13.03.2017, 17:47
Қараулар: 127
Тұтықпаны болдырмау және оны түзеу жолдары

Тұтықпаны болдырмау және оны түзеу жолдары

Без названия (47)Тұтықпа – сөйлеу мүшелерінің, бұлшық еттерінің тартылу салдарынан сөйлеудің ырғақтығының, жылдамдығының бұзылуы. Экологиялық, психологиялық фактордың әсерінен және белгісіз себептерге байланысты сөйлеу қабілетінде ауытқуы бар, мүмкіндігі шектеулі балалар саны жылдан жылға көбейіп келді.
Тұтықпа пайда болған уақытта бірден түзету шараларын қолдану керек. Әдетте, бұл кемістік бастапқы сатысында жеңіл түрде болады, бірақ жеңіл де әрең байқалатын тұтығуы бірте – бірте күшейе түсуі мүмкін. Тұтықпаны басталған мерзімінен көп уақыт өткен сайын, баланың мінез – құлқының өзгеруіне себепкер болатын ауыр да, тұрақты кемістікке айналады. Ол баланы қалыпты қарым – қатынастан айырады, өзіне деген сенімсіздік пайда болып, жақсы оқуына да кедергі жасайды. Сондықтан, аталған сөйлеу кемістігін баланың мектепке келмей тұрған кезінде түзету керек, өйткені мектеп жасына дейінгі тұтықпа балалармен жүргізілген жұмыс нәтижелі болады.
Тұтықпамен күресте кешенде әдістерді қолдану жағдайында ғана үлкен жетістіктерге жетуге болатындығын теория мен практикада жүзінде дәлелденіп отыр.
Тұтықпамен күрес кешенді әсер ету мынандай бағыттардан тұрады:
1.Медициналық ем беру арқылы әсер ету. Ол баланың жүйке жүйесінің қызметін қалыпты жағдайда болуына мүмкіндік жасайды және психотерапия мен логопедиялық жұмыстар үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Жұмыс нәтижесін айқындай түсуге көмектеседі.
2.Психотерапиялық әсер ету. Барлық логопедиялық жұмыс кезінде жүргізіледі. Ол баланы тұтығусыз сөйлей алатынына сендіру. Бұл бағыттағы жетістіктерге құрбыларын, тәрбиешілерін немесе ата-анасын қатыстыра отырып, баланың көңілін аудару.
3.Логопедиялық әсер ету. Бұл ұзақ уақыт бойына, жүйелі түрде жүргізілетін жүйелі сабақтар кешені. Бұл сабақтың негізгі мақсаты өмірдің кез келген жағдайында тұтығудың жеңіл түрінен бастап, күрделі, қиын түрлеріне дейін балаларды дұрыс және еркін сөйлеуге дағдыландыру болып табылады.
4.Логопедиялық ритмді ырғақ. Сөзді аңық, қимыл-қозғалыс әуенін тыңдау, айту арқылы реттеу, дамыту, сөйлеу кемшілігін түзеу. Ол әртүрлі жаттығулар мен ырғақтар немесе балалардың сөйлеуіне байланысты қозғалыс ойындарынан тұрады. Мұндай жаттығулар мен ойындар жалпы және сөйлеу моторикасының дамуына ықпал етеді, сигнал бойынша әрекет жасауға, өзін-өзі меңгере білуге, ырғақты сезінуге тәрбиелейді, қозғалыс координациясын дамытады.
5.Тұтығатын баланың жеке басына қоршаған ортасының әсер етуі. Бұл түзеу – тәрбие жұмыстарының барлық кезеңдерінде жүзеге асырылады. Мұғалімдер мен ата- аналар баланы өзінің сөйлеу кемістігін түсініп, сабақтарды әрбір кезеңдеріндегі қол жеткен жетістіктерді сезінуіне қолдау жасап, түбінде толық болатын, яғни тұтығудан біржолата құтылып, дұрыс сөйлей алатынына көзін жеткізу керек. Тұтығудан айыру үшін баланың араласатын ортасының дұрыс сөйлеуінің үлкен маңызы бар. Балалар баяу, асықпайтын, бірқалыпты сөйлеуді түсіну керек. Сонда олар өздері де қалыпты сөйлеуге дағдыланады.
Ата –аналар, егер бала сирек тұтықса да, дереу маманға апару керек. Кішкене стрестің болуы, қорқу және шаршау тұтығуды күшейтуі мүмкін.
Тұтықпаны болдырмау үшін баланың артикуляциялық аппараты бекімейінше 4 жасқа дейін дұрыс, таза сөйлеуге үйрету, дұрыс айтылмаған сөздерін дұрыстауға мән беру керек.
Тұтықпаны жоюды тиімді ұйымдастыру үшін үйде тыныш жағдай жасау керек. Ұзақ уақытқа дейін баланы қонаққа апаруға болмайды. Осы уақыт аралығында өзінен кіші, мінез-құлқы ұқсас балалармен ойнауы тиіс. Бала сөйлеуі дұрыс қалыптасса, жүйке жүйесінің тынығуына, демалуына мүмкіндік береді. Теледидардан балаға тек қана жас ерекшелігіне сай фильмдер мен бағдарламалар көрсету керек, және ол ұзақ уақытқа созылмауы қажет. Баланың өз еркімен жұмыстануы үлкен жетістікке жеткізуі мүмкін.

С. Қарабалина,
ППТК логопеді

Түсініктеме

Салеметсізбе менің кызым екі жарым жаста уш куннен бері бас аріпті айтканда тұтығып калатын болды кандай маманга апарсам болады отінем жауап беріңізші