11.07.2015, 6:00
Қараулар: 4
Саябақтағы сәнді кеш

Саябақтағы сәнді кеш

4


Өткен бейсенбі күні, кешкілік Жәнібек аудандық мәдениет және демалыс саябағында аудандық ардагерлер кеңесі мүшелерінің және аудандық мәдениет үйінің қызметкер­лерінің қатысуымен «Домбыра – Partу» ұлттық өнер ұлықталған шара өтті.


Осы кешке қатысқан ауыл ақ­сақалдары Мертен Кенжеғалиев, Бекет Әліпқалиев қазақтың өнер десе ішкен асын жерге қоятын халық екенін айтып өтіп, ұлттық өнерді жастарға насихаттады. Кеш барысында ауданымыздың белгі­лі әншісі Тамара Кафарова халық әндері «Беу-айдай», «Жылқы ішін­де ала жүр», «Бүлдірген», «Ал қызыл тас» әндерін нақышына келтіре орындап, көпшілікті бір серпілтті. Жерлесіміз, домбырашы, күйші Шынтемір Рамазанов Махамбеттің «Жұмыр-Қылыш», «Өкініш» күйле­рін күмбірлетсе, ақын, сазгер Жақ­сылық Бисенғалиев өз туындысы «Біздің жақтың қарттары», «Ауылым – дала бесігі» әндерін әуелетті. Сонымен қатар тағылымы мол кеш­те ардагер спортшылар Ғайнуш Дигетаев пен Қадер Орақаев дой­бы мен шахмат ойнап, аудан жас­тарына адам баласының ойлау қабілетін арттыратын ойынның шебер үлгісін көрсете білді.

Арайлым КЕСЕКОВА,

Жәнібек ауданы