6.06.2018, 19:05
Қараулар: 3
“Нұр Отан” партиясы — жаңғырудың жаңа бағыты

“Нұр Отан” партиясы — жаңғырудың жаңа бағыты

Бүгінде партиялық жаңғырудың нақты жоспары дайын. Бұл реформаның басты мақ-саты – Қазақстанның экономикалық, саяси және рухани жаңғыруына жан-жақты қолдау көрсетудің тиімді тетігін қалыптастыру. Елбасы, партия төрағасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының жұмысын жан-жақты жаңғыртуды алдымызға міндет етіп қойды. «Нұротандықтардың» бүгінгі басты міндеті Елбасының сенімді тірегі және жаңғыру идеясы мен құндылықтардың насихатшысы болу. Елімізді жаңғырту аясында мемлекет басшысы айқындап берген инновацияның жаңа кезеңіне аяқ басқан, ең дамыған елдердің қатарына қосылу сияқты нақты мақсаттар бар. Соған орай, партия Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған жобаларды жүзеге асыруда да тиянақты жұмыстар атқарып келеді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы да – Қазақстанның дамуына, әлемдік көшке ілесуіне негіз болатын басым бағыт. Партия бұл бағдарламаны жүзеге асыруда тың бастамалар мен ұсыныстардың өзегі болуы керек. Цифрлы технология біздің өмірімізге тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары-ақ батыл енгізіле бастады. Ең алдымен, мектептерді жаппай компьютерлендіру қолға алынды. Компьютерлер кеңседе де, үйде де негізгі ақпараттық құрал ретінде пайдаланыла бастады, ақпаратпен орындалатын кез келген жұмыс компьютер көмегімен жүзеге асырылатын болды.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарлама-
сын жүзеге асыруда 4 бағыт бар. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау.
Цифрлы технология бұдан бөлек денсаулық сақтау және білім беру салаларында да қолданыста. Биыл оны жетілдіру мақсатында Қазақстан мектептерінде электронды күнделік қолданысқа енгізілмек. Сонымен қатар, педагогтар да атқарған жұмыстарының есебі мен жоспарларын қағаз күйінде емес, электронды үлгіде тапсыра алады.
«Нұр Отан» партиясы өз қызметін жаңғырту жұмыстары аясында жаңа 22 партиялық жобаны жүзеге асырмақ. Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы балаларға арналған тегін IT-сыныптар ашуға, арнайы IT-мамандар даярлап, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, өңірлік кітапханалар жүйесін трансформациялауға және кітапханаларды қазіргі заманғы білім орталығы ретінде қайта құруға жол ашылады. Бұл игі бастамалар Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында партия тарапынан қолға алынған игі бастамалар. Еліміз бойынша 1000 IT-сынып ашылмақ. Онда жастар программалау мен робот техникасының негіздері жөнінде жан-жақты білім алады. Бұл бастама мектептерге факультативті пән ретінде енгізіліп, үш айлық және алты айлық курс негізінде жүргізілмек. Соның нәтижесінде жылына 150 мың баланы оқыту көзделіп отыр
Жалпы, мұның бәрі халықтың бақуатты өмір сүруі үшін жасалып жатқан шаралар екенін түсінуіміз қажет. Тұрғындардың әл-ауқаты артып, еңсесі тік көтерілгенде ғана Қазақстан дамыған өркениетті елдердің қатарына, яғни алдыңғы «отыздыққа» қосыла алады.
Күн санап емес, сағат, минут, тіпті секунд санап дамып жатқан қазіргі заманда бір орында тұралап қалудың тоқырауға апаратыны айтпаса да белгілі. Біз ең бастысы, әрқайсымыз партияның міндеті мен миссиясын біліп қана қоймай, оның мәнін түсінуіміз керек. Сондықтан партияның жұмысын жүргізетін нақты, ұзақ мерзімді даму стратегиясының берері мол. Тиімді әрі нақты нәтижелер үшін жұмыс істейтін ұйымдық, саяси және сараптамалық орталыққа айналуымыз керек. Сондай-ақ, Елбасымыздың креативті орталығы ретінде қалыптасып, жүйелі жұмыс жүргізу міндеті тұр. Партия тың бастамалар мен идеялардың негізгі ұйытқысы және жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастыруға қатысатын стратегиялық күш болуы тиіс. «Нұротандықтар» елімізде болған кез келген өткір де өзекті мәселелерге бірден назар аударып, олардың оңтайлы шешілуіне бар күш-жігерін жұмсайды. Ол үшін қолымыздағы барлық тетікті пайдаланып, соңына дейін бақылауда ұстауымыз керек. Бұл ретте жұмыс істеудің алгоритмі мен іс-әрекет стандартын қалыптастырудың маңызы зор. «Нұр Отан» партиясы халық үшін мейлінше ашық әрі қолжетімді болуы керек. Сондықтан еліміздің жарқын болашағы жолында біз аянбай еңбек етуге тиіспіз.

Светлана Бәйтенова,
«Нұр Отан партиясы аудандық
филиалы төрағасының
бірінші орынбасары