13.04.2018, 15:21
Қараулар: 5
Абыроймен өткен ана — ғұмыр

Абыроймен өткен ана — ғұмыр

Ана-өмір-тіршіліктің бастауы. Құзіреті күшті Һақ-Тағала ана құрсағынан жаратып, барша адамзат өмірге келді. «Бір қолымен әлемді тербеткен» ана құдіретін осыдан-ақ біле беріңіз.

Әуелі ана төсінен нәр алған сәби ғұмыр, өмір бойы сол ананың мейірімі, сүйіспеншілігі, қамқорлығы аясында тамыр жаяды, өркен-дейді. Осындай, бір әулеттің керегесін керіп, жапырағын жайған, үлкен мәуелі баққа айналдырған ардақты ананың бірі — Тойындық апа Сапашева болатын. Иә, болатын деп айтамыз, жапырақ жайған жарқын ғұмыр, жайсаң апа жуырда Жаратқан Алланың дәргейіне аттанған еді. Артында ардақ тұтқан ағайын, құрметтеген ел қалды. Ғазиз жанның болмысын, ғұмыр бойғы еңбегін ұлылық деп ұққан ұрпақтары қалды.
Біреу ерте, біреу кеш өмірден өтеді. Тегермеш-ғұмырдың бұл заңдылығы ешқашан өзгермес. Әңгіме, сол ғұмырды кімнің қалай сүргенінде…?! Ал, Тойындық апа әдемі өмір сүрді, абыройлы тіршілік етті, аймағына аса сыйлы болды.
Тойындық Әбдірқызы 1937 жылы 2 тамызда Шыңғырлаудың Сталин колхозында (қазіргі Ұрсай ауылы) дүниеге келді. Әкесі Әбдір, анасы Злиха да қарапайым, жұмыскер жандар еді. Бұл кісілер бүгінгі ауданымыздағы Айтжановтар, Жұмабаевтар әулетімен ағайындас еді. Кейінірек, тіршілік ағымымен отбасы Ресейдің көршілес Линевка колхозына қарайтын, ел арасында «козоферма» аталып кеткен «Кордон» нүктесіне көшіп кетеді. Осы жерде он жылдай тұрақтап, кейін Шыңғырлау орталығына қайта оралады. Тойындық Сапашева осы жерде Шилі орта мектебін бітіреді.
Тойындық Әбдірқызы кішкентайынан еті тірі-пысық, ашық, қарапайым да қайырымды боп өсті. Оның бойындағы осы болмысы жұмысқа деген жауапкершілігі, еңбекқорлығы, мейірімділік пен пейіл кеңдігі сынды жақсы адами мінездерге бай болатын. Сондығымен елге сыйлы, ағайынға да аса қадірлі болды.
Орта білімін Орал қаласындағы медициналық училище білімімен толықтырған Тойындық апай, оқуын тәмамдап, Шыңғырлау аудандық ауруханасына жолданады. Осы мекеменің ем-шара бөлімінде медбикелік қызмет атқарды, барлық еңбек жолы осы жерде өтті, осы мекемеден зейнеткерлікке шықты.
Тойындық Әбдірқызы 1960-шы жылы тұрмыс құрады. Жолдасы Әбухан Ғалымұлы Сапашев зиялы, қызметкер, дұрыс жігіт еді. Ол кісіні заманында көре қалдық, «Қызылкөл» бас агроном болып жұмыс істегені есімде. Төртпақ денелі, ақсары кісі болатын. Құрдастары ақжарқын мінезі, әзілге бай тілі, жолдастыққа адалдығы үшін жақсы көруші еді. Екеуі 2 ұл, 2 қыз өсірді. Еңбекке бейім, бақытын балаларым деп ұққан жандардың балалары да ақылды, тәрбиелі боп өсті. Төртеуі дежоғары білімді, бүгінде ел экономикасына белсене еңбек сіңіріп жүрген жандар. Үлкені-Гүлжиян 1961 жылы дүниеге келді. Өзбекстанның Ташкент қаласындағы медицина институтын бітірді. Қазір Алматы қаласының ірі кәсіпкері.
Мәлігі — 1962-ші жылғы. Ата-ана тәрбиесі оны да жақсы азамат етіп шығарды. Бүгінде Мәлік Сапашев Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінің директоры.
1967 жылы туылған Айгүл есімді қызы Орал қаласының тұрғыны, өзіндік бизнесі бар кәсіпкер жан. Ең кішісі Серік Сапашев 1972 жылғы. Ол да кәсіпкерлікпен айналысады, Шыңғырлау ауылының тұрғыны.
Ақпейіл ана балаларынан 8 немере, 2 шөбере сүйді. Олардың әуелгі тәрбиесі де осы мейірімі шексіз әже алақанынан басталды.
Ел аузындағы бір әңгімелерде, «-Әке, бізді өсірдің, жеткіздің, адам қылдың. Сол үшін Сізге алғыс айтамыз» — деген балаларына әкесі:
-Балаларым, мен сендерге бір жақсылықты сендер тумай тұрып жасаған едім, соны ұмыттыңдар,- депті.
-Біз тумай тұрып жасалған ол қандай жақсылық?-деген балаларға, әкесі:
-Мен сендерге ақылды, аяулы ана таптым»- деген екен.
Осы бір титтей мысал Тойындық Әбдірқызына қарап айтылған ба дерсіңіз. Өмірде, ортада, ел ішінде өзіндік орнымен, адамгершілікке толы болмысымен аты қалды. Замандастары да аса бір сыйластықпен, құрметпен еске алады. Тойындық апамыз жарқын өмір сүрді, жарқырап өмір сүрді. Балаларының бақытты сәттерін батасымен бөлісіп, тілегімен қуанышын тойлады. Ержеткізді, адам болып еңбек етуге, азамат болып, елге қызмет етуге жол көрсетті. Ол мақсатын орындады да. «Көптің тілегі қабыл» деп жатамыз. Халықтың алғысын арқалаған ақ халатты ананың арманының орындалуы да заңдылық іспеттес.
«Қамшының сабындай» деп мысалдайтын азғана адами ғұмырда өнегелі ізін қалдырған Тойындық Әбдірқызы Сапашева ауылдастарының есінде мәңгі қалмақ.

Адақ Шотпанов