23.02.2017, 19:15
Қараулар: 55
Жақсының аты өлмейді

Жақсының аты өлмейді

ba24e736-6133-4797-aa1c-41fc65379109Өмір сусымалы құм сияқты. Уыстап ұстап тұра алмайсың. Өткен күндер де сол секілді, жақсылығымен есте қалған сәттерді жадыңда мәңгі сақтап қалғың келеді. Ал, қайсыбір адамдардың жарқын бейнесі ерекше есте қалатыны соншалықты, оларды келместің кемесіне мініп кетті деуге қанша жылдардың жүзі өтсе де қимайсың.

Сондай үлкеннің кішіге қамқорлығының үлгісі ретінде есте қалған тұлғаның бірі, әріптесіміз, жанашыр ағамыз – Қуаныш Ілиясұлы Баймұқанов еді.
Шыңғырлау жері негізі орыс тілі басым ауданның бірі екендігі белгілі. Өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін орталықта шығатын үнқазғаз да таза орыс тілінде жаңалық тарататын. Бірақ, ауылдағы басым тұрғындар қазақ, сөйлеу тілі қазақша, тіпті тың жылдары тыңайған жерді игеруге келіп жерсініп қалғандардың өздері де қазақшаға судай еді. Сондықтан да болар, 1990 жылдары қазақ тілінде шығатын басылым қажеттілігін айтып белгілі орындарға өтініш жасаған халық тілегі қабыл болып 1990 жылы ана тілімізде «Серпін» газеті дүниеге келіп, оның алғашқы редакторлығына Тасқала (ол кезде Каменка деп аталатын) ауданынан белгілі журналист Амангелді Үмбетәлиев тағайындалған болатын. Сол кезде бос тұрған іші де сырты да күңгірт тартып тұратын, қыста да, жазда да қабырғалары сыз соттың ғимараты редакцияға берілді. Ғимараттың жарты бөлігіндегі аядай ғана екі бөлме. Төргі бөлмеде редактор, ал кіре берісте әдеби қызметкерлер: редактордың орынбасары — Қуаныш Ілиясұлы, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Ғиыл-ман Мырзахметов, жауапты хатшы Серік Темірғазиев, радио хабарларын таратушы Сәлима Қаратауова, бухгалтер Вера Колесникова, машинистка Бәтима Едірековалардың қатарына хаттар бөлімінің меңгерушісі болып қабылдандым.
Бөлмедегі айналдырған үш столдың басына үш адамнан «қонақтап» мақалалар жазамыз, хаттарды іріктейміз, редактордың тапсырмасын орындаймыз. Аз ғана уақытта шағын ұжымдағы адамдардың мінездеріне де, өз істеріне жауапкершілікпен қарауларына да ерекше қанықтым. Әсіресе, Қуаныш ағамыздың қаламы бір сәт қолынан түспейтін еді. Зуылдатып бірдеңені жазады да жатады, жазады да жатады. Және біз сияқты жәй қаламсаппен емес, сиямен жазатын. Оны Бәтима апамыз басып үлгере алмайтын. Ағай айналадағы болып жатқан жаңалықты қалт жібермей, мақаласына арқау ететін. Тақырып қоюдың шебері еді, өңкей бір әріптерден тақырыптар қойғанда бәрі-міз қисыннан қыйыстырасыз-ау деп таң қалатынбыз. «Қоскөлбаев» та, «Жылқышиев» те болып жазатын сол аға. Ешқашан берілген тапсырмаға салғырттық танытпай, лауазымына, жасына қарамай жаяулап жалпылап бар деген жерге зулап кететін. Әрі әріптестеріне деген қамқорлығында сөз жоқ еді. Білмегенімізді жәймен түсіндіріп, қатемізді көрсе әзілге сүйеп әйтеуір, көңілімізді қалдырмауға тырысып жүретін. Газет қатталып жатқан кезде де кезектен тыс кезекші болудан қашпай, баспаханамен екі ортаға да күніне бірнеше рет қатынайтын. Адамгершілігі мен ақкөңілділігі қандай еді! Өзгенің жетістігіне қуана білетін болмысын қалай айтпасқа.
Жайлап шимайлап жазып жүр-генімді байқап қалып Амангелді аға екеуі қоярда қоймай «Орал өңіріне» бір-екі әңгімемді қолқалап жүріп жіберткенді. «Опасыз жалған» деген шағын әңгімем шыққанда алғаш көргенде сол Қуаныш аға болатын. Ертеңіне газетті жұмысқа ала келіп, бәрінен сүйінші сұрап, газеттің бір бұрышына өзінің ақ жарма тілегін жазып алып келген де сол Қуаныш аға еді. Өзінің төл тумасы жарық көргендей балаша қуанған сәті ше?
Жақсы адамдар ұзақ өмір сүрмейтіні рас болар. Ақпанның аппақ қарына оранып мәңгілік мекенін тапқан асыл ағаның өмірден өткеніне де 20 жыл болыпты. Кейде ерекше болмысты жандар туралы жазудың, еске түсіріп өткен шақта баяндаудың қиынға түсетіні рас екен. Бұл күнде бізде елуді еншілеп отырмыз. Ал Қуаныш аға жадымызда сол жарқыраған жылы жүзімен, қарттық ізін салмаған келбетімен қалды. Бұл жалған дүниеде өміріңіз қысқа болғанымен, артыңызда қалдырған ізіңіз — ұрпақтарыңыз сізді ешқашан ұмыттырмайтынына сенеміз.

Гүлшат Ботанова