіліңе қуат бере бастайды. Сахнада Қалампыр бейнесі көрініп, домбырасынан ән төгілгеніне қараған жиналғандар қуана қол соғып та үлгеріп жатты.
Термешілер бәйгеге түсер тұлпардай баптанып әзірлену үстінде. Концерт басталып та кетті. Қазылар алқасының төрағасы облыстық филармониядан келген белгілі әнші-термеші Сағадат Рахметжановтың қатысушыларға айтқан тілек-талабы да ретімен болды. Әнші-термешілер Мұхит, Ғарифолла әндерін орындауы керек екен. Бір ән, бір терме. Қалампыр орындаған ән-термелер.
Алғашқы болып сахна төріне шыққан Нарымбет Халелов «Майлықожаның термесін» төгілте жөнелді. Ойы терең, айтар ұлағаты үлкен шығарма. «Жылқыдан күдер үзгендер биені сатып ат қылар…» тағысын тағы тізбекті мағына жалғасып, залды қуатты терменің әуені кернеп кетті.
Жәнібектік өнерпаз орындауында терме жаңаша қырынан көрінгендей әсер қалдырды. Бір есекеретіні, микрофон қоспай жанды дауыспен айтудың өзіндік күрделілігі де көрініп жатты. Қазылар алқасының талабы да сол болатын. Сахнадан асқақ үн, күшті дауыс, даланың мінезіне сай ән-терме тыңдап көргісі келетінін олар айтқан да болатын. Лирикалық сезімге құрылған әсем ән қалықтап, көрермен көңіліне жылы шуақ сыйлады.
Қаратөбелік Нұршат Исламғалиев өз өнерін көптен көрсетіп жүрген жігіт. «Сартайдың термесін», «Ақжайық» әнін айтып шықты. Домбыра тартуына қайран қалып отырдық. Келесі термеші Гүлжамал Қайырлиева Қалампыр орындайтын «Аккербез» әнін шырқады. Әбубәкірдің термесін төкті. Термешілер осылайша ән-терме керуенін жалғай берді. Қалампыр орындап жүрген талай әндер шырқалып, мағыналы, мәнді термелер бұлақ суындай сылдырап ақты. «Әнші дауысы», «Ақсұңқар». «Балжан», «Паң көйлек», «Аманғалидың әні» т.б. Сахнаға Армат Алдамжаров шыға келгенде халық бірден термешінің мықтылығын сезінгендей болды. Домбырасын қағып-қағып жіберіп, Махамбеттің термесін орындай жөнелген сырымдық өнерпаз әдемі дауысымен, киімі де, сахнадағы еркіндігі де көп көңілінен шығып жатты. Әсіресі, Ғарекеңнің бет-қимылдарының кейбір белгілерін көрген жандар жоғалтқанын тапқандай күйде болғаны жасырын емес.
Оралдық Бейбіт Қажғалиев кәсіби шеберлігі жоғары, тектілігі сезіліп тұрған жан екен. «Еңіреп Мұхит бабам өтіпті деп кейінгі ұрпақтарым есіне алар»-деген терме жолдарын шегелей айтып, әр сөзі анық, тарту техникасы жоғары деңгейде болды.
Түске дейінгі іріктеу кезіңінен өнерпаздар түгел өтті. Бұның әншілерге берілген мүмкіндік екенін түсіндік. Екінші кезеңде әншілер еркін көсіліп, алғашқыдағы қобалжу сезімдерін қойып ұзарта соқты. Алайда Бейбіт, Армат, Нұршат, Назгүл атты орындаушылар көптен ерекшелене берді. Жеңімпаздар да анықталды. Бас жүлде – Бейбіт Қажғалиев еншісінде. Армат Алдамжаров І орын, екінші, үшінші орындарда – Нұршат Исламғалиев пен Назгүл Хабиевалар. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыларға сыйлықтармен қоса шыңғырлаудың табиғаты бейнеленген суреттер табыс етілді.

Адақ Шотпанов