11.06.2018, 18:31
Қараулар: 29
Мамандығын мақтан тұтады

Мамандығын мақтан тұтады

Барлық байлықтың бастауы деннің саулығы екенін көп жағдайда пайымдай бермейтініміз рас. Ал, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса ем іздеп алдына баратын медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны ерекше. Олардың әр еңбегін бағалап отыру оларға деген құрметімізді көрсетеді. Ақ халатты абзал жандардың еңбектерi қандай марапатқа болса да лайық. Күнделікті қызметтерінде әр науқастың жанына желеу болып, тіршілікке деген құлшынысын ояту, жігер беру үшін тер төгетін мейірімді жандардың қызметінің ауырлығы қарапайым адамдарға байқала бермес. Осындай ерекше мамандық иелерінің бірі  – Толқын Елесбаева. 1986 жылы Орал медициналық училещесін медбике мамандығы бойынша бітірген ол жолдамамен аудандық аурухананың хирургия бөліміне жұмысқа алынады. Оқу бір бөлек те, алған біліміңді іс жүзінде көрсете алу бір бөлек екенін Толқын осы жерде жүріп түсінді. Хирургия бөлімі ең жауапты да қиын бөлімнің бірі. Түрлі жарақатпен, шұғыл ота жасату керек науқастардың күн-түн демей түсуі, оқыс оқиғалар салдарыан көмек сұрап келушілер легі ол кездерде көптеу болатын. Осындай сәттерде әлі де тәжірибе жинап көрмеген, жас медбике қайбір сәттерде абыржып қалатынды. Сол сәттерді еске ала отырып Толқын Дәулетшіқызы былай дейді: — Хирургия бөлімінде ол кезде Төлеген Қазиев деген өз мамандығына мейлінше берілген, аса жауапты, өте сабырлы маман істеді. Сол менің өмір жолымдағы алғашқы ұстазым десем қателеспеспін. Бірге жұмыс істеген жылдарымда көп нәрсені үйрендім. Ол әрдайым маған: «Асықпа, сабырлы да байыпты бол. Тіпті шприцке дәріні толтырып жатқан сәттің өзінде де бар ойың сонда болсын, қателесу деген оңай-ақ»,-деп жігер беріп сөйлейтін.

Жылдар белесінде Толқын жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде өзінің білімі мен біліктілігін, тәжірибелі маман екенін бірнеше мәрте дәлелдеді. Үйрене жүріп тәжірибе жинады, іздене жүріп ысылды.Хиругия бөлімінен жасөспірімдерді емдеу  бөлімінде де бірнеше жыл медбике болып, 2012 жылдан аудандық емханада аға медбике қызметіне ауыстырылды. Бірақ бұдан оның жұмысы жеңілдеп кеткен ештеңесі жоқ. Кіші медқұрамға бақылау жасау, жұмыстың сапалылығына баса назар аудару, әртүрлі деңгейдегі құжаттарды дер уақытында рәсімдеу, емханада кезектің болмауын қадағалап, науқастардың ренішінің болмауына жетісу т.б. оның күнделікті жұмыс кестесіне тән. Осы орайда Толқын Дәулетшіқызы бүгінгі жаңа  технологияларымен, ғаламтор жүйесінің дамуымен халыққа қызмет көрсету де жеңілдей түскеніне ризашылығын білдіреді. Азаматтарға емделуші дәрігері мен медициналық ұйымды еркін таңдауына құқық берілгендігі, портал арқылы ауруханаға жатқызу да нағыз бүгінгі заман талабына сай шығарылған дүние деп біледі. Ал, қазіргі күні өмірге дендеп еніп отырған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының медицина саласындағы мамандардың қай қайсысының да жұмысын жеңілдетуге үлкен септігін тигізіп отырғандығына ерекше қуанышты.

–Біз еңбек жолымызды бастағанда ғаламтор, компьютер, телефон дегендер болмады. Бірақ, біз өз қатарымыздан қалмай оқыдық, тырыстық, білдік. Ал, бүгінде әрбір науқастың жай-күйі, қай дәрігерде қай күні болғаны, қандай ем тағайындалып, тапсырған анализдері компьютерді ашсаң сайрап тұр. Бұрынғыдай тіркеу орны алдында ешкім сағаттап кезек күтіп отырмайды. Осының бәрі де адам, оның игілігі үшін жасалып отырғаны қандай ғанибет. Тек соны дұрыс қолдана білуіміз керек. Мамандығын жақсы көретін адамға қандай өзгерістер еніп жатса да еш қиындықтар туындамайды деп ойлаймын. Әр жұмыстың өз қиыншылықтары болады. Шыдау керек. Шыдамдылықтың арқасында мамандыққа деген адалдыққа үйренесің. Заманның ағымына қарай өзіңді жетелейсің. Бізге жұмыс істеуге барлық жағдайлар жасалынған. Оны дұрыс қолдана білуіміз керек,-деп ағынан жарылады Толқын Елесбаева.

Тындырымды жұмысы үшін әлденеше рет аудандық аурухана мен кәсіподағы ұйымы атынан, БҚО орта медициналық қызметкерлер одағынан да Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға, түрлі марапаттарға ие болған ол өз білімін жетілдіру курстарынан, семинарлардан мамандығына сай білімін жетілдіріп те келеді. Жоғары категориялы медбике ретінде ұжымында сый-құрметке бөленіп, осы салада 32 жыл еңбек етіп келе жатқан ол: — Өз отбасыңа қалай адал болсаң, таңдаған жолыңа да дәл солай адал қызмет атқаруың керек. Ол өйткені, сенің екінші отбасың. Оның үстіне біздің мамандығымыз аянбай еңбек етуді, адамдарға деген асқан мейірімділікті талап етеді. Сондықтан медбике болғанымды мақтан тұтамын,-дейді.

Иә, өз мамандығына қалтқысыз беріліп, оны мақтан тұтатын, шаңырағының шырайын келтіріп, асыл жар, ардақты ана атанып отырған мейірімді медбикеге төл мерекесі қарсаңында деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Гүлшат Ботанова