6.04.2018, 17:21
Қараулар: 4
Тоқсанға толған әже

Тоқсанға толған әже

Табаны Шыңғырлаудың жерін басып, суын ішіп, нанын  жеген жандардың көпшілігі, соның ішінде, жасы ұлғайған  адамдар  өзге жерден жайлы қоныс іздемей, тұрғылықты жерінде  қарттықты қарсы алғанды қалайтыны рас.

Біріншіден, жеріміздің ауа райы мен табиғатынан болса керек, екіншіден, туған үйдің табалдырығының өзі неге тұрады,- деседі олар.

Осылай дейтіндердің бірі- қара шаңырақты қастерлейтін, ұлтымыздың  салт-дәстүрін ерекше дәріптейтін, ұл өсіріп, немерелерінің  де тәрбиесіне  елеулі үлес қосып отыратын кейуана  Есқалиева Айғанша  Тінейқызы  жақында  90 жасқа  толды.

Жолдасы  Құмар Есқалиевтың орнын жоқтатпай, Қуаныштай ұл өсіріп, Айсұлудай келініне бар білгенін үйретіп, енді міне, үш немересінің тілеуін тілеп отырған жайы бар. Әжейдің әлі де күш- қайраты сарқылмаған, санасы — сергек, жүріс — тұрысы да ширақ. Жастайынан қалыптасқан  мінезі сол — жалпақтауды білмейтін, тік сөйлеп, кесіп айтатын ер мінезді жан. Оның үстіне, қазақтың әйелдеріне тән қарапайымдығы тағы  бар. Өмірлік серігі де осы  мінезін қатты құрмет тұтқан екен.

Әжей 1928 жылы Қызылкөл ауылында, Тіней мен Шәрипаның отбасында дүниеге келген, өзі үш баланың үлкені  болыпты. Сонау жылдардағы қиын-қыстау күндердің бәрін де жұртпен бірдей  өткерген. Десек те, әкесі колхозда звеновой болғанның пайдасы шығар, соғысқа дейінгі аштық жылдары, жұрт қыстан қиналып шыққанда, бұлар үйдегі жалғыз сиырдың сүтін ішіп, талғажау етіпті, аштан өлмепті. «Осы сиыр бізді асырады»- деп шешесі үнемі айтып отырады екен.

Қабырғалары қатпай жатып-ақ, үлкендермен бірдей жұмыс істепті. Соғысқа дейінгі,  одан кейінгі ауылдың тірлігі балалар мен  кәрі-құртаңның мойнында болғаны рас. Ауылда ер адамдар бірен-сараң. Күні-түні бас көтертпейтін колхоздың жұмысы,  әсіресе, балаларды қатты титықтатыпты. Өгізге, сиырға жегілген соқаның артына еріп, жер жыртыпты. Көктемнің күні тас төбеден шақырайып, жұмыстан  сілелері қатып, талай құлапты. Ондайда  аналары шауып келіп, «тәбілшіден» жасырып, күрек пен  қапшықтан, кішкене  көлеңке жасап  демалтуға тырысады екен. Ол кезде балалардың бәрі масақ теріп,  колхоздың малын бағып, арам шөбін жұлып,  «труда дней» үшін тер төгіп, еңбек етті ғой. Ара-арасында  ауылдың барлық балаларын тышқан аулауға жұмсайды екен. Тышқандардың індеріне су тасып құйып, оны аулап, «Союзкожа»  деген мекемеге тапсырған уақыттары да болыпты. Тағы бір есінде қалғаны — шешесі қырда, малда, қырманда  жұмыс істесе, бұл кішкене  бауырларын бағады екен. Ол кезде қазіргідей сүт құятын бөтелке, емізік деген жоқ. Тарыны  сүтке қайнатып, оның сұйығын қасықпен берем дейді. Төгіп-шашып, шырыл-дап жылаған баланы жұбата алмай, талай қиналыпты. «-Сөйтіп, өлместің күнін көрдік қой, қарағым»-дейді көпті көрген қария.

1942 жылы әкесі Тінейді де соғысқа әкетіпті. Сол кеткеннен келмепті. Соғыстан оралмапты. Кетер кезде, балалар тарықпасын деп кішкене шоланның төбесін тесіп, астық құйып кеткен екен. Сол астық жыл бойына  талғажау болып, бұларды асырапты.

Айғанша әжей жолдасы Құмарды айтса жүзі нұрланып, отағасына деген құрметін шынайы сездіреді, үлкен ризашылықпен әңгімелейді. «Тағдыр  жазуы» дегенге әжей мықтап сенеді, себебі, өзінің басынан өткерген екен. Нақтылап айтсақ, болашақ жарымен  қосылуды Тәңірдің өзі қалағандай оқиға болыпты. Ақтөбедегі екі  жылдық қыздар педагогикалық курсында жүргенде құрбыларының бірі қалада қонаққа барып, бір туысының шыңғырлаулық қыздармен танысуды қалап, оларды  қонаққа шақырғанын айтады. Әдепті де ибалы қыздар бармайды. Келесі жолы да, шыңғырлаулық қыздарды көргісі келеді деген сөзге «-немене, біз көретіндей  зат емеспіз» деп қайтарып тастайды. Сөйтіп жүргенде оқу бітіп, ауылға жұмысқа келсе, алдынан «шыңғырлаулық қыздарды көргісі келетін» Құмар шығып, осында жұмыста жүргендігін айтады. Сөйтіп танысып, дос-тықтары  сезімге ұласып, отбасын құрады. Жолдасының арқасында ел қатарлы өмір сүріп, еңбегі жанып, абройлы, елге сыйлы болған  жан-жарының  шапағатын көп көргенін жасырмайды.

Міне, енді Айғанша апа 90 жасты еңсеріп, үш немересінің қызығына бөленіп, балалық шақта қиындық көрсе де есесіне қазіргі мамыражай заманды көріп, риза көңілмен шүкіршілік айтуда.  Кейуана әрдайым елі-міз — аман, жұртымыз — тыныш болуын  тілейді.

Айсұлу Амангелдіқызы

Суретті түсірген: Қ.ЕЛЕМЕСОВ