10.02.2020, 11:13
Қараулар: 17
Шайқастарда шыңдалған 

Шайқастарда шыңдалған 

Осынау ардагерді удандағы жиындарда көрген сайын өзіндік болмысына, мінез-құлқына, жинақылығына тәнті болатынмын. Кейде тік, кейде жаймашуақтанып қалатын ардагер қартпен бірнеше мәрте тілдесудің сәті түскен еді.

Есқали Сауғабаев Ұлы Отан соғысына өз еркімен сұранып, 19 жасында аттанған екен. 35 дивизияның 111 атқыштар бөлімінде көздеуші болады. Кривой Рог, Яссы, жалпы Украина, Молдавия, Румыния жеріндегі шайқастардың бел ортасында болған майдангер. «Бөлімдегі үш қазақ жұбымыз жазылмаушы еді. Бір шайқаста бір жолдасымнан айырылсам, екінші бір ұрыс барысында екінші қаруласымның қолын жақын жерден жарылған минаның білегінен жұлып алып кеткенін өз көзіммен көрдім»,-деп еске алған еді майдангер. Сол шайқаста өзі де оң қолынан жараланыпты.

Әйгілі Днепр өзенінен жүзіп өтерде техниканы, қару-жарақты  аман сақтап өткендерге Бас қолбасшы Сталиннің «Кеңестер Одағының Батыры» атағын беру туралы бұйрығы болыпты. Сол шеті мен шегі жоқтай  көрінетін, тұңғиық та қап-қара болып қорқыныш ұялататын судан Есқали да жүзіп өтіп, пантонды көпірді жарқабаққа шығып қорғап тұрады. Көпірді бомбылауға ұшып келе берген жаудың ұшақтарын көздеп атып, жанқиярлықтың үлгісін көрсетіпті. 4  пушкамен қорғанған олар мүлде шегінбеген, ал жаяу әскерлерге кей-кейде амалсыздан шегінуге тура келетін. Өйткені, бас көтергізбейтін қарша бораған оқ, әлсін-әлсін қара жерді қопара жарылатын снарядтар қарға адымды мұң қылады. Ал кеңес әскерлерінің де немістерге есесін жібермей баталоьнымен жойған кездері де аз емес  еді.

Осындай Яссы-Кишенев бағытындағы кезекті бір жан алысып, жан беріскен шайқаста ардагер қатты жараланады. Есін жиып, көзін ашса денесінің сау-тамтығы жоқ. Көмекке келген медбикелер оны зембілге салып,  жаудың оғынан қорғана жүріп, майдан даласынан алып-шығып, ат-арбамен Бух деген жердегі далалық госпитальға алып келіпті. Осы жердегі хирург оның жағдайын көріп, басын шайқаған екен. Сол аяғы мен оң қолындағы жарықшақтарды алып, ота жасайды. Күн ыссы, әлдеқайдан дерің бар ма, жараның аузы ұшынып, іріңдеп, құрт түссе керек. Содан дәрігерлер қызуы көтеріліп, сандырақтаған оның өмірі үшін күресіп, оң қолын қарынан кесіп тастамаққа ұйғарысады. Бірақ есі кіресілі-шығасылы Есқали мұны естіп,  мүлде келісімін бермейді. Емді одан әрмен жалғастыру үшін Е.Сауғабаевты Бельцтегі емханаға екі қанатты ұшақтың қанатының астына зембілмен шындап байлап жеткізіпті. Тиісінше ем алған ол ақырында мүгедек деп танылып, 1944 жылы елге оралады.

Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Есқали Сауғабаев «Отан соғысы», «Ерлігі үшін», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің, «Жеңіс үшін, «Германияны жеңгені үшін», «Жуков» т.б. медалдарымен марапатталыпты.

Шайқастарда шыңдалған,  өлім көріп кектенген, өмір үшін қайрат танытқан майдангер қарт бейбіт кезде де адал қызмет етіп, ауыл-аймаққа, ұрпақтарына өнеге бола білді.

Ауданымызда соғыстың соңғы солдатын өткен жылдың соңында мәңгілік мекеніне шығарып салдық. Әйтсе де, олардың жүріп өткен ерлік жолдары тұрғындардың, ұрпақтарының жадында мәңгілікке сақталып қалғанында сөз жоқ.  Біз бүгін бес жылға созылған сол соғыстың ардагерлерінің қай-қайсысын да батырға балауымыз керек. Осынау бейбіт өмірді бізге жақындату үшін қасық қаны қалғанша қорғап, жас өмірлерін құрбан еткен олардың алдында мәңгілік қарыздар екенімізді естен шығармалық.

Гүлшат Ибрагимқызы