6.04.2018, 16:58
Қараулар: 5
Еңбегімен есте қалды…

Еңбегімен есте қалды…

Осы мақаланы жазуға ой-түрткі болған, қазіргі таңда кеңінен және жиі айтылып жүрген «сапалы адами капитал, рухани жаңғыру» деген сөз тіркесі болып отыр.

Жалпы өмір жолымызда бізді жақсылыққа тәрбиелеп, жамандықтан қаймықпай, елге қызмет етуді ата-анамыз, жанұямыз, ортамызбен бірге қалыптастырған сол киелі де шырайлы Шыңғырлау өңірі және оның азаматтары болатын.

Осы әңгімемдегі ойымды бірге қызметтес болған шыңғырлаулық қос азамат жайлы өрбіткім келеді.

Сол азаматтардың бірі — Тоғамбаев Мәндібай Торғайұлы. Ағамыз, биыл егер тірі болса, 80 жасқа толар еді. Ол 1972 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін үздік аяқтағаннан кейін, Ақтөбе облысының прокуратура саласында қызметін бастаған, ал 70-ші жылдардың ортасында Шыңғырлау аудандық прокуратурасына аға тергеуші лауазымын атқаруға жолданған. Ағамыз қызметіне қашанда өте үлкен жауапкершілікпен қарайтын жан еді. Жауапкершілік дегенде мынадай мысал еске түседі:

Қылмыстық әрекеттер қай заманда да болған және болады да, осыған тосқауыл бола алатын жалғыз кедергі — ол осы «тосқауылдың» міндетін атқарып жүрген азаматтардың кәсіби шеберлігі, халықты білуі және мекендейтін жерді білуі және халық алдындағы міндетін жоғары түсінуі негіз болады. 1996 жылы Жаңакүш ауылындағы болған оқиға бүкіл ауданды дүрліктірді. Ол оқиға осы ауылда тұратын жалғыз басты өзге ұлт өкілі- әйел азаматшаның өз үйінде айуандықпен өлтірілген өлі денесінің табылуы еді. Осы оқиға бойынша сол мезгілде құрылған Мемлекеттік тергеу комитетінің БҚО, Шыңғырлау ауданы бойынша бөлімінің қызметкерлерінен жасақталған тергеу тобы оқиға орнына жетті. Болған оқиғаның өте күрделі екенін ескерген басшылар, ауданның Белогор ауылында қылмыстық істерді тергеп жүрген Мәндібай ағамызды дереу алдырды. Мәндібай Торғайұлы келісімен, оқиға болған жерді мұқият қарап шығып, қажетті фототүсірулер жасап, болған қылмыстық әрекетті ашуға бағытталған іс-әрекеттерін бастап кетті. Әңгіме басында айтқандай,  халықты және елді- мекенді мейлінше танып-білудің тиімділігі де осы тұста өз артықшылығын көрсетті. Ауыл тұрғындарын бес саусағындай білетін ол, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен С.К. есімді азаматты уақытша қамау изоляторына жапты. Қылмыс орынын қайта қарап, жіті тексеріп шыққан Мәндібай Тоғамбаев қылмыскердің кінәсін айғақтайтын дәлелдерді тауып, құлып-кілт-тер, жіп, пышақтарды және өзге де заттық айғақтарды алды. Сезікті алғашқы берген жауаптарында «қылмысқа қатысым жоқ» деп тұрып алған болатын, бірақ, ағамыздың кәсіби тәжірибесі және сезіктінің өмір сүру қалпы, айла-тәсілдерін жетік білуі алдында тұрған сезіктінің нағыз қылмыскер екеніне ешқандай күмән тудырмады. Күмәннің аты-күмән, басшылар тарапынан дәл сол мезгілде сезіктінің қылмыскер екеніне сенбеушілік те орын алған еді, бірақ ағамыз тергеу жүргізу барысындағы кәсіби тәжірибесіне сене отырып қимылдады, қажетті қамау санкцияларын алып, тергеуді аяқтады. Тергеу барысында М.Тоғамбаевтың қырағы көзі сезіктінің денесіндегі жарақаттар барын байқап қалады. Іс бойынша көптеген сараптамалар жасалды, оны жасау үшін тіпті Алматыға дейін сараптаулар жолданды. Сот барысында айыпкер болған С.К. өзінің айыбын толық мойындап, тура ағамыз жазған айыптау қорытындысындағыдай жауап берген. Осылай өзінің қызметке деген адал көзқарасымен, кәсіби біліктілігімен өмірде әділдіктің бар-лығын,  «қылмыскер қашанда жазасын тартады» деген ұғымды ағамыз дәлелдеп берген еді.

Әңгімеміздің екінші кейіпкері — замандасым Даулетов Марат Ғұсманұлы.

Марат, егер қателеспесем, ҚСРО ІІМ Донецк арнайы  орта милиция мектебінің түлегі. Аталған мектепке 1988 жылы қабылданып, 1990 жылы аяқтады. Аяқтағаннан кейін Шыңғырлауға келіп, қызметін абыроймен атқарды. Қызмет барысында өзін әрқашанда жоғары жауапкершілікті азамат екенін көрсете білген азамат. Оның осындай болып қалыптасуына ел ішінде абыройы биік ата-анасының тәрбиесі, өзінің өмір  жолында  кездескен өмірлік жағдаяттар, көргені мен тоқығаны әсер етті деп ойлаймын. Марат «Спитак» жер сілкінісі аймағында борышын абыроймен атқарған жігіттердің бірі, ол 1990 жылдың сәуір — маусым айы аралығында төтенше жағдайдағы аймақта қоғамдық тәртіпті сақтау міндетін атқарған еді. Бұл жер сілкінісінің Армения халқына келтірген залалы орасан болды, сол қиыншылықта адами қасиеттердің көп беттері ашылды, азаматтық, ерлік, жанкештілік пен қауіпке бас тігу сынды мінез бен ерік-жігер қайраттылығы көп азаматтардың бойынан табылып жатты. Солардың бірі — біздің Марат болатын.

Бүгінгі рухани жаңғыруды мықтап қолға ала бастаған жаңару, бұрынғыны бүгінгіге үйлестіре ұсынуды алға қойған сәтте, адамгершілік, ар-намыс пен ерлік, азаматтықты жанынан биік қойған батыр бабалардың жолы, кейінгі ұрпаққа жалғас болғанын, бабадан арқауы үзілмеген осынау құндылықты кешегі ағалардың, азаматтардың да биік ұстағаны, енді бабалардың бұл мұрасы бүгінгі ұрпаққа аманат екенін білдіруді, ел азаматтардың ерлік жолын, еңбектегі өмірін үлгі ету мақсатында жазған мақалам еді бұл. Иә, киелі Шыңғырлау өңірінің кісілікті ұлдары, нағыз азаматтары болғанын да тағы көрсетуді мақсат етіп жазып отырмын.

Ел іші аман, заманымыз тыныш болғай!

Аманбек Балман,

зейнеткер