11.05.2018, 18:55
Қараулар: 410
Өмірі еңбекпен өрілген

Өмірі еңбекпен өрілген

Шыңғырлау совхозының №2 бөлімшесі, небәрі алпыс шақты түтіні бар Қайыңды ауылын ес білгелі ең бір еңбектің қайнаған ортасы деп білетінбіз. Оған негіз де жоқ емес. Сол еңбектің нақ ортасында менің әкем жүретін. Астығымен, мал шаруашылығымен өркендеген ауданымызға Амангелді Махметовтың да қосқан үлесі зор. Сол себепті әкем туралы газет бетінде айтуды жөн көрдім.
Кішкене ғана ауылда үш Амангелді болғандықтан бәріне де қосымша ат таңылған. Амангелділердің «Баласы, қарасы, сарысы» болатын. Соның сарысы менің әкем — ауылдастары «сары Амангелді» дейтін. Ал, бөлімше басшысы Нұрмұхан Қасимов әкеміздің атын атамай « Батыр» деп атайтын. Еңбек жолын Шыңғырлау совозында бастаған әкеміз ол кезде 11-ақ жаста екен. Содан 1996 жылға дейін үзіліссіз еңбек етті.
Өзіміз әкемізді таң атып, күн шығы-сымен үйден мүлдем көрмейтінбіз. Ерте кетіп, түнде бір келетін. Демалыс дегенді білмейтін. 46 жыл бойы еңбек демалысын да алмапты. Күн сайын үйден мәшинесіне бір бөлке наны мен бір банкі сүтін, айранын салып алып кеткеннен, қас қарая бір келетін. Үстінен үнемі күннің немесе бидайдың, темірдің иісі аңқып тұратын. Жұмыстан кейін көбіне- көп зейнеткерлерге, мүгедектер мен жалғызілікті адамдарға көмек, қолқабыс етіп жүретін. Күз болса, бау-бақша піскен шақта үйге дәу-дәу қарбыздар, күнбағыс әкелетін. Ал, анамызға бір шелек тары ұсынса, оған гүл әкелгендей көрінетін. Әкеміздің жұмыстан келуін кәдімгідей сағынып күтетінбіз. Кішкене болсақ та алдынан шығып қарсы алып, біреуіміз суын әзірлеп, біреуіміз сүлгісін әперіп, тамақ ішіп алсақ та. үстел басына бірге отыруға таласып жүргеніміз. Ол да бір бақытты кездер екен ғой, бәріміз жиналғанда әлі күнге еске аламыз.
Әкеміздің жазуы маржандай, сөйлес-сең- білімі небір институт бітірген механик-инженеріңнен кем түспейді. Техниканың сан түрін меңгеріп, темірден түйін түйгенін жерлестері біледі. Көлік жүргізуші, әрі жыл бойы темір дәнекерлеуші болып 30 жыл еңбек етіпті. Жүргізуші дегенде бір оқиға есіме түседі: бірде үйге барсам әкем шешемізге қарап «Кемпір, кешегі пенсиядан Айшокенге он мың ұстатшы »-дейді. «Неге, ол кішкене бала емес қой»,- десе, әкем оған, «-Менің шөпір болып машинаға отырғаныма осы қызымның да үлесі бар еді»,- деп жымиып жауап берді. Сөйтсек, мен дүниеге келген жылы аудан орталығында автожүргізушілердің курсы ашылып, ауылдағы механизаторларды совхоз есебінен оқуға жіберіп жатыр екен. Басшылық әкемді жұмыстан босата қоймаған соң, өз еркімен совхоздан шығыпты. Маған төленетін 25 рубль жөргек ақының ақшасына оқыпты. Қолында қағазы бар, әрі техниканы бес саусағындай білетін азаматты сол жылы күзде №3 бригадаға тракторшылардың бригадирі етіп бекітеді. Содан көп жылдар бойы тракторшылар бигадасын басқарды. Ауылға алғаш электр жарығын да әкем өз қолымен өткізген. 1965 жылдың тамыз айынан бастап автокөлік руліне отырып, содан зейнет жасына дейін еңбек етті. Жан — жары Балқиямен өмірдің талай ыстық-суығын өткеріп, қазірде жапырағын жайған бір әулеттің ардақты ақсақалы. Жасы сексенге келіп, бала — шағаның ортасында зәулім ағаштай мейірім төгуде. Оның еңбекқорлығы, шеберлігі балаларына, немерелеріне үлгі. Басымыз қосылғанда, «Балаларым, енді сендер өсіп-өндіңдер, бір-бір үй болдыңдар, өмірде өз жолдарыңды таптыңдар, біреуден артық, біреуден кем өмір сүрудесіңдер, өмірдің бергеніне шүкір деп отырыңдар. Есейдіңдер, қашанда жолдарың ашық болсын» -деп батасын беріп отырады.
Айсұлу Амангелдіқызы