6.06.2018, 19:11
Қараулар: 36
Ардақтағы ангустар

Ардақтағы ангустар

Ангус – ірі қара тұқымдас мал. Өзіне тән ерекшеліктері де жоқ емес. Тағы бір айтарымыз, біздің жақта бұл малдардың кездесуі сиректеу. Соңғы кезде ауданымызда мал тұқымын асылдандыру, түрлендіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Қазіргі нарық заманының талабына сай, бағылатын малдың суыққа төзімді, ыссыға шыдамды, тез оңалып семіретіні қажеттігі көпке мәлім. Семіз ет өтімді, сапалы сүт сұранысқа ие болып тұрған кез.
Негізінен қара түсті болып келетін ангус тұқымдас сиырлардың суыққа көп тоңа қоймауының себебі: сыртқы қылшықты жүндердің астында түбіттей жұмсақ жүннің болуында екенін көргенде түсінесіз. Бұл малдың бір ерекшелігі. Бір жарым жастағы қашарлардың өздерімен бір жылы туған басқа ірі қара малынан ірі көрінуі де тұқымды малдың артықшылығы.
Ардақтың бойында ангус малын өсіруді жүзеге асырып отырған – Нұржан Лесов атты азамат. Алпыстан артық малды әкеліп Ардақтың көк шөбі мен тұщы бұлағының бойында өсіруде.
— Мал тез үйреніп кетті, енді асыл тұқымды бұқалар әкеліп қоспақпын. Мақсатым-мал санын көбейтіп, жоғары сапалы ет беретін өтімді бизнеспен айналысу,-дейді Нұржан бауырымыз.
Малды аралап көрдік. Қоңы жақсы. Көк шөпті ендей жайылып жүр. Бір қуанғанымыз: Нұржан өзімен бірге ұлын да қасына ертіп жүр екен. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген. Ертең-ақ кішкентай Лесовтің әке ісін жалғастырары хақ. Бағар көбейсін, ардақтық ағайындар!

Адақ Танабайұлы