11.07.2015, 6:03
Қараулар: 6
Жәнібектегі жасампаз еңбек

Жәнібектегі жасампаз еңбек

3


Бауыржан Қарашев Жәнібек ауылының орталығынан 2004 жы­лы «Қараш» шаруа қожалығына қа­расты шағын мал сою нысанын ашқан болатын. 2009 жылға де­йін ауыл тұрғындарына өз қыз­ме­тін ұсынып келген кәсіпорын сол жылдары шетел асып келген арзан еттердің нарықты жаулап алып, отандық өнімдерді шетке ысырған нөпірі кезінде бәсекеге төтеп бере алмай, жұмысын тоқ­татқан еді. Алайда біразырақ жылдан соң мемлекетіміздің ша­­ғын және орта бизнесті қолдау сая­саты осы нысанның бағын ашты. Бауыржан Бақтыгерейұлы несие­ге қол жеткізуінің арқасын­да кә­сіпорын жұмысын жандандырып, етті өң­дейтін жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, бүгінде қарамағындағы үш адаммен жұ­мыс істеуде.


— Малды сойып, етін өңдеп, сақтап, сату жұмыстарын қолға алып отырмыз. Орал қала­сы­нан етті бөлшектеп сататын дү­кен ашуды жоспарлап, қазір со­ның құ­жатта­рын реттеудемін. Бір мез­гілде 50 бас малды соя аламыз. Алдағы уа­қытта кәсіп­­орын жұмысын өріс­тетіп, 20 адам­ды жұмыспен қам­тысақ де­ген жос­парымыз бар, — дейді Бауыржан Қарашев.

Алмаз Нысанбаев — 2007 жыл­дан бастап отбасымен кәсіпкерлік­­­ке түрен салған жас. Анасы Сәу­ле 2010 жылы өз атынан ауылдың көр­нек­ті жерінен дүкен ашып, «МНМ Орал» ЖШС және АШҚКК-ден несие ал­ды. Бүгінде заманауи үлгі­дегі дү­ке­н халыққа тиімді қызмет көр­се­туде. Қаржы саласы мен заң­гер­лік мамандықты қатар игерген Алмаз 2011 жылы өзінің «Жас­ми­на» жеке кәсіпкерлігін ашқан бо­ла­тын. Аудандық кәсіпкерлік бө­лі­мі­нің басшысы Наталья Сажина Алмаз туралы бізге былай деді: «Жі­герлі жігіт қазіргі күні Жәні­бек ауылында супермаркет құ­ры­­лы­сын жүргізуде. Оның жалпы кө­лемі 290 шаршы метрді құрай­­ды. Құрылыс нысанында бес адам жұ­­­­­мыстануда. Алдағы уақытта 12 адам­ды жұмыспен қамтымақшы».

Құрылыс жүріп жатқан ны­сан­ға барғанымызда жұмысшы Қуаныш Жұмағалиев: «Ылғалға,  құрғақшылыққа төзімді заманауи материалдармен қабырғаны қаптау жұмыстарын аяқтадық. Қазір еденге өрнектас жапсырудамыз. Жалақымызға көңіліміз толады, уақтылы алып отырмыз»,  – деп жұмыс барысынан хабардар етті.

Таяуда ауданымызға іссапар­­мен келген облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиев аталмыш құрылыс алаңында болып, осындай бірегей жобаны Жәнібек ауылында жүзеге асыруды қолға алған жас кәсіпкерге сәттілік ті­­леп, жаңалыққа жаны құштар жас­тар­­ды мемлекетіміздің әрдайым қол­­дап отыратындығын атап өтті.

Меңдігүл ҒАРИФОЛЛАҚЫЗЫ,

Жәнібек ауданы