9.03.2017, 12:04
Қараулар: 50
Қорапшадағы сурет

Қорапшадағы сурет

IMG_3939 - копияӘріптесіміз, аудандық үнқағаздың сапалы да әрлі шығуына үлес қосып келе жатқан Бақыт Баймағамбетова тек өз ісінің маманы ғана емес, жүрекке жетер, өмірмен үндес шағын әңгімелер жазуды да жатсынбайтын жан. Бақыт Мұхамбетнағымқызының шағын шығармасын мереке күні өздеріңізге ұсынамыз.

Үй жиыстырып жүріп кішкентай қорапшаға көзім түсті. Онда  бір кездегі  бауырларымның ауылдан жазған хаттары сақтаулы тұратын. Бұл күнде өз шаңырақтары бар інілерімнің 6-7 жастарында  жазған хаттарын қарап отырып екіге бүктелген,  сурет салынған қағаз қолыма ілікті. Астына «кішкентай  Дәуреннен, 2014 жыл»-деп жазып қойыппын. Сүп-сүйкімді сәбидің осы суретті қалай сыйлағаны есіме түсті.

Сол күні жұмыстарымды бітіріп тастамақ болып кештеу қалғанмын.  Ашық тұрған есіктен кішкентай бала қайта-қайта қарағыштап жүрді. «Келе ғой»,-деп ішке шақырдым.  Ермектің ұлы екенін сырттай танимын, сондықтан сөзге тартпақ болып: «ал қане, танысып қоялық, есімің кім?» дегеніме: «Дәуренмін, балабақшадан келдім, үйге қайтуға әкемді күтіп жүрмін»-деп салмақты жауап берді.   Осы таныстығымыздан кейін  Дәурен жиі келіп тұратын.

Бірде 8 наурызға қарсы болатын, майысып қалмасын десе керек, бір бет ақ қағазды кеудесіне қос қолымен  ақырын қыса ұстап ішке енді. Сәл тұрып: «Мына суретті мен өзім салдым, Сізге сыйлауға әкелдім» дегені.    «Әдемі сурет екен, анаңа сыйласаңшы»,-дей бергенімде: «Жоқ, бұл сізге, анама кейін тағы салып беремін  ғой»-деп сыйлығымды алмай қалады деді ме, бұртия қалды. «Айналайын, көп рахмет, бұл суретті сақтап қоямын»-деп разылығымды білдірдім.

Кенет, есіне бірдеңе түсті ме үстел үстіндегі қаламсапты алып бір шетіне өзіне ғана тән  жазумен әлдене жазып, қолыма қайта ұстатты. «Не жаздың?» дедім қағаздың бір шетін шыймайлап тастағанына күліп. «Дәурен» деп қолымды қойдым»,- деді маңғаздана.  Кезінде анамызға біз де осылай сыйлық жасайтынымыз есіме түсті. Жүрегім елжіреп кетті. Жанарыма  келіп қалған жасты  әрең тежедім.  Ол болса менің жаудырған алғысыма масаттанған күйде, қоштасып шығып бара жатты.

Сол сурет екен бұл. Сол кішкентай Дәурен қайда екен бұл күні деп ойладым. Тап-таза сәби жүрегімен жасаған сыйлығы бүгін де жүрегімді жылытып жіберді.