11.07.2015, 6:05
Қараулар: 418
«Ауылымыздан турист арылмайды»

«Ауылымыздан турист арылмайды»

5


Мейрамбек Аққалиев, Бөкей ордасы ауданындағы Орда ауылдық округінің әкімі

Құрамына Хан ордасы, Қарасу, Үштерек, Сейітқали, Макар сықылды елді мекендер кіретін Орда ауылдық округінде бүгінде 747 түтін, 3172 тұрғын бар. Жылына орта есеппен 53-56 сәби жарық дүниеге көрініп, шүкір, ауылдастарымыз табиғи өсім есебінен көбейе түсуде. Ауыл-аймағымызда қазақ халқына қоса, татар, орыс, грек секілді ұлт-ұлыстардың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ұлты өзге отандастарымыздың бәрі де мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Өз басым ауылдастарымның ынтымақты өмір сүріп, адал еңбекпен өздерінің ырыс-ырыздығын еселей түсуін Елбасының жасампаз саясатын нақты қолдау деп түсінемін.


Облыс орталығы Орал қала­сынан 550 шақырым, аудан орта­лығы Сайқыннан 55 шақырым қа­шықтықта қоныстансақ та, Орда округінде дәрігерлік амбулато­­рия, бірнеше мектеп пен кітап­­ха­­на, мәдениет үйі, клуб, музей се­кіл­­ді мәдениет ошақтары, пошта-бай­ланыс, сондай-ақ өрт сөндіру, орман шаруашылығы мен малдә­рігерлік салаларының жергілікті мекемелері тұрақты жұмыс істейді. Бұл мекемелердің қай-қайсы­­сы да қажетті мамандармен то­лық қамтылған. Мәселен, дәрігер­лік амбулаторияда штаттық кесте­ге сәйкес 17 медқызметкер ең­бек етіп, ағымдағы ем-домды айт­па­ғанда, 15 кісілік күндізгі ста­цио­нардың жүйелі жұмысын қам­та­масыз етуде.

Жалпы жер көлемі 102 790 гектарды құрайтын Орда ауылдық округінің аумағында 133 шаруа қожалығы бар. Төрт түлігіміздің де саны әжептәуір. Мәселен, 18 мыңнан аса ірі қарамыз, 16 мың­ның үстінде қой-ешкіміз, 6 мың­ға жуық жылқымыз және 750-ге тарта түйеміз бар. Шаруа қо­жалықтарының басшылары төрт түлікті асылдандыру мәселесін күн тәртібінен түсірген емес.

Ел ішінде, халық арасында біз­дің өңір Нарын құмы деп аталатыны мәлім. Осы құм ішінде оты­рып-ақ, «Қалауын тапса, қар жа­нар» дегендей, біздің округ бойын­ша 237 отбасы бау-бақша баптап, бағ­бандықпен айналысады. Ал 45 ауыл­дасымыз шағын кәсіпкерлік­­ті өрістетіп отыр. Ретті жерінде және бір айт­па­ғым, бар­ша іскер ауылдасымыз ауыл-аймағымызда өтетін мә­­де­ни-спорт­тық шаралар мен қа­йы­­рым­­ды­лық акциялары­­­на бел­сен­ді ат­са­лысудан ешқа­шан жаңылған емес.

Ауылдастарымның жасампаз еңбегінің нәтиже­сін­де жергілік­ті салық түсімі де ұл­ғая түсу­де. Мы­салы, 2013 жылы Орда окру­гі бо­йынша 262 854 тең­ге салық жинал­са, былтыр, яғ­ни 2014 жы­лы қазы­на­ға 296 427 теңге салық­тық түсім құ­йыл­ды. Жергі­лікті са­лық түсі­мі­нің мо­ла­юына ту­ризм саласы­ның өр­кен­­де­уі оң ық­пал етуде.

Біздің ауылымыздан, яғни Орда ауылдық округінің орталығы Хан ордасынан сәуірден желтоқсан айына дейін турист арылмайды. Сөзіміз құрғақ көрінбеуі үшін тағы да статистикалық мәліметтерге жүгінейік. Бөкей ордасы тарихи-музей кешенін көруге 2013 жы­лы 13510 турист келсе, былтыр атал­мыш кешенді 14720 турист та­ма­шалады. Ал биылғы жылдың алғашқы алты айының өзінде 6900 турист біздің ауылдың топыра­ғы­на табан тіреп үлгерді. Міне, осы­­лайша туристер толқынының үдей түсуі біздің ауыл-аймақта қо­ғам­дық тамақтану, тұрмыстық қыз­мет көрсету және қонақүй биз­несінің қанат жаюына оң ықпал етуде. Осы сөзіміздің айғағындай осыдан бірер ай бұрын Мейрамгүл Забесова «Жаннұр» шайханасын ашты. Мұнда арақ-шарап, темекі-шылым дегендер мүлдем сатылмайды. Есесіне ас, қуырдақ, палау, кәуап секілді құнарлы тағамдар мен қымыз, шұбат секілді шипалы ұлттық сусындар, қаймақ қатқан қою күрең шай мен бауырсақ туристердің талғамынан бек шы­ғып жүр. Таяу күндері «Рауан» шаруа қожалығының жетекшісі Се­рік Мұхамбетшин ауылдық округ­тің орталығы Хан ордасы ауы­лын­да 150 кісіге арналған мешіт пен 400 кісілік тойхана ашпақ.

Бөкей ордасы тарихи музей кешенін көру үшін келушілердің қатарында өзіміздің облыстың тұр­ғындарына қоса, атыраулық ағайындар, сондай-ақ Ресейдің Мәс­кеу, Астрахан, Волгоград, Саратов қалаларынан туристер жиі келеді. Тіпті 2007 жылы Жапония­ның Хоккайдо университетінің профессоры Уямо Томохиконың біздің музейлік кешенге арнайы ат басын бұрғаны бар. Ал енді Әбіш Кекілбаев, Ақұштап Бақты­ге­рее­ва, Қайрат Жұмағалиев, Әб­­сат­тар қажы Дербісәлі секілді байтақ ел­ге, алты алашқа танымал тұлға­лар мен Қырымбек Көшер­баев, Ерәлі Тоқжанов, Гүлшара Әбдіхалықова сынды мемлекет қайраткерлерінің Бөкей ордасы тарихи музей кешенін тамашалап, кешен қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға беруі – біздің ауыл­дың үлкен-кішісі үшін ортақ мерей-мәртебе.

Қазақ тарихы­­ның дербестік ке­­зеңінің ең соң­­ғы тарауын жаз­­ған Бөкей хан­ды­ғы­ның тауқы­мет­ті тағ­дыры мен та­рих тал­қысына шыдай білген ер­жү­рек еліміздің рухани өмір­шең­дігінің тебірен­тер шежі­ресін ж­а­сақтаған мұра­жай ұжымына шын жүректен  ризамыз.

Орда кентінің тірі тарих тұр­ғындарына жарқын болашақ, сәу­летті өмір тілейміз.

Әбіш Кекілбайұлы

31.07.2000 ж.

Огромное спасибо за интересную экскурсию, за бережное сохранение истории народа!!! Очень богат край обычаями, историческими событиями и со­хранить, преумножить и главное просветить людей одна из важнейших ценностей. Низкий поклон вам за ваш труд.

Семья Григоренко,

Свердловская область,

г. Нижняя Тура

27.08.2012 год.

Я глубоко вос­­­хищен богатой ис­торией Бу­­­кеев­ской орды и замечательными экс­­понатами музея! Это поч­­­­­­ти чу­­до, что посреди степей построи­­ли кра­си­вейшую столицу хан­с­­тва, и с этой земли появи­лись столь­ко мно­­го выдающихся по­­литических, общественных, куль­турных деятелей и храбрых ба­ты­ров! Хочу выра­зить глубокое ува­же­ние основа­те­лю, дирек­тору и со­тру­дни­ком музея!

Уяма Томохико,

профессор университета

Хоккайдо, Япония

31.08.2007 г.

(Бөкей ордасы тарихи музей кешенінің лебіз-пікірлер кітабынан)

Зинур УРАЗГЕЛЬДИЕВ,

Хан ордасы ауылының тұрғыны:

— Қазақ пен татар бір тамырдан шыққан халықпыз ғой, қыз алып, қыз берісіп, тату-тәтті өмір сүрудеміз.

Осы Орда ауылында дүниеге ке­ліп, осында білім алып, орта мектепті тәмамдап, Отан алдындағы боры­шымды өтеп, туған ауылыма қайтып оралып, пошта жүйесінде біраз жыл еңбек еттім.

Қазақтың Әлия атты қызымен отасқаныма 32 жыл болды. Надия, Сания, Эльдар атты ұл-қыз сүйіп, оларды тең құрбысынан кем қыл­май жеткіздік.

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қазақ елінде отандас­та­ры­мыздың бірлігі беки түсіп, берекеміз еселене берсін!

Андрей ФЕДОРИДИ,

Хан ордасы ауылының тұрғыны:

— Менің ұлтым орыс болғанымен, қазақ елі мен үшін ыстық, өйткені осы Нарын құмында менің кіндік қаным тамып, осы киелі жердің ба­йырғы тұрғындарына біржола бауыр басып кеттім. Әкем орыс, анам грек болса да, өзімді қазақ санаймын.

 Қазақтың қолаң шашты, қарақат көзді Гауһар атты қызына сырға салып, шаңырақ көтеріп, отау құрғаныма 3 жыл болды, Денис атты ұлым, жақсы көретін жұмысым бар.

Отбасымда қазақ, орыс және грек халқының тағамдарын да­­йын­дауға үлкен мән береміз.

Өзге ұлттардан, соның ішінде қазақ бауырлардан дос-жаран, тамыр-танысым көп. Өз басым өзге ұлт өкілі ретінде ынтымағымызды нығайтып, ырысымызды молайтар шараларға белсенді атсалысу­дан еш жалыққан емеспін.

Беттің материалдарын дайындаған

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ