24.02.2017, 10:31
Қараулар: 95
Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді (болған оқиға)

Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді (болған оқиға)

sperma-byka-dzherseyskaya-poroda_38719ac5d763134_800x600Табиғаты ғажап сәнді ауылдың есте қаларлық оқиғалары да жоқ емес. Биылғы қыстың басындағы қызықты жайды өздеріңмен бөлісуді жөн көрдік. Желтоқсанның қары көп болғанымен, салқынның мол түскен шағында ауыл тұрғыны Қабекеңнің қашары аяқ астынан жоқ болып кетті. Дұрысы, өрістен келмей қалды. Желді күні суықтан пана іздеп желдеп кеткен болар деген мал иесі бұған онша қайғыра қоймады. Арада екі-үш күн өтті, қасқа қашардан дерек жоқ, құмға сіңгендей. Ауыл маңында болса келетін кезі болды. Жұма өткен соң іздеуін тоқтатқан Қабекең: «Семіз еді, қасекең (қасқыр) қағып кетті-ау, маған рахметін айтып жатқан шығар»,-деп ой түйді. Мал бастың садақасы. Ірі қара жоғалып, не арам өлсе қазекең ауыртпалықты алып кетеді, өзімен кетсін деп жуып шаяды. Ондайға біздің қазекең қандай шебер!
Сонымен жоғалған мал кетті деп қояйық. Қайыр. Мал іздеп ағаш арасын аралап жүрген ауылдың жас жігіті қалың ағаштың көзден таса жерінде жалғыз жайылып жүрген малға кездеседі. Тек жақындай беріп еді, зып етіп қалыңға қойып кетті, жоғалды.
Міне, ғажап! Ағаш ішінде бейне өз қорасы бар секілді. Көзге көрінбейді, байқалмайды да. Ертеңіне де жігітіміз қашарды сол жерден көрді. Ауыл ішінде малы жоғалған жанды білетін жігіт Қабекеңе тіке салды. «Қашар көрдім орманнан. Сіздікі сияқты, барып көрейік». «Қой, қайтесіңдер жоқ малды, менікі емес болар»-деп мал жоғалтушы барғысы келмеп еді, басқа жігіттер де қолқалап болмады. Машиналы, атты жоқ іздеушілер межелі жерге тез жетіп барды. Жападан жалғыз жайылған жануар секіре қашып, қалыңға кетіп барады. Қыстың әсерінен қылауланған жүні өзгергендей болғанымен құлақтағы ен өзінікі.
«Менікі! Анық менің енім. Қуыңдар, қайтар кейін!»-деп айғайлап жіберді мал иесі. Қызықтың көкесі енді басталды. Қос атпен қуғандар қалың қарда қоянша секірген қасқа қашарға жете алмай аттарын ақ сабын етті. Басын енді бұрамыз дегенше, шалт бұрылып кейін қарай ырғиды. Опырмай, мұнша ұшқыр болар ма еді?!
Ауылда өзінің бірсөзділігімен, қайрат-қайсарлығымен, адалды-ғымен мәлім Қабекең: «Құрсын, мейлі, атып тастаңдар пәлені! Сойып алармын»,-дейді ашуланып. Қыста далада мылтықсыз жүрмейтін жігіттердің бірі мылтығын қолға алды. Әйтсе де түгі жылтыраған семіз малды бірден атуға көзі қимай аспанға дүркін-дүркін тарс еткізді.
Сол-ақ екен, «қашқын» айдау жол сүрленіне түсіп алып, бүлкілге басты дерсің. Қуғын-шылар аң-таң. Сол бүлкілін бәсеңдетпеген қызыл қашар ауланы кесіп өтіп, ұядай қораға күмп ете түсті.
Ойпырмай, бұйырған кетпейді, қуған жетпейді деген осы-ау десті ауылдастар.
Малы қораға қайтқан Қабекең қуанулы, оның үстіне қашар буаз екен. Ертең-ақ бұзаулы сиыр болары хақ. Қашарын қасқырға ертерек беріп қойғанын күліп еске алатын ауыл азаматы «Қайтқан малда қайыр бар» -деп жымияды.

Адақ Танабайұлы