31.03.2017, 11:52
Қараулар: 4
«Қашықтықтан» оқыту

«Қашықтықтан» оқыту

Соғыстан кейінгі жылдар. Халықтың Жеңістің қуанышынан көңілі көтеріңкі шағы. Ауылдық жердің өзіндік шешімін таппай жүрген мәселелері де бар. Солардың бірі – мұғалім кадрлардың жетіспеуі. Кешегі қару ұстаған солдаттардың еті тірі, көзі ашықтары қалам алып, ұстаз атанған сәт. Ниет — тілегі түзу болғанмен білігі мен білімі жетіспейтіні де белгілі. Шағын ауылдағы бастауыш мектепке районо-ның инспекторы болып істейтін жас жігіт келе қалады. Жұмысқа жаңадан кірген қуаныштың буы басыла қоймаған, әрі өзін аудандағы бар мұғалімдердің басшысы болмағанымен, тексерушімін деп жүргендіктен бойында біраз биліктің қуаты да жоқ емес. Осылайша тексерушіміз ауылдағы бір мектепке іссапармен келе қалады. Әктеліп, ағаш қоршаумен қоршалған мектеп үйін тез тауып алады. Екі пәтерлі үйдің бір жағы бастауыш мектепке берілген екен. Есікті қағып еді, ешкім аша қоймады. Кіріп келсе, ұл-қыздар аралас 10 шақты бала класта отыр екен. Ағаш парта, сиясауыт пен қалам алдарында, дәптерлері мен оқулықтары да бар. Міне, ғажап! Мұғалім жоқ. Балалар өздері оқып жатыр. Өзара сөйлесіп отырған оқушылар бұл кірген соң тып-тыныш бола қалды. Артқы партаға жайғасқан инспектор мұғалімді күтіп отыра береді. Балалар бөгде кісіден қысылып, мұрындары пысылдап, сабақтарын орындауға кіріседі. Уақыт жылжып өтіп жатады. Кенет: «Әй, жүгірмектер, неге тынышталып қалдыңдар? Тапсырма орындап болдыңдар ма?»-деген дауыс саңқ ете қалады. Инспектор аң-таң. Балалар жымың-жымың етіп жұмыстарын жалғастыруда. Келген өкіл абайлап қараса, дауыс тақта жанындағы кішкене терезедей тесіктен шығып тұр. Бұған түсінбеген инспектор жан-жағына таңырқай қарады. Мәселенің мәнін алдыңғы партадағы пысық қара бала шеше қойды.
-Ағай, ана жақта шәй ішіп жатыр,-деп сыбыр етті сабазың. Ашуын ақылымен басқан өкіл жігіт үйдің екінші есігінен кіріп барса, дастархан жаюлы, күрең шәй самауырынмен, заузаның майы, күрең бауырсақ пен құрт-ірімшік. Амандықтан соң: «Мен аудандық білім бөлімінің инспекторы едім, сіздің жұмысыңызбен танысуға келдім»,-деді аудандық өкіл. «Ойпырмай, ұят болды-ау»,-деп бәйек болды әрі үй иесі, әрі мұғалім.
Абырой болғанда, қоңырау соғылып, балалар үзіліске шықты. Сабақ жоспары да, сабақ кестесі де тексерілді. Аса қатты кемшіліктер болмай шықты. Шамасы, келген инспектор да құдайына қараған адам болар. Хамит ағамыз (Бижанов): «Біз тексергенде ешкімнің бетін тырнап, көзін шұқымаймыз, батырып-батырып сипаймыз»,-деуші еді. Жарықтықтың айтқан сөзін періште құлағына ілсе, кәне. Содан соң сабақ кестесі де дұрысталып, шай да уақытылы ішіліпті деседі. Ал, сол ұстаздан оқыған балалардың үлкен азаматтар болып өскенін көзіміз көрді, жерлестер біледі.

Адақ Шотпанов