7.06.2018, 17:39
Қараулар: 435
Жеңіс — жаттығудың жемісі

Жеңіс — жаттығудың жемісі

Күрес – ертеден қалыптасып келе жатқан спорт түрі. Әлем бойынша да бұл спорт түрінің алар орны айрықша. Қазіргі кезде елге танымал: грек-рим, қазақ күресі, жапондардың сумо күресі түрлері бар.

Сондай-ақ, түрлі халықтарда таэквондо, каратэ, қытай боксы, кунг-фу сынды соғыс өнеріне жатытын спорт түрлерінің барлығы оқырманға аян. Жекпе-жектің әлемдегі ең танымал және айналысушылардың саны бойынша көш бастап тұрған күрестің келесі бір түрі– дзюдо.
Ауданымызда да бұл спорт түрі кеңінен дамып келе жатыр. Жақында Ақшат ауылдық округінің жас палуандары 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай дзюдо күресінен 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында Атырау облысының ашық республикалық турнирінен олжалы оралды.
Республикамыздың бірнеше қаласынан, сонымен қатар, арнайы Қалмақстаннан келген жас палуандар боз кілемде күш сынасты. Нәтижесінде, Серікқали Нау-рызбаев 35 келі салмақ дәрежесінде және Нұрасыл Қылышбаев 29 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орынды жеңіп алса, Нұрдәулет Кулов 35 келі салмақ дәрежесінде ІІ орынды қанжығасына байлады. Жас спортшымыз Серікқали Қалмақия спортшысымен шыққан ақтық бәсекеде небәрі 10 секундта таза жеңіске жетті.
Бұл жетістіктер — аудан спортының бір орында тұрмай белестен белесті бағындырып келе жатқанының жарқын көрінісі. Ендеше, жас палуандарға алда сәттілік, ал жас спортшыларды бабында ұстап отырған бапкер Бағдат Сариевке төзім мен табандылық тілейміз!

Айбарша Лекерова