2.11.2017, 18:40
Қараулар: 139
Баймағанбет сұлтанның ақыры

Баймағанбет сұлтанның ақыры

Елек өзеніЖазғытұрым сұлтан Петербордан еліне қайтып келе жатыр екен дейді. Қасында қырық жігіт нөкері болса керек. Ресейдің орманды, өзенді жерінің бәрінен өтіп, еліне жеткенде, Шыңғырлау тасып жатыр екен.
Шыңғырлау тасығанмен Жайық емес,
Біздерге өлең айту лайық емес…-деп кәдімгі жалғыз қызы Зәурешті жоқтағанда Медет ханның өлеңге қосқан Шыңғырлауы.
Тасығанда өткел бермейтін Жайықтай болмаса да, үстінен тіркесіп сең жүріп, ендеп кемерінен асып, шалқып кеткен су төренің жолын бөгеген. «Менің жолыма кесе-көлденең тұратын не күш бар!?» деп менменсіген сұлтанның кеудесіне нан пісіп келе жатқан сияқты. Өйткені, шаруаны жері мен суына ие етіп, қараны хан ұлына теңгеремін деп хан Жәңгір мен патша өкіметіне қарсы шыққан, еңіреген ер Махамбет Өтемісұлының басын кесіп алғаны үшін, патша ағзамның өз қолынан генерал-майор атағын алып, иығына оқалы погон тағып, үстіне сары ала шекпен киіп қайтқан сапары екен.
Құдіретті генерал-правитель сұлтанның «түу!» десе түкірігі жерге түспейтін кезі, жүрген жерін дүбірлетіп, күймеге мініп қоңыраулатып, көлденең көк аттыға жолын кестірмей, «жер әміршісі бір өзім» деп келе ме қалай?
Алайда, өзеннің буырқанып, үйдей сең-дерді шопақ құрлы көрмей үйіріп жатқанын көрген нөкері:
-Байеке сұлтан, судың түсі суық, қарқыны қатты екен. Осы бетке бір күн аялдап тасқын бәсеңдеген соң өтсек қайтер?-десе:
-Судың қарқынынан Баймағанбет сұлтанның қарқыны кем болғаны ма? Мініңдер қайыққа, салыңдар суға ескектеріңді, тартыңдар арғы бетке!-деп бұйырыпты.
Өзі қайыққа алдымен секіріп мінген. Хан қаһарлы, правитель заһарлы. Сары ала шенді генерал сұлтанның бұйрығын екі ету қайда!
Жігіттер ескекке қол қойған…
…Сөйтіп, Сарқыраманың сүйрей жөнелген арнасынан ескекшілері алып шыға алмаса керек. Және, оның үстіне қайықтың бір басы бата бастапты дейді. «Салмақтың ауыры қайықтың артына түсті ме» деп басына жылжиды, басына жылжыса-енді басы тоңқаяды. Қайта кері жылжыса-қайық бөкесесі суға шым бата бастайды. Жігіттерінде зәре қалмаса керек. «Я, Аллалап!» есе түседі, теңселген жақтан екі қабырға қисайып батқан бастан екінші басқа ығысып жөңкіледі. Не керек, іс қиындыққа ұшырайды. Суға кету қаупі әзірейілдей төнеді. «Жігіттер, менің салмағым батты білем, мен түсейін» деп Баймағанбет сұлтан беліне жібек белбеуді шарт буынып, екі ұшын екі мықты жігітке ұстатып, суға секіреді. Атандай ірі және семіз сұлтан суға «күмп» еткеннен кейін қайықтың басы шоршып шыға келеді. Бірақ, «күмп» еткен Баймағанбеттің жібек белбеуінің ұшы ғана екі жігіттің қолында қалса керек, қорғасындай батқан сұлтанды оқпа сарқырама тастай батырып әкеткен, шұңғыма түбінен енді қайтып шығармай қойған…
Қалғандары аман шыққан. Асқанға-тосқан! Мейманасы асып, асылық сөз айтқан Айшуақов төрені «су жұтқан» деседі халық. Бірақ халықтың көмейінде сол кезде айтылмай қалған сөз бар екен.
Ол: «Баймағанбетті халық қарғысы атты! Халқының сүйікті ұлы Махамбеттің басын кестіріп, патшадан барып жандарал шенін алды! Батырдың қанын төктіріп, сары ала шекпен киді! Ақтық-өшпейді, қаралық-ағармайды!» деген осы шығар…

“Ақ Жайық” романынан
ықшамдап жазып алған А.ШОТПАНОВ