12.10.2017, 19:02
Қараулар: 24
Әкесін ұлықтады ұл-қыздары

Әкесін ұлықтады ұл-қыздары

IMG_7686Біз атбасын орманшы болып қызмет атқаратын Аталық Қаймулдиновтың үйіне бұрдық. Қонақжай отағасы, ақжарқын жеңгеміз Меңсұлумен қуана қарсы алып жатыр. Бүгін Қаймулдиновтер әулетінде айтулы күн. Ұл-қыздары әкелері Асмақ ақсақалдың 100-ге толатын күні еді деп, ас бермекші.

Сәнді шаралар сәтті болды. Ұзақ жылдар бойы осы ауылда меңгеруші қызметін атқарған Асмақ әкеміздің асындағы спорттық  шаралардан арқан тарту,  1000 метр қашықтыққа жүгіру, қой көтеру, асық аты ойындары өтті. Арқан тартудан Шоқтыбай мектебінің қызметкерлері жеңіске жетті. Сондай-ақ, жүгіруден Шоқтыбай мектебінде дене тәрбиесі пәні мұғалімі  Армат Сәлімгереев бірінші болып келсе, екінші, үшінші орындарға Дархан Исламбеков пен Ақтан Нұржанов ие болды. Ал, асық атуданүлкен то, кіші топ болып екіге бөлінді. Бұл сайыста  кіші топтан Диас Машгулов-І орын, Асылан Арыстанов-ІІ орын, Бекенова Қарақат ІІІ орын алды. Асық атудың шеберлігін танытқан Гүлсім Искакова үлкендер арасынан жеңімпаз атанды. Екінші, үшінші орындарға Марат Қойшыбаев пен Зибагүл Шыбынтаева орналасты. Кезек қой көтеру жарысына келді. Салмағы 50 келіге жақын мүйізді, семіз қойды  Армат  15 рет аспандата көтеріп жеңіске ие болды.

Ендігі қызыққа қараңыз. Табиғатынан әзіл-қалжыңға жақын жүретін тиянақты Аталық ағамыз жеңімпаздар мінетін тұғырды кесілген томардан жасап қойыпты. Нағыз ауыл тойына лайықты деп.

Бәрекелді, шара аяқталды.

Мектеп мұғалімі көтерген қойын алды. Қалғандарына сыйлыққа костюм-шалбар, берілді.

Ауыл тойы сәнді өтті. Осындай тойлар ауыл халқы үшін қажет-ақ. Бірлігі артқан, тұрмысы жайлы шоқтыбайлықтар бір жасап қалды.

Бар өмірін елге қызмет етуге арнаған, Ұлы Отан соғысына қатынасушы жеңіс сарбазы Асмақ Қаймулдинов  мұндай құрметке әбден лайық.

Әділдігімен, турашылдығымен аты шыққан әкесі туралы айтқан сөзінде кенже ұлы Ақылбай: «Бізді адалдыққа, еңбек етуге жасымыздан тәрбиелеген әкемізге ризамыз. Қиындыққа төзіп, әр салада табысты еңбек етіп жүрген бауырларымның жетістіктері әке тәрбиесінің жемісі деп білемін,-деді.

Ардагермен бірге еңбек етіп, көрші тұрған зейнеткер Сағит Таңбаев: «Асекеңнен көп нәрсе үйрендік. Аса таза, талапшыл адам болатын, иманды болып, есімізде мәңгі жүре берсін»,-деген тілегін жалғады.

Ия, әр адам қоғамның байлығы десек, мәуелі бәйтеректей ұл-қыздарына өмір сыйлаған қадірлі қартқа арнаған шара осылай екенін делелдегендей.

Жақсыны жарқырата көрсетіп, барды бағалай білгенге не жетсін! Лайым солай болғай!

Адақ ШОТПАНОВ