14.06.2018, 18:39
Қараулар: 15
Ауыл үлкендерімен кездесті

Ауыл үлкендерімен кездесті

Қарты бар үйдің қазынасы бар дегенді бек ұстанатын, қандайда бір іс бастарда үлкендердің батасын алып отыратын, ақыл-кеңесіне құлақ салып, ақылдасып, көргені мол ақсақалдардың алдына кеп жүгінетін тәрбиелі халықпыз. Әсіресе, ел басқарған басшы, әкімдеріміз осы қағиданы үнемі ұстанады. Не десек те халықтың, елдің, жердің мәселесінде оларсыз мәселе шешілмек емес.
Жақында ауданымыздың әкімі Альберт Есалиев ауылдың бір топ белсенді ақсақалдарымен, қария-ларымен, ақ жаулықты аналарымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті.
Ауданнның хал-ахуалы жөнінде үлкендерді хабардар етіп, алдағы күннің жоспарларын ортаға жайып салды. Олардың жағдайларымен танысып, денсаулықтары, тұрмыс-тіршіліктері, қандай қажеттіліктері барлығын да сұрап білді.
Аудан басшысы, әсіресе ауылдарды ауыз сумен қамту бағытындағы атқарылған жұмыстарды айта келе, сонымен қатар қазіргі таңда ең өзекті болып отырған Шыңғырлау –Лубен автожолының бойында биылғы жылдағы жасалынатын жұмыс көлемін түсіндіріп берді.
Соңғы жылдары ауыл халқы көшіп-қонып, аудан орталығына шоғыр-
ланып жатқаны белгілі, сол себепті аудан орталығындағы барлық жұ-мыстар еш кідіріссіз жасалынуда. Үйлер салынып, жол асфальттануда, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар жасалынып, көше бойы көгалдандырылып, абаттандырылуда. Аудандағы халық өсімі, экономикалық дамуы да қарқынды. Биылғы жылы ауданымызда екі қабатты үйлер са-
лынып, үй кезегінде тұрған 130 шыңғырлаулықтарға 45 пәтер беріл-мек екен.
Аудан әкімі үлкендерге кейбір туындап отырған мәселелерді де айтып өтті. Нақтырақ айтсақ, орталықтағы тұрғындардың көшелер мен үйлердің маңын таза ұстауға жүрдім-бардым қарауы, жиналған қоқыстарды жою мәселесіне көңіл аудару, қоқыс шығару үшін төленетін қаражат жөнінде ақылдасып, үлкендердің кеңесіне құлақ салды. Өз тарапынан сөз алған ақсақалдар техникалық судың кейбір көшелерге жетпей жатқандығын, кезінде ақшасы төленгендігін, көше аралықтарындағы кіші жолдарды жөндеу, ауыз судың сапасы және бос тұрған қос қабатты үйдің жағдайын анықтау жөнінде біраз мәселелерді алға тартты. Жиында сөз алған Б.Сапаров, С. Имашев, Ә.Саматов, Т.Давлетқалиев, Ж.Тұяқова, Р.Гончарова, Г.Ремизова және тағы басқалары ауданға қатысты жұмыстарға өз пікірлерін қосты.
Жолдарды дұрыстау барысында төселетін құмның өз карьерымыздан алу мүмкіндігі болмағандығын, ал техникалық судың бүгінгі таңда 75 пайыз орындалып отырғандығын, ауыз су жөнінде айтсақ, оның халыққа тұтыну алдында экспертизадан өткен-
дігін еске салған әкім барлық жұмыс-тарда да ақсақалдардың көмектері, қолдаулары қажет екендігін түсіндірді. Ал, аудандық соғыс және еңбек ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Самиев биылғы ардагерлерді мал азығымен қамту жағдайы және баспасөз басылымдарына, соның ішінде «Ардагерлер айнасы» және аудандық «Серпін» газетіне жазылу жөнінде хабарлама жасады.
Қазыналы қарттар да өз тарапынан аудан басшысына жақсы лебіздерін білдіріп ауданның абыройы үшін барлық игілікті істерге өз тараптарынан қолдау табатындығына сендірді.
А.Арыстанова