9.03.2017, 12:03
Қараулар: 44
Ауылдың аңқылдаған апалары-ай

Ауылдың аңқылдаған апалары-ай

Түске таман кәкірүкір шаруаны ыңғайлап, түкті киіз төсеген ескі сәкінің үстінде ыңылдап құрт жайып отырған Жаңылдың құлағына кенет үйдің алдыңғы қақпа жағынан әйелдердің даусы естілді.

Бала-шағаны ойынға жіберіп, іші пысыңқырап отыр еді, әйтеуір ес болатын біреу келе жатқанына өзі де қуанып кетті. «Сірә, Күләш көршім болар көптен көрінбей кеткен. Аудандағы қыз-күйеу балама барып келем деп біраз күн келмей кетіп еді. Өзін сағынып қалдым ғой» деп іле-шала қолының құртын етегіне сүртіп, үмітпен есік жаққа қарай беттеді. Сөйтсе, Күләш деп күткені құтты қонақтар болып шықты. Сыртқы қақпадан имене ішке кіріп келе жатқан қаладағы құдашасы Бақыт пен оның сіңілісі Анаргүл екен. Бұларды көргенде Жәкеңнің қуаныштан көңіл-күйі көтеріліп, жүзі жадырап сала берді.

— Апырмай, Бақытжан-ау, сен бе?- деді өз көзіне өзі сенбей.

-Сәлем бердік, апа. Қалыңыз қалай, қуаттысыз ба?-деді қос құдаша әдептілік сақтап.

-Ооой, айналайындар, қош келдіңдер! Аманбыз,- деп Жаңыл да жаны қалмай қуанып, қыздардың беттерінен сүйіп жатыр.

-Келіңдер, төрлетіңдер, қарақ-тарым, ауыл-елдерің аман ба?- деді үй жанындағы сәкіні нұсқап. Қыздар көрісіп болып, жайдары күлімдеп көлеңкедегі сәкіге жайғасып отырысты.

-Есенбіз, апа. Сіздің ауылға сіңіліміз екеуміз жол түсіп шаруаларымызбен келіп қалдық. Көлігіміз келгенше құдағайға кіріп, сәлем бере шығайық деп Анаргүл екеуміз әдейі келдік, — деді томпақтау екі беті қызарып, аққұба келген жылы шырайлы құдаша қыз — Бақыт.

-Ой, алтындарым-ай, сыйлап келіп жатқандарыңа рахмет! Арқалағандарың алғыс болсын! Көп жасаңдар, қарақтарым,- деп Жәкең алғысын жаудырып жатыр.

-Айналайындар, асықпаңдар шай қояйын. Бір келгенде әңгімелеріңді айтып, қонақ болып кетсеңдерші,- деді Жаңыл сәкінің үстіндегі құртын жинап жатып.

-Әуре болмаңыз, апа, көлігіміз екі сағатта келіп қалады. Өзіңізді көптен көрмеген соң соғып, сәлем бере шығайық деп келгеніміз ғой, — деді Анаргүл  Бақытқа қарап сәл басын иіп, «солай емес пе?» дегендей ишаралап. Мұны естіген Жаңыл лезде қыздарға бұрылып:

-Ойбай-ау, көліктерің екі сағатта келсе әлі уақыт бар ғой. Сонау алыс жерден келгенде… Оның үстіне күнде келіп те жатқан жоқсыңдар ғой, қарақтарым. «Қуыс үйден құр шықпа» деген, менің қолымнан дәм татқызбай жібермеймін,-деді қонақ келсе жайылып жастық, иіліп төсек болуға дайын қонақжай кемпір. Содан не керек, жасап отырған құрты жайында қалып Жәкең тамақтың қамына кірісіп кетті. Іле-шала қазанын көтеріп, шәйін қайнатып, дастарқанды жайнатып жіберді. Алыстан ат басын бұра келген арнайы қонақтарға деп дастарханына қаймақ-майын, құрт-ірімшігін қойып, дүкеннің кәмпитінен кем емес қайнатқан сары шекерін, мақтадай жұмсақ  бауырсағын, бүлдіргеннен қайнатқан тосабын, қымыздық салып қолдан пісірген бәлішін-бәрін-бәрін үйіп-төгіп алдарына әкелді. Көзді ашып-жұмғанша қос иығынан дем алып самаурын да ортаға келді. Оның қасына шоқ аяққа шоқ салып тас құманын және қойды.

-Ал, алтындарым, барымен тамақ алыңдар.  Қысылмаңдар. Сендер кіріп келгенде сондай қуанып, көтеріліп қалдым, қош келдіңдер, қарақтарым,-деп Жаңыл қос құдашасына күрең-қызыл шәйін ұсынды. Олар да апаларының қонақжайлығына риза болып, маңдайлары жіпсіп, терлеп-тепшіп емен-жарқын әңгімеге кірісті.

-Қалада не жаңалық бар. Бәрі тегіс аман ба?

-Шүкір, апа. Мұздай аман.

-Ойбууу, қала дегенде бір қызық есіме түседі менің,- деді Жәкең өткенді еске түсіріп, -Өткен жылы осындай жаздың жайма шуақ күнінде қаладағы қыздарыма қонаққа бармаймын ба. Бір жағынан жиендерімді көріп, көзайым болып қайтайын деп, екінші жағынан ауылдың тамағын сағынған болар деп үйдегі балалардың аузынан жырып, сары сиырдың қаймағын, ірімшігін, айранын арқама іліп, үстіме бар жақсымды, аяғыма су жаңа мәсімді кәлөшімен киіп жолға шықтым. Өлдім — талдым дегенде ит сілікпем шығып зорға жеттім қалаға. Апырмай, бес итажды үйдің басына шығам дегенше өкпем сырылдап, жүрегім дуылдап кетті. Әбден шаршадым. Екі күн төрт қабырғаға қамалып, кетер күні ауылдағы жүгірмектерге бірдеңе алайын деп қаладағы жиен балаларымды ертіп базарға шықпасым бар ма. Ішектей шұбатылған базардың ішін аралаймын дегенше арқа етім арша, борбай етім борша болды. Ми қайнайтын шіліңгір шілденің ыстығында базардың о шеті мен бұ шетін кезіп, керек-жарағымды алып, үйге келерде аялдамадан аптабозға мінгенбіз жүгімізді арқалап. Үйдің қасына жеткенде сапырылысқан қараң-құраң кісімен жағаласып түсіп, енді жеттік пе дегенде аяғыма қарасам мәсімнің бір кәлөші жоқ, масқара. Әдірәм қалғырдың  қалай сыпырылып түсіп қалғанына аң-таң болып, орта жолда санымды соқтым да қалдым. Ойбай-ау, ауылдың той-томалағына кием деп алған жап-жаңа мәсім ғой. Оны қалаға қалай қиып тастап кетемін. Дереу қасымдағы жиендерімді әлгі аптабозды қайтып келе жатқан жерінен бағып тұрып, кәлөшімді сұраңдар деп кері жұмсадым. Әйтеуір, құдайына қараған шопыр екен, жалғыз сыңар кәлөшімді балаларыма ұстата салыпты, құдай тілеуіңді бергір. Содан не басымды қатырайын, қалаға барам деп, осылай күлкіге қалғаным бар. Менің жүрген жерім осылай өзі, әлгі не деуші еді… «Кәмедия» — деп Жәкең басынан өткен оқиғасын айтып қонақтарын күлкіге қарық қылды. Өзі де рахаттана бір күліп алды. Осылай ананы — мынаны еске алып, қызыл шәйдің қызуымен әңгіме айтып отырып уақыттың зымырап өте шыққанын да байқамай қалыпты бұлар. Содан  қыздар жомарт құдағайларымен қоштасып, көліктеріне мініп, жолға шықты. Жәкең қонақтарын құр қайтармайын деп жолдорбаларына базарлық салып,  дән риза қылып шығарып салды дұғай сәлемін жолдап.

Ауылдың топырағын аспанға көтеріп, теңселе тербетіліп темір тұлпар жәйін жолмен ырғала жүйткіп келеді. Біраз жүргеннен кейін Анаргүл:

-Ай, Бақыт-ау, сен ғой манадан бері рахаттанып тамақ іштің. Мен болсам құр шәйді сімірдім де отырдым шошақтың шөлінен келгендей. Маған бір қарауды да білмейсің өзің,- деді кейістік білдіріп.

-Құр шәйі несі, құдағай дастарханға баптап, құстың сүтінен басқасының бәрін қойды емес пе,- деп таңырқай қараған әпкесіне:

– Ойбай-ау, оның бәрін қасық бермесе қалай жеймін,- деп Анаргүл мырс етіп күліп жіберді.

Ай, ауылдың аңқылдақ апалары-ай! Сөйтсе, Жәкең бар жақсысын қалдырмай ортаға қойғанымен асығыста абдырап жүріп  құдашасына  қасық беруді ұмытып кетсе керек. Оны әңгімені қарша боратып отырып өзі де, Бақыт та байқамапты. Құдағайдың сөзін бөлмейін деді ме екен, әлде ұялтқысы келмеді ме Анаргүл де жұмған аузын ашпай, құр шәйді сіміріп отыра беріпті. Ой, қызық-ай! Содан апалы-сіңілі екеуі көпке дейін езулерін жыя алмай, мәшиненің ішін қоңыраудың сыңғырындай күлкіге толтырып жіберді.

«Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді» деген бар емес пе, Жәкеңнің үйіне қонақ болып бара қалсаңыз алдымен қасық сұрауды ұмытпаңыз!

Самат Байболат