31.03.2017, 18:06
Қараулар: 612
Көшелі іске көп сүйінсін!

Көшелі іске көп сүйінсін!

17554120_281048545640254_8347334397367783114_nЗамана ырқы нарықтың ыңғайына икемделіп, халық талғамы уақыт талабын түсініп болды. Әуелгі қарқында жаппай көрініс алған ауыл халқының қалаға көшуі- урбанизацияның да әбден саябырлаған тұсы. Қазір әрбір адам қалада да, далада да тырбынған жанға тіршіліктің барын әбден біледі. Бүгінгі ауылдағы ағайын қолындағы жұмысын қадірлеп, қорадағы малын көбейтіп, алаңсыз тірлік кешуде. Елдегі жағдай да осы мамыражай тірлікке құрылған- табиғи газбен қамтылып, таза ауыз суы үйге келтіріліп қойылған. Кәсіппен айналысам деген жанға жан-жақты мемлекет жәрдемі мол. Байланыс жүйесі, телеарналармен қамту мәселелері де шешілген. Осындай негізгі қажеттіліктердің бәрі қамтылған ауылдың нағыз жайлы мекен екендігіне шүбә жоқ. Көпшілікті қалалы жердің күнделікті у-шуынан ада, табиғаттың тұнық таза үні ғана естілетін, жаның мен тәнің қатар тыныштық табатын ауыл тірлігі шынында да кім-кімді де қызықтырары сөзсіз…!
Алмаз ауылының тұрғыны Тілеуберген Барақбаев қоңторғай тірлік кешкен қарапайым шаруа кісі. Екі баласы бар, 1 жиеннің атасы. Жұбайы Алмагүл ауыл әкімдігінде жұмыста. Шаруаға икемді жігіт өз ауласынан бордақылау алаңын ашып қойып отыр. Шаруасы шағын, табысы бар, жоспары ауқымды.
-Барлық игілікті іс пен жетістіктің артында үлкен еңбек жатыр. Еңбек, табандылық және салқынқанды сабыр- міне, болашақ үлкен табыстың кілті. Қазір, шаруа бастауға, ауылда отырып үлкен бизнес жасауға өте қолайлы уақыт, мемлекеттің көмегі көп, несие шарттары ыңғайлы. Халықтың басым көпшілігі осы отбасылық бизнеске икемделуі керек, сонда ауылды жарқырата көтеріп, жағдайды да әбден түзеуге болады,- дейді шаруа.
Тілеуберген Шайдаұлы ауласындағы бордақылау алаңында 20 бас ірі малды бордақылап отыр. Шағын болса да тұрақты және көлемді табыс әкеліп отырған бизнес.
-Бордақыға қойған мал басын осыдан төмендетпеймін, жылдың қай мезгілінде де бордақыда мал тұрады. Алдағы жазды құс шаруашылығына арнағым келіп отыр, бұйырса 1000 бас құс өсіріп көруді ойлап отырмын,- дейді Тілеуберген Барақбаев.
Тілеуберген өз ауласынан жарқыратып, үлкен етіп жаңа үй де салыпты. Жалпы көлемі 120ш/м үйдің іші де кең, жарық және жылы. Әрбір есігіне 30 мыңнан ақша төлеп, заманауи үлгіде әрлеген үйдің ішкі көрінісі қаланың үйіне бергісіз.
Бұған дейін де ел ішіндегі осындай көпке үлгі етерлік үй-жайларды насихаттап жүрген маған бұл жағдай аса ұнады. Қарапайым ауыл азаматы ауылдың өзінде тұрып-ақ, қаланың баспанасынан титтей де кем емес үй тұрғызып алған. Тамаша емес пе?! Бұл көпке үлгі өнегелі іс. Бұл дегеніңіз ауылдағы ағайын осыдан үлгі ала отырып, «хан сарайындай» үйлерді көбейте береді деген сөз. Неге көбейтпеске…?! Газы бар, суы бар, жарығы бар, жұмыс пен жағдайы бар және жол қатынасы да бар.
Шаруасы шалымды жігіттің тәп-тәуір өміртіршілігін ауылдағы ағайын біле жүрсе деген ниетпен газет бетіне жарилауды қолай көрдік. Көшелі іске көп сүйінсін!

Қаршыға Елемесов,
Шыңғырлау ауданы