15.09.2017, 15:25
Қараулар: 108
Еділ мен Жайықтың құдалығы

Еділ мен Жайықтың құдалығы

1389250175Қазақтың Алау батырының заманында болса керек, Еділ мен Жайық есімді екі адам өмір сүріпті. Еділ Еділдің арғы бетін, Жайық Жайықтың шығыс бетін қоныстаныпты деседі. Еділде ұл, Жайықта қыз бар екен. Сөйтіп екі дос ұлы мен қызын атастырып, құдалыққа келіседі.

Ерте кезде екі жас жақынырақ танысып, бірін-бірі зерттеп, білісу үшін күйеу жігіт қыздың ауылында бірнеше ай, тіпті бір жылдай қонақ болатын. Осы ғұрып бойынша Еділдің баласы қалыңдығының ауылына аттанады. Болашақ жекжаттарының үйінде бір жылдай болып, ауылына қайтар кез келеді. Жігіт аттанарда қалыңдығы:

-Енді қашан келесің?- деп сұрайды.

-Алдағы жылдың көктемінде, қаздармен бірге келермін,- депті күйеуі.

Көктем шыға Жайық келіндеріне жас жұбайлардың ақ отауының киізін бастырады. Жеңгелері түрлі-түсті кілемдер тоқи бастайды. Сонда олардың қастарында отырған ұзатылатын бикеш мырс етіп күліп жіберіпті. Өзі өмірінде бір рет те күлмеген қыз екен. Жеңгелері одан:

-Айналайын, бикешжан! Күл-геніңді көрмеген едік, не нәрсеге күлдің, айтшы?- деп жабыла сұрапты.

Қыз айтпайды.

Ақыры кеш бата кіші жеңгесіне сырын ашып:

-Былтыр күйеу шіркініңізден аттанарда «енді қашан келесіз?» деп сұрағанымда, «Алдағы жылы көктемде қазбен бірге келемін» деген еді. Қаз- қанатты құс, жердегі адам қанатты құсқа ілесе ала ма? Ал, келсең көрейін, қазір ғана бір топ қаз өтті, соған күлдім,- депті қыз. Сол мезетте біреу төбенің басынан адамның сұлбасын аңғарып қалып:

-Анау төбенің басында манадан бері атын ұстап бір адам отыр, не қылған адам?-деп басқалардың назарын аударыпты.

-Кім екенін барып көрейік,- десіп, жақындап келсе, болашақ күйеубала екен. Ауылдағы қыз-келіншектер қуанып, улап-шулап алдынан шығыпты. Сонда күйеу:

-Мен әзір осында отырамын, менің өзіме бір отау, атыма бір отау тіктіріңіздер, сол біткен соң барамын, Аттың отауының ішіне сирақтан келетін етіп, екі астау жасатыңыздар, біріне сүт, біріне су толтырыңыздар,- депті.

Ауыл адамдары күйеу жігіттің айтқандарының бәрін орындапты: екі үй тігіп, аттың бір жағына сүті бар астау, екінші жағына суы бар астау қойып, екеуін өз отауларына апарыпты. Артынан ел тойды бастап, ойын-сауық құрыпты.

Ойын-тойдан соң үйіне қайтып бара жатырған бір зуылдаған әйел «-арнайы отау тіктірген неғылған ат, көрейінші» деп сабаумен туырлықтың етегін көтереді. Қараса, жай ат емес, қанаты бар, пырақ жылқы екен. Аттың сүбелігінен артқа қарай біткен қысқа екі қанаты бар екен, бірін сүтке, бірін суға малып, суып тұр екен. Кенет, тұлпар өзіне әйелдің қарап тұрғанын сезіп қалып, шошына шыңғырғанда, кеңірдегі үзіліп, өліп кетіпті.

Тұлпарын өзі келген төбенің басына апарып, адамша жерлеген жігіт ауыр қайғыға батып, теріс қарап жатып алады.

Бір күні атасы Жайық келіп:

-Тұрсын, (жігіттің аты Тұрсын еді) уайымдай берме, қалай дегенде де ол да басқалар сияқты ет пен теріден жаралған хайуан еді ғой,  орнына басқа ат беремін. Сол атпен ертең шығып, бір күнде ауылыңа жетесің, әке-шешеңнің қасына бір қонып, ертеңіне мұнда қайтып келесің. Бару-келу жолында не көрсең де соның бәрін есіңе сақтап, маған баян етесің,- депті.

Жігіт айтқанды орындапты, ат та атасы айтқандай жүйрік, жақсы ат болып шығыпты.

Атасы амандасып болған соң, күйеубаласынан жолда не көргенін сұрапты. Күйеубаласы:

-баруда ештеңе көрмедім, қайтар жолда тірі жан жоқ жапан түзде қосақтаулы тұрған көп қойды бір жетім қозы еміп жүр, бірақ қанша емсе де тоймайды, соны көрдім. Одан соң айдалада тұрған аппақ отауды көрдім, қасына келіп айқайлап едім, ешкім дыбыс бермеді. Атымнан түсіп, есігін ашсам, үйде адам жоқ, іші тола сасыған өлімтік. Үйден шыққанымда өз жөнімен кетіп бара жатырған бір топ қыз-келіншекті көрдім, қуып жетіп, қосылайын деп қаттырақ жүрсем де жете алмадым, ақыры олар ұзай-ұзай көзден ғайып болды,- депті.

Сонда атасы Жайық:

-Жапан түздегі қосақта тұрған көп саулық- халық қой, оларды сорып, еміп жатқан жетімек қозы халықтың қанын сорып, қанша жеседе тоймай отырған байлар мен әкімдерге мысал, Мидай даладағы ақ отау- осы күндегі адам, біздерміз, сыртымыздан қарасақ, сондай әдеміміз, ал, ішіміз толған сасық арам ой,  айдалада сен қуып жете алмаған бір топ қыз-келіншек- осы келудегі арманың, мақсатың еді, бұл мақсатың жеткізбей кетсе, бос қайтады екенсің, шырағым,- депті.

Келесі күні күйеу атасы сыйға берген жүйрік атына мініп, ауылына, әке-шешесіне аттанып кетеді. Сол күні қалыңдығы «ауырдым» деп жатып қалған екен, ауруы жаман болып, бір-екі күннен кейін дүниеден қайтыпты.

Күйеу қалыңдығының қазасын естіп,  екеуіне қосылуға жазбаған аяусыз тағдырына күйініпті. Қызды өз қолымен қанатты пырағын қойған төбенің басына, торы аттың қасына жерлеп, жылап-жылап, еліне қайтыпты.

Осы күнгі ауданымыздағы «Торыатбасы», «Қыземшек», «Шыңғырлау» деген жер-су аттары содан қалыпты деседі.

(“Қазақ ертегілері” кітабынан…)