31.05.2018, 18:54
Қараулар: 420
Еске алу жиыны өтті

Еске алу жиыны өтті

Елбасымыз Н.Назарбаев «Төр-тінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында «2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтой жылы» деп жариялады. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз деп атап көрсетті. Осыған орай жуырда Шыңғырлау аудандық орталық кітапханасының оқу залында «Астанаға тарту» акциясы аясында «Астананы асқақтатқан 20 жыл» атты поэтикалық марафон өткізілді. Шара барысында қазақ ақындарының Астанаға арнаған өлеңдерін 9 «б» сынып оқушылары мәнерлеп оқыды.
Қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары – ару Астанаға 20 жыл! Тарих үшін қас-қағым сәт. Бірақ мынау өзгерістер өлшемі көз ілеспес жылдамдықпен жарысқан бүгінгі кезең үшін аз уақыт та емес сияқты. Қалай болғанда да, осы уақыт өлшемінің ішінде Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын, қазақ жұртының жас та бас қаласы қалыптасты. Осыдан тура 24 жыл бұрын астананы ауыстыру идеясы алғаш жария етілгенде, бұл тым «ұшқары» пікірдің қаптаған қарсыластары түгіл, ат төбеліндей жақтастары да айналасы 20 жылдың ішінде ел кіндігі – Арқа төсінде осындай заманауи мегаполис бой көтереді деп ойламаған еді.
Содан бергі өткен 20 жыл ішінде еліміздің бас қаласы – Астана төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін жерұйық іспеттес. Дәл қазір Астанада заманауи құрылыс саласының барлық құрылымын қамтитын еліміздің жаңа құрылыс кластері қалыптасты. Бас қаламыздың көркін арттырған сәулет өнерінің озық үлгілері салтанат құрды. «Ақорда», «Астана триумфы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Хан Шатыр» — XXI ғасырдағы сәулет өнерінің озық үлгілері болып табылады. Бұл архитектуралық ансамбльдерге «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» аркасы қосылды. 91 метрлік зәулім тұғырдың ұшар басынан заңғар аспанға ұмтылған самұрық құс азаттық аңсаған әрбір қазақ баласының жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатты.
Еліміздің елордасы Ақмолаға қоныс аударғаннан бергі өткен 20 жыл мемлекетіміздің қауіпсіздігін, геосаяси еркіндігін, террито-риясының мызғымастай беріктігін, ел экономикасының қарқынды даму стратегиясын қамтамасыз еткен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бетбұрыс кезең болып табылады. Жиырма жыл ішінде Астана Қазақстанның шынайы тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен мемлекеттік орталық болып танылды. Болашақта да елдіктің ерен елордасы – Астанада ғасырлар бойы Қазақстан халқының азат ойы мен мүдделері, асқақ арманы мен мақсаттары іс жүзіне асырыла беретін болады.
Г. Жұмағазиева,
Ж. Қазекенова
кітапханашылар

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар