7.06.2018, 17:54
Қараулар: 5
Жүрегімнің бір парағы сияқты…

Жүрегімнің бір парағы сияқты…

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық»,-деген екен Абай атамыз. Осы біз атаған жақсы қасиеттердің бәрі отағасым, өмірлік серігім, «Серпін» газетінің редакторының орынбасары Қуаныш Баймұқановтың басында бар еді…
Біраз газеттерді сақтаппын, ақтарып отырып кейбір көтерілген мәселелерге тоқталайын.
1989 жылы «Наурыз» мерекесі ерекше өткен еді, оның өзім де куәсімін. Қысты шығарып салу рәсімі өткеннен кейін Жаңакүш мал бордақылау ұжымы, мектеп ұжымдарының күшімен шағын концерт қойылды. «Қоғалы-ай» әні, «Тамаша» ойын-сауық үзінділері, «Шық бермес Шығайбай» сценарийі және бесікке салу, тұсау кесу көрсетілді. Ауданымызда «Ең үздік көше» — Пионерская және оның тұрғыны Полищук марапатталыпты (қолжазбадан). «Серпіннің» 1990 жылғы 18 қыркүйектегі санында «Тәртіп, білім, экономика» бірімен бірі тығыз байланыста екені, цехтың партия ұйымынан материал жазған Қ.Қоскөлбаев депті. Ол өз даласын сүйді, сондықтан Далабаев болды, жылқышы баласы болған соң аттың жалында өсті. Жылқышиев те, Қамбаров та болуы сондықтан. Жайлауы Қоскөк болған соң Қоскөлбаев болуы да заңды еді.
Елуіңде ептеп бір септегенім,
Елі үшін де, мен үшін де абыройлы,
Елігіп Тұяқов боп кетпегенің,-деп Қой-шыбай Бижанов жазғандай әр «Серпінде» екі-үш мақаласы жүретін. Газеттің бір бетін түгел әзірлеген күндері болды. «Оң нышандар», «Сандар мен дәйектемелер», «Еңбегіне қарай өнбегі» «Қысқа мерзімде», «Басын қатерге тігіп» осылардың бәрі № 40 (453) санында жарық көрді. Шілік совхозы туралы «Ертеңгі егіс үшін» тақырыбында Жауынбай Есеновтің «МТЗ-82» тракторы үнемі бабында болатындығы туралы жазған. «Жаз-алқапта, қыс — қыстақта» мақаласында механизатор-
лар А.Мурашов, С.Аманшиев, Т.Савич, Ж.Алталиев, Ж.Назаров, Н.Жұмағалиев, С.Жалмұқановтар адам дәрігері сияқты өз техникасының «жүрегінің дүрсіліне», «өкпесінің демалысына» үнемі құлақ түреді,-деп жазған еді 1996 жылы қаңтар айында. Немерелері оқып, мүмкін аталары үшін мақтаныш сезімдері оянар.
Сол кездегі газет нөмірлеріне Гельман Мырзахметов қарқынды жазды, оны айтпай кетпеуге болмайды.
Қуаныш Сағынғали Сейітов ағасымен, Шона Смаханұлымен, Қадір Мырза Әлімен, Ақұштап Бақтыгереевамен хат алысып, хабарласып отырды. Бір қонақтықта Қуаныш пен Ақұштап айтысты, ал Ақұштаптың жолдасы домбырамен сүйемелдеп отырды. Алматыда Тәлеті Зариповамен кездесіп тұрды, қаратөбелік алғашқы пионер, 1929 жылдан КПСС мүшесі, революция, өнер ардагері, Қуанышты інім дейтін. «Егемен Қазақстан» газетіне «Таэквондо» деген сатирасы шықты.
Т. Букина, Г.Ботанова, А.Арыстановаларды өте қадірлейтін, газетіміздің болашағы, газетімізді танымал етеді дейтін. Ауданда радиоторабы, теледидар көрсеткен кездер болды.
Қуаныш — алғашқы диктор болып, радионы кейін Сәлима Қаратауова жалғастырды. Әттең, Қуаныштың ғұмыры қысқа болды.
-Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ,-деп ер қайратыңа мін-дағы, өрге бас,-деген екен М.Әуезов.
Сол қысқа ғұмырда көп нәрсені тындырды, көпке үлгі болды. Ауырып жатып та газетке мақала жолдады. Ол жазады, мен апарып беремін. Әділ Сарбасов ағаймен көп сырласатын, Қуаныш ауырып жатқанда қасына келіп жаңалықтарды айтады, екеуі жайымен сыбырласады. Не айтады…
Газет ұжымына жұмыстарына табыс, отбасыларына амандық, бақыт тілеймін. «Серпін» маған өте ыстық, көп нөмірлері менде әлі сақтаулы. Сарғайды, ескірді, бірақ тастай алмаймын, жүрегімнің бір парағы сияқты. Күнде кезекті нөмірін Қуаныш келетіндей күтемін, оқимын, жинаймын. немерелерім де бір құшақ газет ішінен бірінші «Серпінді» алып береді, бұл отбасылық құндылығымыз. Аз ғұмыр кешсе де 100 жасаған адамның ісін тындырды. Оны білетіндер де азайды… Өмір ғой, өкінішсіз болмайды.

Жаңылсын Тұяқова