4.05.2018, 16:04
Қараулар: 679
Гір спортының қарқыны керемет

Гір спортының қарқыны керемет

Аудандық балалар мен жассөспірімдер спорт мектебінде спорттық шара өтті. «Динамо» қоғамы БҚО филиалының сыйлығы мен құқыққорғау органдары қызметінің ардагері болған Мәндібай Туғанбаевты, полиция қызметкері Марат Дәулетовті еске алуға арналған турнирге аудан орталығынан, Ақбұлақ ауылдық округінен спортшылар қатынасты.

Гір спортының ауданда жақсы дамуын осы спорт түрінің бапкері, елжанды азамат Мақсот Юсуповтың есімімен байланыстыра айту ләзім. Орынбор қаласындағы институтта оқып жүрген кезінен бастап гір көтерумен айналысқан Мақсот бапкердің өз мектебі, өзіндік жаттықтыру стилі қалыптасқанын көпшілік жақсы біледі. Турнирдің ашылу салтанатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ө.Бекениязов, Марат Дәулетовтің әкесі Ғұсман ақсақал, Мәндібай Торғайұлының ұлы Оралбай, әріптесі Нұртас Ибрашев сөз сөйледі. Осы турнирдің ұйымдастырушысы Аманбек Балманов те естеліктерімен бөлісіп, жылы лебізін білдірді. Мәдениет қызметкерлері шараны жақсы ұйымдастырып, салтанатты жиынға әннен шашу шашты.

Жарыс басталды. Балалар денелерін қыздырып, дайындалу үстінде. Жарыстың барысын қарай отырып жас спортшылардың спортқа ұмтылыстарына, жеңіске деген жігерлеріне риза болдық.

Гір спортында күш те, әдіс те, ептілік те аса қажет. Ал, рухтың биіктігінің орны бір бөлек. 2000-2001 жылғылар, 2002 жылғылар боп топқа бөлінген кішкентай “Толағайлар” мен “Таусоғарлар” бірінен соң бірі ортаға шығып күш сынасуда. Екі қолға екі гір тасын алып кеудеге сала тоқтап, сәл кідіре аспанға серпи жөнеледі.  Әр спортшының гір көтерген саны есептеулі. Төреші қатаң бақылауда.

Келген қонақтар да, жиылған халық та кішкентай балалардың кішкене шаршаған жағында ұрандап, айғайлауына, өзін-өзі қайрауына таң қалды. Әр спорттың өз ерекшелігі бар. Гір спорты міне, осындай.

Жарыс жеңімпаздары арнайы кубокпен, медальдармен марапатталып, ақшалай сыйлықтарға да ие болды. 2002 жылғылар арасында М.Оңғаралиев, Ә.Ермұқанов, М.Оңғаралиев, Ш.Мусин, Д.Армишев, Т.Шон-дыбаев, Н. Қабидуллиев, Ж. Мәдиевтер чемпион атанды.

Ал, 2000-2001 жылғы туғандар арасында Е.Қарабаев, Ж. Бақытжанов, Н.Кереев, А.Әбдірахманов, И. Оразалин жеңіс тұғырына көтерілді. Жарыс барасында Мақсот Юсупов пен Жұбаныш Түймешев жаттықтыратын спортшылардың тәртіптілігіне, қарапайым мінездері мен байсалды қалпына сүйсіндік.

Кезінде бокс мектебінен танылған Шыңғырлау елінде гір спортының дамуы да өте жоғары дәрежеде екеніне көзіміз жетті. Аманбектей азаматтар ұйымдастырған айшықты шара көпке дейін ұмытылмайтыны хақ.

Адақ ТАНАБАЙҰЛЫ