2.11.2017, 18:33
Қараулар: 9
Түйеші шал

Түйеші шал

IMG_8508Болған оқиға желісімен…

Сонау тың көтеру жылдарында жер- жерден келіп, талай ұлттың баласы қоныс тепкен, табиғаты малға да егінге де ыңғайлы Лубен совхозының толағай табыстың жері болғаны әлі де талайлардың есінде. Жылдар бойы күзде сап- сары алтын бидай келіп, элеваторға құйылып жатса, қора- қора малы мыңғырып, жыл сайын төл екі есе көбейіп отырған. Қыстақ басында таудай- таудай шөп үйіліп, атақты алма бағы да түрлі жемісімен барлық совхозды, ауданды түгелдей қамтыған.

Қазір айтсақ, бейне бір ертегі сияқты. Осындайда көне көз қариялардың қатары азайып, өткен тарихтан тұшымды дерек айтар жандар азайып бара жатқаны өкінішті. Десек те, сонау ғасыр қойнауынан талай деректермен аңыздар жетіп жатқан заманда, маңызы мен мәні зор оқиғалардың қанша жыл өтсе де ұмытылмасы анық екен. Сөзіме негіз осы Лубенге қатысты айтылатын әңгімелердің ішінде мені ерекше таңқалдырған түйеші шал туралы оқиға еді. Аңыздай болып, халықтың аузында жүрген оқиғаны ұмытылмасыншы деп оны қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім. Оның үстіне редакцияға арнайы келіп, осы туралы жазуды өтінген Алмаз ауылдық округінің әкімі Ғаббас Қайырғалиев ағамыздың өтініші де түрткі болғаны рас.
Басынан бастап айтар болсам, тоқсаныншы жылдар болса керек, совхоз директоры Атырау облысына барып, сол жақтан кәдімгі үлкен кішісі, атаны бар алты түйе сатып әкеледі. Әкелуін әкелгенімен, «мыналарды суғарып, жемдеп, шөп беріп отырыңдар» деп тапсырады да, ал, өзі жөпелдемеде оларға бақташы таба алмайды. Оған дейін бұл жерде жылқының түр- түрі, ірі қара, қой- ешкі, тіпті ұлты басқалар шошқаны да ұстапты. Барлық түліктердің де кәдімгідей өнімі де, өсімі де көп болған жылдар болыпты. Бірақ, өкінішке орай адамдардың бірде — бірі түйе бағып көрмепті. Соншама малды өсіріп отырған лубендіктер түйелерді бақпақ түгілі жақындауға қорқыпты. Күн өткен сайын түйелер азынап, боздай бастайды.Әлде, туған жерлерін сағына ма, әлде күтімдері жоқ, жағдайларына шағынды ма, әйтеуір, ауылдың мазасын алып, боздайтын әдет табады. Азынаған, боздаған түйелердің дауыстары жүрек шымырлатып, тіпті директордың өзі де «неге әкелдімге» қалады. Күндер өте береді, адамдардың мазасы кетіп, ал, түйе байғұстар әбден аза бастайды. Ал, ауылда түйе бағам деген ешкім топтан суырылып шықпайды, бағуға жүректері дауаламайды. Түйе баға білетін дұрыс бақташы табыла қоймайды. Айналадан бақташы іздей бастайды. Сөйтіп, күндердің бір күнінде ауылдастардан сұрастыра келе, Атырау облысының тумасы болып келетін Кенжеғали Қарабайұлына қолқа салуға бекінеді. Сөйтіп, көп ойланбай, қартқа келеді. Бір беткей мінезді, кез-келген адам оның бетіне тіке қарай алмайтындай айбарлы қартқа келгенімен, ауыл басқарып отырған жан көпке дейін алыстан орағытып, қарттың үй-жайын, денсаулығын сұрап, келген шаруасын біразға дейін айта алмайды. Өтірікті жаны сүймейтін, жалпақтауды тағы білмейтін зейнеткер оның неге келгенін бірден түсініп, бірақ әліптің артын бағып, біраз үндемей тыңдап отырады. Ақыры келген шаруасын айтып, қарияның бетіне үміттене қарай бергенде, «болды» дегендей қолын көтеріп тоқтатып, былай дейді: «Үлкен шаруамен келген екенсің.Түйе малына көп күтім керек. Оның шұбатын ішіп, төлін көбейту оңай шаруа емес. Тағы бір айтпағым, мынау түйе киелі жануар. Оны өзге жерге әкелерде барлық жағдайын ойластырып, бақташыны да сайлап алу керек еді.
Шаруасының шешілеріне күмәні қалмаған басшы тез арада еңбек-ақысының мөлшерін айта бастайды. Қария оны тағы да қолын көтеріп тоқтатып тастап, өзінің шартын айтады.- «Ең алдымен мына түйелерге ыңғайлы жайлы қора салып бер. Жем- шөбін толтыр. Сонда ғана мен бағам, ал, кемпірім сауады. Әр айдың соңында қанша берсең де өзің біл, еңбекақымды барып кемпір алып тұрады. Басқа ештеңе сұрап басыңды ауыртпаймыз. Шұбат керек болса, күндіз де, түнде де келіп алып тұрасындар»-дейді. Сонымен сөз бітіп, қарт,- «Енді бұл жануарлар сенің кеңсеңе келіп жаутаңдап тұрмайды» — деп кесіп айтыпты.
Сөйтіп, қуанышы қойнына сыймай жұмысына келген басшы тез арада адамдарын жиып тапсырма беріп, қорасын салдыра бастапты. Жем — шөппен қамтып, сол келісімді бұзбапты. Жылдар өтіп, түйелер жаңа жерге үйренісіп, төл бере бастапты. Әсіресе, әрбір ботасының дүниеге келуі қарт пен кемпірге кәдімгідей жұмыс болыпты. Қарттықтарына қармастан уәделеріне тұрып, аяқтары серейген, денелеріне қарамастан өте нәзік келетін боталарды өз сәбилеріндей баптап, қатарға қоя бастайды. Түйелер жерсініп, көбейе бастапты. Түйеші шалдың кемпір екеуі өндірген шұбатты сонау Алматы, Оралдан келген қонақтардан бастап, ауыл халық түгел ішіпті. Ал, түйе баққан қарт «Түйеші шал» деп аталып кетіпті. «Түйеші» деген аты болмаса негізінен атай көзі қарақты, алысты болжай білетін, қиындыққа мойымайтын жан болыпты. Руы- Таз, 1919 жылы Атырау облысында дүниеге келіп, қиын-қыстау заманда осы жерге қоныс теуіпті. Ол өзі өте әділ, бойына адамгершілік тұнған жан болыпты. Балаларына түгелдей жоғары білім берген, жылдар бойы совхоздың малын баққан, ал әйелі Нақия он бір құрсақ көтерген жан екен. Балаларымен қыздарына ана ретінде ең жақсы қасиеттерін дарыта білген, еңбекқорлыққа, кішіпейілділікке баулыған.
Жылдар өте келе шүңкиген шал мен кемпірге жаңа туған жас ботаны үйден — қораға, қорадан- аулаға күні- түні тасып, баладай мәпелеу оңайға соқпайды. Сонда да директорға берген уәдесінен таймай біраз жыл түйе бағады. Бір жылдары денсаулығы сыр беріп, төсек тартады. Түйелерді ауылда шаруа қожалығын ұстап отырған адамға тапсырады. Бір күні Кенжеғали қарт өмірмен қош айтысады. Жан — жаққа хабар айтылып, мал сойылып, «түйеші шалдың» қазасына халық көптеп жиналады. Арулап жерлеуге дайындайды. Түнде күзетте адамдар отырып, өткен-кеткенді, қарттың жақсылықтарын тере бастайды. Сөйтсе, біреуі сыртқа шығып, шалдың қорасының артында алты түйе келіп жатқанын айтады. Сонда бір үлкен кісі: — «Ее, бұл түйеші шалдың түйелері болды ғой» — дейді.
«Түйеші шалдың» баласы, дәрігер Абдолла Қарабаевтың да осы оқиға есінде ұзаққа сақталып қалыпты. Әкесі өмірден озып, бала- шағасы, келін-

кепшік ертеңіне қартты жерлеудің қамымен жүгіріп жүрсе, кешқұрым көздері шалып қалады, маң-маң басып алты түйе бұлардың үйлеріне қарай келеді екен. Алдарына шығып қайырғандарға дес бермеген соң, ешкім оларды енді қайырмайды.Сөйтіп, олар түнімен «түйеші шалдың» қорасы артында қонып шығады. Ал, таңертең қартты арулап, адамдар намазға тұрып, бүкіл ауыл болып, ақтық сапарға шығарып салады. «Түйеші шалдың» мүрдесінің соңына ерген адамдар қарақұрым, сөйтсе, адамдардың ең соңында түйелер де қатар тізіліп, ауыл шетіндегі кішкене көпірге дейін шығарып салады. Кәдімгі қайғы жұтқан адамдай бастары салбырап, үн-түнсіз ауылға кері қайтады. — Әкемді ақтық сапарға шығарып салған жұртшылықпен бірге алты түйенің де келуі мені қатты ойлантты. Әкеміз оларды балаша мәпелеп, күтіп-баққан еңбегіне олардың ризашылығын осылай білдірген болар деп ойладым. Түйе киелі десек те, қарттың өмірден озғанын олар қалай білген, ал, біздер марқұмның жанында күзетте отырғанда олардың үнсіз келіп, қораның артында таң атқанға дейін жатуы, ал, зират басына қарай адамдармен бірге шығып, шығарып салғандай бастарын салбыратып үнсіз еріп отыруы мені қатты қайран қалдырды. Сонша жыл өтсе де әкемді еске алғанда сол алты түйе де есіме түсіп, ақ бұлттарға еніп бара жатқан ата-анамның артынан сол алты ақ түйелер де еріп бара жатқандай болады да тұрады, -дейді ол.
Ауыл халқы, бала-шаға көріп, мына түйелердің, «Түйеші шалдың» атының да тегін емес екендігін түсінгендей болады. Жануар десек те, олардың иесіне деген адалдығына, құрметтеу шарасына риза болады. Қарияның қазасына алты түйенің де қа-тысқанын ауылдастар көпке дейін айтып жүріпті.
Иә, бұл жаратқанның құдіретіне күмән жоқ, тылсым дүниенің сырына жеткен адам жоқ!
Айсұлу Арыстанова

Түсініктеме

Ассалаумағалейкүм! Бул ақпаратты газет бетіне шығарғаныңыз үшін көп-көп рахмет сіздерге. Бұл түйеші ата менің анамның әкесі,яғни менің нағашы атам…